Қаржы • 22 Ақпан, 2023

Қор нарығы теңгені қоңдандыра ма?

278 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл басталғалы екінші деңгейлі банктер мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына ерекше ықылас таныта бастады. Қаржы сарапшылары осыған дейін қор, инвестиция нарығындағы ойыншылардың банкпен немесе банктердің олармен интеграциялануға ықылас танытқан кезі аз болғанын айтады. Ең алғашқы белгі 2010 жылдан бері қазақстандық нарықта жұмыс істеп келген «Freedom Holding Corp» тобының шағын ғана «Банк Kassa Nova» АҚ-ны Forte Bank-тен сатып алған кезінде байқалды. Бірер жыл өткенде ол «Банк Фридом Финанс Қазақстанға» айналды. Қазір біздің елде 16 банктің бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар.

Қор нарығы теңгені  қоңдандыра ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сарапшылардың айтуынша, коммер­ция­лық несиелеудің облигациялар шы­ға­ру­дан түбегейлі айырмашылығы – ашық­тықта. Қазір ірі коммерциялық банктер жеке клиенттерге өздерінің енші­лес брокерлік компаниялары ар­қылы бағалы қағаздарға инвестиция­лауды ұсына бастады. Сарапшылар мұндай мәмілелердің бағалы қағаздар нарығында шағын инвесторлардың өсуіне ықпал ететінін ашық айтып жүр. Екі сегмент арасындағы байланысты да жеделдеткен осы фактор. Себебі дамыған елдердегі банк жүйесі англосаксондық және роман-германдық модельмен жұмыс істейді. Англосаксондық жүйе қор биржасының жұмысын шектеп тас­тайды, ал роман-германдық жүйе қор биржасымен интеграцияланып жұмыс істейді. Біздің елдегі банк жүйесінің жұмысы англосаксондық жүйенің сауатсыздау формасына көбірек ұқсап келді. Ендігі беталыс роман-гер­ман­дық жүйеге қарай ойыса бастады.

Өткен жыл нарықтың осы сегментінің табыстылығын және тәуекелден жоғары тұратынын дәлелдеді. Былтыр теңгенің тұрақтылығына әсер ететін қандай да бір факторлар айқындалмады. Таратып айтқанда, теңгеміз үп еткен желдің алдында иіліп, бір қуантып, бір мұңайтып барып жыл есігін жапты да, жаңа жылдың алдында ес жиып қалғандай ыңғай танытты. Биржада доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 448 теңгеге дейін түсіп кетті.

Сарапшылар теңгеге әсер ететін фак­тор­лардың көптігі оның бағасын нарық заңымен реттеуге ырық бермей кететінін көптен айтып жүр. ІЖӨ-дегі ШОБ-тың үлесі, ЕАЭО-ның сауда айналымындағы үлес теңгеміздің жолын іштен шалса, сыртқы нарық, шикізат, одан қалса құбылмалы жағдайға еті өліп жатқан шикізат ресурстарының бағасы сырттан шала бастады. Сыртқы сауда серіктестеріміздің валюталарына қатысты теңгеміздің нарықтық орташа құны бір жыл ішінде аздап төмендеді, бірақ есесіне халықаралық резервтеріміз өсті. Ұлттық банктің жалпы халықаралық резерві өткен жылы 2 пайызға өсіп, 35,07 млрд доллар деңгейіне жетті. Бұл фактор Ұлттық қордағы активтердің валюталық сегментінің өсуіне мүмкіндік берді. Нақтыласақ долларлық активтер 3,75 млрд-қа өсіп, 14,58 млрд долларға жетіп бір-ақ тоқтады. Осы жылдың басында алтынмен сақталған активтер көлемі 13 пайызға азайып, нарықтық құны 20,49 млрд доллармен шектеліп қалды. Алтын активтерінің төмендеуі металдың сыртқы нарықтарда сатылуымен және алтынға әлемдік бағаның төмендеуімен байланысты болғаны Ұлттық банк ұсынған деректерде айтылған. Жалпы, елдің халықаралық резерві өткен жылы шамамен 89,7 млрд доллардан 90,8 млрд-қа өсті.

Қаржы талдаушысы Әнуар Үшбаев бізбен әңгімесінде теңгеміздің жыл басынан бері ес жиып қалуына осы фактор себеп болуы мүмкін екенін, бірақ оның бәрі уақытша екенін айтады. Сарапшының пайымдауынша, инфляцияның жағымсыз әсерін табысы инфляция деңгейіне индекстелген бағалы қағаздар арқылы еңсеруге болады. Біздің елімізде индекс­телген қор құралдары нарығы біраз уақытқа дейін төмен деңгейде. Бұл ин­фля­цияның бағалы қағаздар нарығына кері әсерін тигізіп келді. Қазір қор нарығы мен қаржы секторының проб­лемасын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Проблема – ортақ. Инфляция кері шегінген жоқ. Дамыған елдердегідей емес, қор нарығының кері шегінуі біздің елде дүрбелең тудырмады. Портфельдік инвестицияның шектеулі дамуы экономиканы қосымша катаклизмдерден құтқарды. Біздің экономикадағы флаг­ман­дардың инвестициялық тартым­ды­лығы қазір сын көтереді деп ешкім айта алмайды. Өткен жылдардағы дағдарыс кезінде инвесторлардың қазақстандық активтерге жылдам алыпсатарлық объек­ті ретінде қарайтыны сезіліп қалды. Ком­панияларымыз ашық акция нарығы арқылы қаражат тартуды қажет деп санамады. Бұл міндет ЕДБ-ның үлесінде деген көзқарас нарықты билеп-төстеді. Экономиканы бірігіп қаржыландыруға банктер де ниет танытқан емес. Жеке­мен­шік бизнесті мұндай жағдай қанағат­тан­дырған жоқ.

Сарапшының айтуынша, елде ши­кі­заттық экономика сегментінде ин­вес­тициялық жобалар пайда болған кезде ғана жағдай өзгереді, біз соған жа­қын­дап келе жатырмыз. Себебі банк­тер бағалы қағаздарды сатып алу тетіктерін цифрландырып, инвестициялау үдерісі жеңілденді. Осының нәтижесінде, 2022 жылы IPO нарығындағы қосалқы шоттар 4,3 есе өсті. Мысалы, 2018 жылы АІХ биржасындағы сауда көлемі 8 млн доллар, эмитеттер саны 12 болса, 2022 жылдағы сауда көлемі 173 млн доллар, эмитеттер саны 85-ке дейін өсті. КАSЕ Global шетелдік бағалы қағаздар секторына бағалы қағаздардың 52 түрі енгізілді. Сарапшылар дерегіне сүйенсек, 2022 жылдың бірінші жартысында елдегі акциялар нарығы 27,2 пайызға төмендеді. Екінші жартысында жергілікті акциялар нарығында индекстің қалпына келуі, өтімділіктің қайтарылуы байқалды.

Қор нарығының ішкі нарықтағы тартымдылығы артқан сайын теңгенің нарықтық құны да, тұрақтылығы да артады.

Бизнестегі жаңа жобалар ұлтық ин­вес­торлардың қатысуымен қаржы­лан­ды­рылады. Үкімет қор нарығына халықты орта табыс тұзағынан алып шығатын мүмкіндік деп қарап отыр. Өйткені Қа­зақ­стан әлемдік нарықта өз бағасын ор­ната алмайды, биржада қалыптасқан бағаны қабылдаудан өзге жол жоқ. Тә­уелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың сөзі­мен айтқанда, реформалардың аяғын шалатын кедергілерді жою – экспорттық шикізаттарымыздың позицияларының күшеюіне, жай шикізаттан күрделі өнім жасауға өтуімізді қамтамасыз етеді. Оли­гар­хиялық топтардың монопо­лия­сын жою – кәсіпкерлерге бұрын бос болмай келген жаңа нарықтарға, сол ар­қылы әлемдік қор нарығына жол аша­ды.

Соңғы жиырма жыл бедерінде қаржы нарығында банк секторы үстемдік құрды. Ал өткен жыл банк секторының қор нарығымен интеграциялануға ықылас танытқанымен есте қалды. Оған себеп – халық қор нарығының не екенін біліп, артылған қаржысын банк депозитіне сала бермей, ұлттық компаниялардың акциясын сатып алуға да ден қоя бастады. Оның үстіне интернет желісі сапасының артуы, цифрлық технологиялардың жедел кіріге бастауы қор нарығының дамуын жылдамдатты. Қазір қазақстандық компаниялар ұсынып отырған акциялардың инвестициялық тартымдылығы артып келеді.

«Қазір инфляцияның беті қай­та­­ты­ны белгі­лі болып қалды. Сондай-ақ мұнай баға­сының Үкімет болжаған дең­гей­­ден төмен болуы да әбден мүмкін. Сон­дықтан биыл да тұтыну тауарлары мен қызметтерінің қымбаттауы көп тал­қы­­ланатын тақырыптардың бірі болып қала береді. Демек, қазақстандық ком­па­ниялардың банк көмегіне жүгінбей, қор нарығымен интеграциялану үдерісі те­реңдей береді. Қаржы секторындағы биыл­ғы басымдық – роман-германдық жүйе», дейді қаржыгер Ілияс Исаев.

Қор нарығының нарықпен интеграциясы теңгенің нарықтық құнына қалай әсер ететінін осы жылдың алғашқы жартысында білетін боламыз.

 

АЛМАТЫ