Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметі бойынша, активтер құрылымындағы үлесті әлі де бағалы қағаздар (83,2 пайыз) алады. Олардың көлемі 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 765,1 млрд (+120,6 млрд теңге) теңге болды.
«Міндеттеме көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 17,1 пайызға (+108,8 млрд теңге) ұлғайып, негізінен өмірді сақтандыру шарттары бойынша орын алмаған залалдар резервін ұлғайту есебінен (+60,1 пайыз немесе 64,6 млрд теңге) 745,9 млрд теңгені құрады. Сектордағы шоғырлану әлі де қалыпты: активтер бойынша өмірді сақтандыру нарығының 71 пайызын үш ірі компания еншілеп тұр. Халық-Life, Nomad Life және FFLife. Бұл ретте активтердің бір жылдағы ең елеулі өсімін ЕСК және KM Life талаптары көрсетті», делінеді қауымдастық зерттеуінде.
Бірақ бір жыл ішінде сақтандыру сыйлықақысы 0,8 пайызға төмендеген (-33,7 пайыз немесе 46,3 млрд теңге). Бұған аннуитеттік сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемінің қысқаруы себеп болған. Алайда жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру (+67,5 пайыз немесе 28,5 млрд теңге) және өмірді сақтандыру (+5,7 пайыз немесе 10,1 млрд теңге) бойынша сыйлықақының өсуі бұл төмендеуді ішінара теңестіруге мүмкіндік берді дейді сарапшылар.
Жалпы, өмірді сақтандыру (+35,9 пайыз), аннуитеттік сақтандыру (+11,9 пайыз) және жазатайым оқиғалардан сақтандыру (+96,1 пайыз) бойынша төлемдердің ұлғаюы есебінен төлем көлемі 22,1 пайызға өскен. Нәтижесінде төлемдердің сыйлықақыға арақатынасы 2021 жылмен салыстырғанда 9,3 пайыздан 11,4 пайызға дейін жоғарылапты.
«Сақтандыру қызметінен түсетін кірістердің төмендеуіне қарамастан (-1,8% немесе 6,5 млрд теңге), сектордың 2022 жылғы таза кірісі бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістердің өсуі (+33,1 пайыз немесе 17,0 млрд теңге) және комиссиялық сыйақы төлеу жөніндегі шығыстардың қысқаруы есебінен 64,0 млрд теңгені (+36,7 пайыз) құрады (-31,5 пайыз немесе 30,2 млрд теңге). ӨСК нарығы бойынша меншікті капиталдың рентабельділігі аздап төмендеді – меншікті капитал құрылымында бөлінбеген пайда көлемінің ұлғаюы салдарынан 34,0 пайызға дейін (2021 жылы 36,2 пайыз)», делінеді қауымдастық хабарламасында.
Жалпы алғанда, сақтандыру сыйлықақысы былтырдың деңгейіне жеткен. Егер 2021 жылы өсім аннуитеттік сақтандырудың «бумымен» (+77,0 пайыз) қамтамасыз етілсе, онда 2022 жылы қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (+67,5 пайыз) және өмірді сақтандыру (+5,7 пайыз) бірінші орынға шыққан.
«ӨСК-ге 2022 жылдың шілдесінде қабылданған заңнамалық өзгерістер қолдау көрсетті, оның негізгі сәттерінің бірі сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту болды. Мәселен, қазақстандық нарықта алғаш рет мемлекеттің субсидиясы бар білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі пайда болды. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың өмір бойы төлемдерін қамтамасыз ету үшін олардың зейнетақы жинақтарын біріктіру мүмкіндігі көзделген. Халықтың сақтандыру өнімдеріне деген сенімін арттыру мақсатында төлем кепілдіктерін және дауларды реттеуді қамтамасыз ететін инфрақұрылым реформаланды. Сақтандырылушыларға сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызы бар сыныптары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының толық кепілдігі берілді», деп жаңашылдықтарды тізбелеп өтеді қауымдастық.
Сарапшылар биыл сақтандыру нарығы үшін серпіліс жылы болады деп күтеді. Себебі, сектордың бұрынғыдан да қарқынды цифрлана түсуі, азаматтардың қаржылық сауатының артуы және саланы бәсекеге қабілетті ету мақсатында жасалып жатқан оң бастамалар жаңа және жайлы өзгерістерге бастауы тиіс.