Қазақстандық қайырымдылық қорларын бірнеше түрге бөлуге болады: қайырымдылықты дамыту, әлеуметтік жобалар, денсаулық сақтауды, мәдениетті және білім беруді қолдау, балаларға көмек, аз қамтылған отбасыларға көмек, заңгерлік және әлеуметтік көмек, қарттарға көмек, жануарларға көмек. Олар меценаттардың, қамқоршылардың қаражаты есебінен істеп тұрады.
23 ақпанда Астанада «Bolashak Bright» қайырымдылық платформасының тұсаукесері өтті.
«Кеше, 22 ақпанда біздің қорымызға 12 жыл болды. Осы уақыт аралығында біз елімізде қайырымдылықты жүйелі түрде дамытып келеміз. Соңғы жылдары біз басқа қорлардың жүйелі дамуына қалай көмектессек, оларға қалай қолдау көрсетсек деп жиі ойланатынбыз. Біз қайырымдылық мәдениетін дамыту жолындамыз. «Bolashak Bright»-тың арқасында жанашыр азаматтармен бірлесіп тамаша жобаларды қолдай алатынымызға сенімдіміз. Жобаның артықшылығы – әрбір қайырымдылық жасаушы бағалы сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие болады», деді «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Тұсаукесерге жобаның ұйымдастырушылары, «Ninety One» тобының мүшелері, серіктестер, қайырымдылық қорларының басшылары, блогерлер, журналистер қатысты.