Шымкентке аттанған делегация құрамына ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының және Орталық клиникалық аурухананың үздік мамандары, атап айтқанда нейрохирургтар, генетиктер, кардиохирургтар, аритмологтар, онкохирургтар және басқа да дәрігерлер кірді.
Екі күн ішінде дәрігерлер онкология, кардиология, нейрохирургия, гастроэнтерология, аритмология саласында 157 тегін кеңес өткізді. Мамандар 16 күрделі операция, сондай-ақ қазақстандық медицинаның сапасын арттыру үшін Шымкент дәрігерлеріне арналған көптеген түрлі презентациялар мен мастер-класстар өткізді. Мұндай іс-шаралар өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған, оған қоса халық арасында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Шымкентке барған дәрігерлер командасының құрамына ПІБ Медициналық Орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары, жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаев кірді. Мыңжылқы Бердіходжаев отандық эндоваскулярлық нейрохирургияның бастауында тұр. Ол - Қазақстанда алғаш рет күрделі ота жасаған мамандардың бірі. Ол сондай-ақ ми тамырларында аневризма мен артериовенозды ақауларды эндоваскулярлық емдеудің жаңа әдістерін енгізді. Оның есебінде ми тамырларына жасалған 6500-ден астам жоғары технологиялық операциялар бар.
«Күніне 13 операция жасаған кездерім де болды. Шетелдік семинарларға үнемі қатысуға тырысамын, шетелдік әріптестеріммен тәжірибе алмасамын, бірлескен операциялар жүргіземін», деді дәрігер сапар аясында.
Елордалық нейрохирург жергілікті тұрғындарға барлығы 45-ке жуық тегін кеңес беріп, бірнеше ота жасады.
«Екі науқаста интракраниальды артериялардың тарылуы болды, сондықтан біз ішкі ұйқы артериясына эндоваскулярлық стент жасадық. Үшінші науқаста ішкі каротид артериясының жарылған аневризмасы анықталды. Үлкен қан кету болды. Біз оны қан тамырларына толтырдық, яғни эмболизация жасадық. Барлығы сәтті өтті. Бұл жоба аймақтық дәрігерлер үшін өте пайдалы болмақ. Мысалы, кеше біз интракраниальды стенттерді қолдандық. Стент - зақымдалған тамырдың қабырғасын ұстап тұруға және оның люменінің диаметрін сақтауға арналған тамырішілік протез. Оның көмегімен біз 89 жастағы науқасты емдедік», деді Мыңжылқы Бердіходжаев.
Айта кетсек, «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» аясында Қазақстанның түрлі өңірлерінде тәжірибе алмасу іс-шаралары өтіп жатыр. Өзара тәжірибе алмасудың арқасында көптеген медицина қызметкерлері біліктілігін арттырып, күрделі оталарды жүргізуге қабілетті дәрігерлер саны көбейіп келеді.