Бұл халық әніне пара-пар әйгілі туынды. Анығын айтсақ, Мәриям Жагорқызының ғашықтық жыры. Қазақшаға судай, домбыраны да жақсы тартатын орыс қызының Дудар (кейбір деректерде Дүйсен деп айтылады) есімді қазақ жігітін құлай сүйіп, ғашықтық ғаламатынан туған ән. Ғажап бір сезімнен төгілген жыр жарыққа шыққан бойда-ақ ел арасына таралып кетті. Көбі авторын білмеген соң, халық әндерінің қатарына қосып та жіберген. Кейін музыка зерттеушілері А.Затаевич пен Б.Ерзакович туындының шығу тарихын анықтады. Әйдік әнді алғашқылардың бірі болып көмейіне бұлбұл ұя салған Әміре Қашаубаев орындаған. Кейін оның негізінде поэма да, опера да жазылды. Иә, Мәриям Жагорқызының есімі дүйім қазаққа осылай танылды.
Ұлттық музей қорында сол Мәриямның айнасы сақтаулы тұр. Ағашпен жиектелген айна қолдан жасалған. Ені 29,7 см, ұзындығы 76,6 см, шынысының ені 22 см, ұзындығы 31,5 см. Аталған мұражайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жәдігерді 2017 жылы 26 желтоқсанда Ұлттық музейге Мәриям Жагорқызының немересі Қабиба Нұрбекова арнайы табыстаған. Қабиба апай әжесі айнаны көршісінің қызына сыйға берген дейді. Біраз жылдар өткен соң айна М.Жагорқызының ұрпақтарына қайтарылды.
Ал жәдігердің қазіргі қалпы ескірген, ағашы кеуіп кеткен, кірленген, шынысында дақтары бар.
Өзі де, сөзі де, әні де, сезімі де аңызға айналған әншінің таранған айнасына қарап тұрып, өзіңді көру де бір ғажап шығар.