Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Таяуда Ермахан Ыбырайымовпен сұхбаттасудың реті келді. Сол кезде осы жайтты баяндаған едім. Төрт Олимпиада жүлдегері туралы. Даңқты боксшы менің қателігімді дереу түзеді. «Біз төртеу емеспіз, біз – бесеуміз!» деп езу тартты. «Бесіншісі кім?» деп мен аң-таңмын. Ермахан «Бесіншісі – Абсент!» деп әңгімені қысқа қайырды
Ермахан
Құланнан шыққан саңлақтар арасынан Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына алғашқы болып көтерілген Жақсылық ауылының тумасы Ермахан Ыбырайымовты барша жұрт жақсы біледі. 1996 жылы Атлантадағы жарыста жартылай финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырған Ермахан дәл сол межеге жеткенде кубалық Альфредо Дювергельге есе жіберді. Нәтижесінде, қола медальді мойнына ілді. Ол кезде қандасымызға үшінші орынға тұрақтаудың өзі орасан зор табыс еді. Себебі кезінде жап-жақсы өнер көрсеткен Ермахан 90-жылдардың басында үлкен спорттан қол үзіп, білікті бапкер Тұрсынғали Еділовтің ықпалымен шаршы алаңға қайта оралды.
Сөйтіп, Олимпиадаға мықтап даярлана бастағанына бар-жоғы екі жылдай ғана уақыт болған-ды. Сол себепті де көпшілік тарапынан оның Атлантадағы қоласы «алтынға бергісіз» деп бағаланды.
Арада төрт жыл өткеннен соң ғасырлар тоғысында Сиднейде кезекті Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Сол жарыста Ермаханның асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бастапқы бәсекелерде сириялық Юсуф Массас пен венесуэллалық Хелли Янесті ұрып жыққан ол ширек финалда Хуан Эрнандеспен күш сынасты. Куба боксшысының Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, төрт дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Панамерика ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар. Сол дүлей күш иесінің өзі қазақтың қайсар ұлының қарқынына шыдай алмады. Бұл бәсеке 16:9 есебімен Ыбырайымовтың пайдасына шешілді. Жартылай финалда кейіннен кәсіпқой бокстың шоқ жұлдызына айналған әлемнің абсолютті чемпионы, америкалық Джермейн Тейлорды төртінші раундта есінен тандырған Ермахан финалда Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, румыниялық Марьян Симьонға сан соқтырып, Олимпиада чемпионы атанды.
Ермахан Ыбырайымовтың одан бөлек, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Ол басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Екі бірдей Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Қазақ елінің көк байрағын ұстап шығу құрметіне бөленді. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Қазіргі кезде Олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары, Алматы қалалық мәслихатының депутаты.
Ислам
Дәл сол Сидней Олимпиадасында Тұрар Рысқұлов ауданының Каменка ауылында дүниеге келген Ислам Байрамуковтың да бақ жұлдызы жарқырады. Бала кезінен еркін күреске ден қойған отандасымыз уақыт оза республикамыздың мықты балуанына айналды. 1993-2001 жылдар аралығында Байрамуков Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді иеленді. Азия ойындарының қола медалін мойнында жарқыратты. Орталық Азия мен Шығыс Азия ойындарында бас жүлдені олжалады.
Ислам үш Олимпиадаға қатысты. 1996 жылы Атланта мен 2004 жылы Афинада асығы алшысынан түспеді. Есесіне 2000 жылы Сиднейде жеңіс тұғырына көтеріліп, спорттық мансабындағы ең зор табысына қол жеткізді. Сол жарысқа керемет даярлықпен барған отандасымыз атақтары алысқа жайылған апайтөстерді ары да, бері де лақтырып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Финалда оның жолы Ресейдің дүлдүлі Сагит Мұртазалиевпен қиысты. Ол кезде дағыстандық балуанның даңқы дүркіреп тұрған. 1999 жылы Сагит әлем чемпионы атанса, 2000 жылы Еуропа біріншілігінде бас жүлдені иеленді. Одан бөлек, Ізгі ниет ойындары мен Иван Ярыгиннің турнирін ұтқаны тағы бар. Финалда Мұртазалиевтен жеңілген жерлесіміз жасыл құрлықтағы үлкен додадан күміс медальмен оралды.
Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Ислам Байрамуков ұлттық команданың бапкерлер құрамында болды. Жалпы, оны «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деп айтсақ та болады. Ислам Ілиясұлы күреспен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы қарашай-балқар «Бірлік» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар Ислам Байрамуковты атбегі және спорт комментаторы ретінде де жұрт жақсы біледі.
Ақжүрек
2012 жылы Лондон Олимпиадасында Ақжүрек Таңатаровтың тұғыры биік болды. Құмарлық ауылында жарық дүниеге келген ол еркін күреспен шұғылданып, бозбала шағында-ақ талантымен дараланды. Қысқа ғана мерзім аралығында аудан, облыс және республикалық жарыстарда қарсылас шыдатпай, ұлттық құрама командасының сапына қабылданды. Бірақ Ақжүректің үлкен спорттағы жолы өте ауыр болды. Елішілік додаларда қазақ балуаны ешкімге бет қаратпағанымен, байрақты бәсекелерден талайынан шет қалды. Оның орнына басқалар барды. Таңатаров Бейжің Олимпиадасы мен бірнеше әлем чемпионатынан тыс қалып, сол бәсекелерді теледидар арқылы тамашалауға мәжбүр болды.
Десек те өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында Ақжүрек көздеген мақсатына қол жеткізді. Ол Лондон Олимпиадасында қола медальді иеленді. Егер жартылай финалда жолыққан үндістандық Сушил Кумар құлағын тістеп алмағанда, алтын тұғырға да көтерілуі әбден мүмкін еді. Ол оқиғаны кейіпкеріміздің өзі былай деп еске алады: «Соның алдында ғана мен Кумарды Астанадағы турнирде ұтқан едім. Осы жолы да жеңетініме сенімді болдым. Алайда әлем және Азия чемпионы, Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар Үндістанның өкілі мені әбден зерттеп келген екен. Екеуміз біраз тірестік. Бірінші кезеңді ол өз пайдасына шешсе, екіншісінде менің мысым басым болды. Үшінші кезеңде 3:0 есебімен алда келе жаттым. Бәсекенің аяқталуына небәрі 49 секунд қалғанда ол арамза әрекетке барды. Алдында көзімді шұқығаны аздай, құлағымды оңдырмай тістеді. Мен біраз кібіртіктеп қалдым. Сол сәтті пайдаланған ол артыма шықты да, кілемнің үстінде айналдырып, бес-алты ұпай олжалап үлгерді. Мен қансыраған құлағымды көрсетіп, төрешіге шағымдандым. Ол ештеңе болмағандай сыңай танытты. Қапталдағы төрешілер де үнсіз қалды. Соның барлығын біздің дөкейлер де көрді. Бірақ ешқайсысы ләм-мим демеді. Егер олар жұлқынып шығып, әділдікті талап еткенде мен финалға шығатын едім. Ал ақтық сайыста жапониялық Тацухиро Енэмицуды еңсеретініме еш күмәнім жоқ еді».
2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында Таңатаров қола медальді мойнына ілді. Азия чемпионы және басқа да халықаралық турнирлерде топ жарды. Қазіргі кезде Ақжүрек Достықұлы Жамбыл облысы орталығындағы спорт мектебінің директоры.
Елдос
Құлан өңірінен шыққан тағы бір дүлдүл – Елдос Сметов. Жалпақсаз ауылында дүние есігін ашқан Елдос алдымен Ахмет Жұмағұловтан балуандық өнердің қыр-сырын үйренсе, бұл күндері Ғалымжан Жылкелдиевтің қол астында жаттығады. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарды тегістей ұтқаннан соң ол ересектер дуына қосылды. Бұл ретте де Сметов қалың топтың арасында қалып қойған жоқ. Бірден төрге ұмтылып, дзюдо күресіндегі аса жеңіл салмақтың тізгінін мықтап өз қолына алды.
2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпия ойындарында Елдос ливиялық Элкабиса Мұхаммед Эльхади, ұлыбританиялық Эшли Маккензи, өзбекстандық Диорбек Уразбоев және әзербайжандық Орхан Сафаров сынды саңлақтарға сан соқтырды. Финалда Ресейдің туы астында өнер көрсеткен кабардин жігіті, әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы Беслан Мудрановпен жолы қиысты. Аса тартысты өткен белдесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталған жоқ. «Голден скорда» Сметов аяғын беріп қойып, соның салдарынан жеңілістің кермек дәмін татты. Сөйтіп, Оңтүстік Америка құрлығы сапарынан қазақ дзюдошысы күміс медальмен оралды.
2021 жылы Токио Олимпиадасында Сметовтің бас жүлдені олжалауға жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде Түркияның тарланы Аққұс Михраж бен Оңтүстік Кореяның оғыланы Ким Вон Джинның аяғын көктен келтірген қандасымыз жартылай финалда үш дүркін әлем чемпионы, жапониялық Наохиса Такатодан қосымша уақытта ұтылды. Ал одан кейін Нидерландтың өкілі Торнике Цакаджоені ойсырата ұтып, қола медальді мойнына ілді.
Олимпия ойындарында екі рет жеңіс тұғырына көтерілген Елдос Сметовтің басқа да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жетерлік. Ол – 2015 жылғы әлем чемпионы, 2019 және 2022 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы және 2016 жылғы Азия чемпионы, Сондай-ақ қазақ дзюдошысы Гранд-Слэм мен Гран-при жарыстарында сан мәрте олжаға кенелді. Елдос әлі де спорттық бабында, татамиде тер төгіп жүр.
Абсент
Міне, бір ғана Тұрар Рысқұлов ауданынан Олимпия ойындарында атой салып, жеңіс тұғырына көтерілген төрт саңлақ шықты. Сол дүлдүлдер төртжылдықтың басты додаларында алты жүлде алды. Атап айтсақ, Ермахан – бір алтын мен бір қола, Ислам бір күміс, Ақжүрек – бір қола, Елдос – бір күміс пен бір қола медальді олжалады. Яғни Құлан өңірінің еншісінде Олимпиаданың бір алтыны, екі күмісі, үш қоласы, барлығы алты медалі бар. Расында да, бұл – керемет көрсеткіш!
Таяуда Ермахан Ыбырайымовпен сұхбаттасудың реті келді. Сол кезде осы жайтты баяндаған едім. Төрт Олимпиада жүлдегері туралы. Даңқты боксшы менің қателігімді дереу түзеді. «Біз төртеу емеспіз, біз – бесеуміз!» деп езу тартты. «Бесіншісі кім?» деп мен аң-таңмын. Ермахан «Бесіншісі – Абсент!» деп әңгімені қысқа қайырды.
Расында да, қалай естен шығарған екенмін. Абсент – 1952 жылы Жамбыл облысының Луговой (қазіргі Құлан ауылы) асыл тұқымды ат зауытында туған таза қанды ақалтеке тұқымдас сәйгүлік. 1956 жылы ол КСРО халықтары спартакиадасы мен 1958 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты. Мәскеуде оған белгілі шабандоз Сергей Филатовтың көзі түсті. Содан қауырт жұмыс, тынымсыз жаттығу басталды. Ақыры ерен еңбек еш кеткен жоқ. 1960 жылы Римде алауы тұтанған Олимпия ойындарында Абсентті тізгіндеген Филатов бас жүлдені олжалады. Бұл – КСРО-ның ат спорты тарихындағы Олимпиаданың тұңғыш алтыны еді. 1964 жылы Токио Олимпиадасында олар екі қола медальді иеленді. 1968 жылы Мехикода Абсент командалық сайыста күміс медальді еншіледі. Мексиканың астанасында өткен жарыстың шабандозы Иван Калита еді. Ал Абсенттің бас бапкері Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әскери көпсайыстан КСРО чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызыл ту орденінің иегері Кәрім Әсенов екенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Міне, Құлан өңірінің спорттағы жетістіктері осындай!