АСТАНА. 21 маусым. Бүгін таң алдында Бразилияда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында Эквадор командасы Гондурас құрамасын 2:1 етіп тізе бүктірді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Гондурас – Эквадор 1:2 (1:1).
21 маусым. Куритиба. «Арена Байшада» стадионы. 39 224 көрермен. Төреші - Бенджамин Уильямс (Австралия).
Гондурас: Ноэль Вальядарес, Брайан Бекелес, Виктор Бернардес, Мэйнор Фигероа, Эмилио Исагирре (Хуан Карлос Гарсия, 46), Бонек Гарсия (Марвин Чавес, 83), Луис Гарридо (Марио Мартинес, 71), Хорхе Кларос, Рохер Эспиноса, Джерри Бенгтсон, Карло Костли.
Эквадор: Александер Домингес, Хуан Карлос Паредес, Хорхе Гуагуа, Фриксон Айови, Антонио Валенсия, Освальдо Минда (Карлос Груэсо, 83), Кристиан Нобоа, Джефферсон Монтеро (Габриэль Асильер, 90+1), Фелипе Кайседо (Эдисон Мендес, 82), Эннер Валенсия.
Голдар: Карло Костли (31), Эннер Валенсия (34, 65).
Ескертулер: Виктор Бернардес (7), Джерри Бенгтсон (45+3) – Антонио Валенсия (57), Эннер Валенсия (73), Джефферсон Монтеро (80).
Бірінші турда Гондурас Франциядан талассыз жеңілсе (0:3), Эквадордың Швейцариядан ұтылуы (1:2) өкініштірек болды. Ал осы екі жасақтың бұл жолғы өзара кездесуі айтарлықтай жақсы шықты. Мұнда гондурастықтар ұтылып қалғанына қарамастан, матчтың соңына дейін қарсыластарымен қасарысып бақса, эквадорлықтар алғашқы ұтыстары арқылы үш ұпайға ие болып, топтан келесі кезеңге шығу жөніндегі үміттерінің қоламтасын қайта қоздырып қойды.
Дегенмен, Эквадор командасы үшін бұл жеңіс үлкен тартыспен келді. Сол тартысты 31-минутта есеп ашқан гондурастық Карло Костли бастап берді. Ал арада үш минут өткенде таразы басы қайта теңесті. Оны Эннер Валенсия жасады. Айта кету керек, осы матчта эквадорлық бұл футболшы командасының екінші голын да соғып, ортақ жеңісті қамтамасыз етумен бірге, турнирде дубль жасағандардың қатарына қосылды.
Алайда, оған дейін әлі біраз уақыт бар еді. Оңтүстік Америка футболшылары осы голдан кейін де біраз жортуылдарға шықты. Олар соның барысында бірнеше қауіпті айып соққыларын да жасады. Солардың бірі 43-минутта қақпадан сәл ғана қиыс кетті. Ал тайм соңына қосылған уақытта гондурастықтар гол соғып кете жаздады. Әуелі Виктор Бернардес қатты соққысымен голкипердің апшысын қуырса, артынан Карлос Костли басымен ұрған добын маңдайшаға тигізді. Ал оны қайта ұрып торға аттандырмақ болған Джерри Бенгтсон төрешінің пайымынша қолымен ойнап қойған. Сосын арбитрмен сөз таластырған ойыншы «сары қағаз» алып тынды.
Екінші таймның басында Эквадор қарқынды аттыруға тырысты. Алайда, қақпаға нақты қауіп төндіруге жете қоймады. Тек 58-минутта ғана олар сондай мүмкіндік алды. Бұл уақыттарда Луис Фернандо Суарестің шәкірттері қарсыластарынан төмен ойнады деп те айтуға болмайды. Бірақ Эквадордың жекелеген футболшыларының шеберліктері басымдылықтары байқалып тұрды. Сол артықшылық ақыры жеңіс добын да соқтырды. Ол 65-минутта Гондурас қақпасынан бір-ақ шықты.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Чемпионат.Ру.
Фото: Sportbox.ru.