АСТАНА. 23 маусым. Кеше түнде Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Корея мен Алжир командалары кездесіп, африкалықтар 4:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Корея – Алжир 2:4 (0:3).
22 маусым. Порту-Алегри. «Бейра-Рио» стадионы. 42 732 көрермен. Төреші - Вильмар Рольдан (Колумбия).
Корея: Джун Сун Рен, Ли Ен, Хон Джон Хо, Ким Ен Гвон, Юн Сок Ен, Хан Гук Ен (Джи Дон Вон, 78), Ли Чун Ен (Ли Гын Хо, 64), Ку Джа Чхоль, Пак Джу Ен (Ким Шин Вук, 57), Сон Хын Мин.
Алжир: Раис Мболи, Аисса Манди, Карл Меджани, Маджид Бугерра (Эссаид Белькалем, 89), Рафик Аллиш, Джамель Месба, Софиан Фегули, Ясин Браими (Мехди Ласен, 77), Абдельмумен Джабу (Набил Гилас, 73), Набил Бенталеб, Ислам Слимани.
Голдар: Ислам Слимани (26), Рафик Аллиш (28), Абдельмумен Джабу (38), Сон Хын Мин (50), Ясин Браими (62), Ку Джа Чхоль (72).
Ескертулер: Ли Ен (54), Хан Гук Ен (69) – Маджид Бугерра (67).
Бұл Н тобында осы кезге дейін өткен барлық ойындардың арасындағы ең қызықсыздары Ресей құрамасының қатысуымен өткен матчтар болып отыр. Бірінші турда ойналған Кореяның осы ел жасағымен кездесуі барынша сүреңсіз болып шықты. Екінші турда бельгиялықтар да жарқылдаған ойынымен көзге түспегенімен, түпкі мақсатына қол жеткізіп, 6 ұпаймен келесі кезеңге шығу мәселесін шешіп алды. Ал корейлердің Алжир құрамасымен айқасы барынша тартысты да қызықты болды.
Ойын басталғаннан африкалық арабтар өздерінің алдарына үлкен мақсат қойып отырғандарын танытып алды. Олар бірінші таймда қарсыластарын алып та жықты, шалып та жықты. Соның нәтижесінде қарсыластары қақпасына жауапсыз үш гол салып үлгерді.
Кездесудің басынан оның тізгінін қолдарына ұстаған алжирліктер таймның ортасы ауа оны голға айналдыра білді. Олардың сериялы шабуылдарының нүктесін 26-минутта Ислам Слимани қойды. Ол қақпашымен жеке-дара шыққан сәтін пайдаланып кетті. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы әбден заңды еді. Мұның артынша айып алаңына құйындай құйғытып кірген Ясин Браимидың тағы бір гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ оның соққы жасауына қорғаушылар кедергі келтірді. Дегенмен, мұны сәті ұзақ күттірмеді. 28-минутта бұрыштамадан тасталған допқа корей қақпашысы жете алмады, сосын оны Рафик Аллиш биік секіріп, қақпаға сарт еткізді – 2:0! Арада тағы бір он минут өткеннен кейін Абдельмумен Джабу әріптесі Слиманидың аяғының астына салып берген добын тордың аясынан бір-ақ шығарды. Осылайша бірінші таймда-ақ ойынның тағдыры шешіліп қалғандай болды.
Корея футболшылары екінші таймды белсенді бастады. Бұған бірінші кезеңдегі есептен кейін алжирліктердің ептеп босаңсығандары да әсер еткен сияқты. Ақырында көп ұзамай корейлер бір доптың қарымтасын қайтара алды. Алайда, бұдан кейін екі жақ доп алмасты да, негізгі басымдық сол қалпында сақталып қалды.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Чемпионат.Ру.
Фото: Sportbox.Ru.