Қоғам • 28 Ақпан, 2023

Біздің мақсатымыз – денсаулық сақтау саласын жақсарту - Ә.Қуантыров

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында «Төмен көміртекті даму: ҚР-дың 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясын енгізудің жол картасын әзірлеу үшін негізгі ойлар» атты экологиялық семинар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап. 

Біздің мақсатымыз – денсаулық сақтау саласын жақсарту - Ә.Қуантыров

Кездесу ашық пікірталас форматында өтті. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, Дүниежүзілік банктің, азаматтық қоғам мен ғылыми ортаның өкілдері қатысты. Жиында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жол картасы талқыланды. Атап айтқанда мемлекеттік саясат, алдағы шаралар және инвестицияларды тарту мәселелері қозғалды. ​

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз сөзінде атап өткендей, Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы экономиканың негізгі секторларын қамтиды. Сондай-ақ ол парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша маңызды бағыттарды айқындайды.

«Біздің мақсатымыз – көміртегі ізін азайту, экономиканың тұрақты өсуі, денсаулық сақтау саласын жақсарту және климаттық тәуекелдерді азайтудың жаңа артықшылықтарын пайдалану. Төмен көміртекті технологияларға арналған таза инвестициялар көлемі $610 млрд-қа бағалануда. Бұл жаңа нарықтардың пайда болуына және отандық өндірушілер үшін жұмыс істеп тұрған нарықтардың кеңеюіне ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандырады», деп атап өтті ол. ​

Оның айтуынша, қажетті инвестицияның жартысынан астамы немесе $386,3 млрд – бұл экономикадағы қолданыстағы және айналымдағы инвестициялар. Яғни шикізат саласынан экономиканың «жасыл» секторларына қайта бағдарланатын болады. Қалған $223,7 млрд жаңа инвестициялық ресурс болады. 

Инвестицияларды тарту, жаңа мамандықтар құру, тәжірибе алмасу үшін Қазақстан халықаралық ұйымдармен және басқа елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

«Біздің алдымызда қоғамдық денсаулықты жақсарту, энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты экономикалық өсу бойынша үлкент міндет тұр. Үкімет осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жоспарлы жұмыс жүргізуде», деді ведомство басшысы.