Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Энтони Блинкенмен кездесуі аясында тараптар екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ екіжақты саяси диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Елдер арасындағы, әсіресе ынтымақтастықтың экономикалық және инвестициялық салаларындағы қатынастардың барлық кешенін одан әрі жандандыруға үміт білдірілді.
«Күшейтілген өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктері – Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия және Адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог Қазақстан мен Құрама Штаттары арасындағы екіжақты әріптестікті нығайтуға көмектеседі», деп атап өтті М. Тілеуберді.
Мемлекеттік хатшы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларына берік қолдау білдіріп, демократиялық даму, заң үстемдігін нығайту және азаматтық қоғамның рөлін кеңейту саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендігін растады.
Энергетикалық қауіпсіздік, климаттық өзгерістер, көлік маршруттарын әртараптандыру және санкциялық шектеулер жағдайында өзара сауда саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде тараптардың мүдделерін ескеру қажеттілігі туралы өзара түсіністікке қол жеткізілді.
Қазақстандық СІМ-де Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов пен Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовтың қатысуымен С5+1 форматында жоғары деңгейдегі кезекті кездесуі өтті.
Министрлік кездесуінде экономикалық және энергетикалық ынтымақтастық, климаттың өзгеруі, сондай-ақ контртерроризмді қоса алғанда көптеген мәселелер талқыланды.
Келіссөздер нәтижесінде С5+1 елдері өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасуды одан әрі жалғастыруға келісті.
Бүгінде С5+1 тетігі Орталық Азияның көпжоспарлы дамуын қамтамасыз ету ісінде өңірлік ынтымақтастықтың тиімді дипломатиялық алаңы ретінде өзін көрсетіп келеді.