Осындайда атам қазақ «ауру – астан» деп бекер айтпаған ғой. Ал дұрыс тамақтану режімі дегеніміз – аста болатын барлық микроазғаларды, пайдалы элементтерді бойға сіңіру. Осы орайда ағзаға ең қажетті, өте маңызды саналатын витаминдердің ішінен В12 дәрумені туралы кеңірек әңгіме қозғасақ деймін.
Жалпы, В12 дәрумен не үшін керек, қызметі қандай, азғада оның жетіспеушілігіне не әсер етеді, оны қалай білуге болады және дәруменді қабылдаудың қолайлы уақыты қайсы? Бізді қызықтырған осы сауалдардың жауабын Шымкент қалалық №2 аурухананың терапевті, білікті маман Ахмет Сауранбайұлынан білген едік.
Дәрігердің айтуынша, кобаламин деген атпен де белгілі В12 дәруменінің жетіспеушілігі ағза қажетті мөлшерде қабылдамаған жағдайда туындайды. Бұл дәрумен бірінші кезекте ағзаның дұрыс жұмыс істеуі үшін керек. Егер бұл микроэлементке тапшылық туындаса, онда ол денеде, жүйке жүйесінде түрлі кеселдердің пайда болуына әкелуі мүмкін. Тәні бұзылған адамның жаны да күйзеліске түседі. В12 дәрумені негізінен күнделікті тұтынатын тағамдар арқылы ағзаға барады. Оның негізгі қызметіне тоқталсақ, дәрумен жүйке жүйесі мен қанның клеткаларын сау күйінде ұстап тұруға көмектеседі, сонымен бірге барлық клеткадағы гендік ақпаратқа жауап беретін нуклейн қышқылдарының түзілісіне атсалысады. Өкінішке қарай, адам ағзасы В12 дәруменін өздігінен өндірмейді. Сондықтан құрамында осы дәруменге бай тағамдар мен сусындарды пайдалануымыз керек. Өз кезегінде ол төрт түлік малдың етінде, сүті мен құс жұмыртқасында көп болады. Бұдан өзге оны әдейі ашытылған нан өнімдеріне пайдалы қоспа ретінде қосады. Ересек адам күнделікті 2,4 микрограмм мөлшерінде В12 дәруменін қабылдау қажет. Әйелдер мен жүкті аналарға қажеттілік одан анағұрлым көптеу болса, балаларға жасына қарай оның мөлшері әртүрлі болып келеді. Бұл дәрумен бүкіл ағзаға оттегіні тасымалдайтын қанның қызыл түйіршікті клеткаларын қалыптастыруға қатысады және адам иммунитетін қалыпты жағдайда сақтап тұратындықтан, оның денсаулық үшін маңызы өте жоғары.
Біз тұтынатын тағам арқылы В12 дәрумені ағзада сіңірілу үшін үш жағдай орын алу керек. Біріншіден, желінген тағам ішке барған соң асқазан сөлі – гидрохлоридтің әсерінен астың құрамынан бөлініп шығады. Сосын асқазан өндіретін арнайы протейнмен араласып, ас қорыту жүйесі арқылы бойға тарайды. Бұл ретте асқазан дәруменнің ағзада ыдырауына ішкі қозғаушы күш есебінде үлкен рөл ойнайды. Кейбір адамдар қаназдықтың, яғни анемияның күрделі түрімен ауырады. Оған себеп – ең алдымен сол асқазанның дәруменді бөліп алушы қызметін дұрыс атқармауы. Соның салдарынан В12 дәрумені ағзаға дұрыс сіңбей, нәтижесінде тапшылық туындайды.
«Шынымен де анемияның пайда болуына түрткі болатын – ең бірінші В12 дәруменінің жетіспеушілігі. Қаназдық негізінен қызыл түйіршікті клеткалардың аздығынан туындайды. Ал ол клеткалардың өндірісі В12 дәруменінсіз мүмкін емес. Оның тапшылығы басқа да ауруларға ұшыратады. Әсіресе, адамның жүйке жүйесі қатты зардап шегеді. Уақыт өте келе оның жанама әсері күшейе түсуі де ықтимал. Негізгі белгілерге, мәселен, шаршау, әлсіздік, жүрек айну, құсу, іш өту, салмақ тастау, ауыз қуысының қабынуы, дененің сарғаюы, қол-аяқтың ұюы, есте сақтау қабілетінің бұзылуы, жүрістің нашарлауы, өкпенің сығылуы, жайсыздық пен уайымшылдық жатады. Өз кезегінде В12 дәруменіне бай тағамдарды немесе оның қоспасымен дайындалған өнімдерді тұрақты пайдаланбайтын адамдар осы микроэлементтің тапшылығына тап болады. Сонымен бірге асқазанның түрлі аурулары да дәруменнің жетіспеушілігіне себепкер болып келеді. Әсіресе, асқазан сөлі гидрохлорид қышқылының төмендігі – В12 дәруменінің ағзаға сіңуіне басты кедергі. Сондай-ақ Крон және басқа да ас қорыту жүйесіндегі кеселдер дәруменнің кәдеге жарауына тосқауыл боп жатады. Бұған қоса арықтау үшін операция жолымен асқазанын кішірейткен адамдарда да бұл дәруменге мұқтаждық артады», деді Ахмет Сауранбайұлы.
Көп жағдайда бұл микроэлемент тапшылығы В12 дәруменінің жасанды нұсқасы – цианокобаламин препараты арқылы емделеді. Аталған шипалық өнімді науқас бойындағы дәрумен мөлшері қалпына келгенше немесе өмір бойына ішуі мүмкін. Оның таблетка, ине немесе тамызғы түріндегі нұсқалары бар. Егер аурудың алдын алмаса дәрумен тапшылығы жүйке жүйесіндегі күрделі ауруларға, сал болып қалуға, ақыл-естің жоғалуына, еркектік қабілеттің төмендеуіне, ауыр стреске, ішек және несеп жолдарының бұзылыстарына, эмоцианалдық тұрғыдан мінез-құлықтың нашарлауына әкелуі ғажап емес. Тіпті кей жағдайда дәрумен тапшылығы туындатқан ауыр кеселдердің салдарынан адам әбден қалжырап, ақыры қайғыға ұластыруы ықтимал.
Ендеше, емдік препараттарды қай кезде пайдаланған жөн. Дәрігер оны таңертең ашқарынға сумен бірге ішкен дұрыс деген кеңес береді. Өйткені ол ағзаға сумен араласып сіңетін дәрумендер қатарына кіреді екен. Сондай-ақ препаратты таңертең қабылдаудың пайдасы – адам күндіз белсенді жүріп, есесіне түнгі ұйқысы да тыныш болады.
ШЫМКЕНТ