Экология • 28 Ақпан, 2023

Топырақтан өмір иісі шығады

479 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде топырақтың және топырақ жамылғысының экологиялық проблемасы бізде ғана емес, жаһандық көлемде де өткір тұр. Табиғи ресурстарды ретсіз пайдалану топырақты тоздырып жіберді.

Топырақтан өмір иісі шығады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіру топырақ жабындысына және қоршаған ортаға орны толмас залал келтіреді. Мұндай әдістің салдарынан пайда болған карьерлер мен үйінділер эрозия үрдістерінің орталығына айналып отыр. Қоршаған ортаға ауыр металдар мен басқа да лас­таушы дүниелерді шығару ар­қылы кен байыту фабрикалары мен зауыттарының маңындағы топырақ жабындысы эрозияға ұшырайды. Ауыр металдар топыраққа шөгеді де, өсімдік жамылғысына зиянын тигізеді. Кей жағдайда өсімдіктерді жойып, эрозияның етек алуына жол ашады. Мұның соңы түрлі апат­тық жағдайға әкеліп соғады. Сон­дықтан бұл мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Көптеген елде техногендік-бүлінген, ластанған жерлер қалпына келтіріледі.

Қаратауға жақын Жамбыл және ішінара Оңтүстік Қазақстан облыстарында фосфорит кен орындары шоғырланған. Қазақстан әлемдік фосфор қорының 90 пайызына ие әлемдегі бес елдің қатарына кіреді. Қаратаудың 12 кен орнының ішінде ең ірілері – Жаңатас, Көкжон, Көксу, Шұлақ­тау және Ақсай. Қаратау фосфорит кен орындары негізінде Қа­зақ­станда фосфор өнеркәсібі құрылды. Ол республикамызда химия өнеркәсібінің бағыт-бағдарын айқындап берді және Қаратау-Жамбыл аумақтық-өнеркәсіптік кешенінің қалыптасуына негіз болды. Кешеннің құрамына «Қаратау» және «Химпром» фос­форит өндіру және қайта өң­деу өндірістік бірлестіктері, Жам­был суперфосфат және Жаңа Жам­был фосфор зауыттары, Оң­түстік Қазақстан облысындағы «Фосфор» өндірістік бірлестігі кіре­ді. Елдегі топырақ төңіре­гін­дегі экологиялық проблемаларды шешуде әр аймақтың табиғат заңдылықтарын және табиғи-кли­маттық жағдайларды ескере оты­рып әзірленген әрі ғылыми тұр­ғыдан негізделген әдістер керек.

Қазақстанның жер қоры 261 173,8 мың гектар. Респуб­ли­када бүлінген жерлердің жалпы ауданы 184 693,0, қаз­баланған жерлер 51 912,5, қалпына келтірілген жерлер 2 923,5 гектарды құрайды. Қазіргі күні Жам­был облысы аумағында 67 млн тоннадан астам өнеркәсіптік қалдық жиналған. Оның ішінде радиоактивті қалдықтар 33,1 млн тонна, химиялық уытты қал­дықтар 14,1 млн тонна, тау-кен өнеркәсіптік қалдықтар 14 млн тонна, шламды қалдықтар 1 млн тоннаны құрап, облыстағы жер көлемінің 3,3 мың гектарын алып жатыр. Облыс бойынша 6 388 гектардан астам жер бүлінген жерлердің қатарына жатады. Олардың 2 008 гектардан астамы қайта қалпына келтірілген.

Өкініштісі, 1996 жылдан бастап Жамбыл облысында бүлінген жерлер қалпына кел­тірілмеген. Өңірдегі мұндай жерлердің көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Орта есеппен бір жылда өңірдегі жер кө­лемінің 0,004 пайызы бүлінеді. Еліміздің Экология кодексінде пайдалы қазбаларды игеру кезінде бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіруге жерді пайдаланушы міндетті екені, сондай-ақ беткі қабатынан қазып алынған құнарлы топырақты сақтау, оны дұрыс пайдалану және жерді қорғау мемлекеттің қатаң қадағалауында болатыны жазылған. Алайда қазіргі кезде тау-кен жұмыстары барысында жер астындағы қазба байлықты игерушілер кен орындарындағы бүлінген жерлерді қалпына келтірмейді. Салдарынан бүлінген жерлердің аумағы жылдан-жылға артып келеді.

Шөл және шөлейтті аймақ­тардағы ашық тау-кен жұмыс­та­рының әрекетін ерекше атап өту керек. Көкжон фосфорит кен орындары табиғи климаттық жағ­дайы қатал шөлейтті аймақта орналасқандықтан, бүлінген жерлерді қалпына келтірудің теориялық міндеттері туралы мәселе алғаш рет күн тәртібіне қо­йылып отыр. Атқарылған жұ­мыстар алғаш рет шөлейтті жағ­дайда мұндай жұмыстарды ғы­лы­ми негіздеуге және аумақтарды тиімді қалпына келтіру үшін іс-шара ұсынуға жағдай жасайды. 2009 жылдан бастап Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты Топырақ экологиясы бөлімінің қызметкерлері биология ғылымдарының док­торы, профессор Фарида Қозыбаева­ның жетек­шілігімен Қаратау фосфо­рит кен орнының техногендік бүлін­ген жерлері ғылыми зерттеліп келеді. Инс­титуттың іргелі зерттеулерінің ба­сым бағыты – топырақ пен топы­рақ жамылғысының жағ­да­йын ба­ға­­лаудың ғылыми негіз­дері; антро­­погендік жүктеме жағ­дай­ла­рын­да олардың қалыптасу заңды­лық­тары; топырақ ресурстарын тиім­ді пайдалану және биоло­гия­лық өнімділігін арттыру; топы­рақ үрдіс­терін басқару негі­зінде топы­рақ құнарлығын жаң­ғырту және эко­логиялық таза әрі эко­но­мика­лық негізделген технологиялар.

Жаңатас кен орындарының үйінділеріндегі ғылыми зерттеу жұмыстары 2009-2017 жылдары «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бюд­жеттік бағ­дарламалары аясында жүргізілді. Бекітілген жобаға сәйкес зерттеу жұмыстары Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институты мен Ресей Ғылым акаде­миясы Сібір бөлімінің То­пы­рақтану және агро­химия инс­ти­тутының ғалымдарымен бір­лес­кен ынтымақтастық туралы шарт шеңберін­де орындал­ды. Барлық ресурс негізінен өн­діруші кәсіпорындардың қолында екені бел­гілі. Сондықтан ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізбес бұрын, ең алдымен, мұндай кәсіп­орындар­дың аумағында ғылыми зерттеу жұ­мыстарын жүргізуге рұқсат алу керек.

Ол үшін «Қазфос­фат» ЖШС басшылығын ғылыми жобаның мақсат-мін­де­тімен және алынатын нәти­же­мен таныстырдық. Компа­ния­­ның сол кездегі бас директоры М.Искандиров, Жаңатас қа­ласында орналасқан «Қаратау» тау-кен өндіру кешенінің сол кездегі басшысы М.Сәрсенов, «Қаратау» тау-кен өн­діру кешенінің сол кездегі бас экологі Ж.Шә­ріпов біздің институттың ғалымдарын құшақ жая қарсы алып, көмектерін аямай, ғылыми жобаның орындалуына атсалысты. «Көкжон» кен орнының үйінділерінде био­­логиялық қалпына келтіру үшін сенбілік ұйым­дасты­рып, екі гектар жерге ағаш және шөптесін өсімдік­тер отырғызуға көмектесті. Отыр­ғызылған ағаш­тарды суаруға ар­найы көлік бөліп, ғылыми зерт­теу жұмыстарына бар­лық жағдай жасады. Жұ­мыстарының көптігіне қара­мастан, біздің шаруамызға кө­ңіл бөліп, қамқорлық көрсетті. Зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасады және эко­ло­­гиялық жағдайы тұрақ­сыз аймақтағы топырақ-эколо­гия­лық проблемаларды шешу­де жер­гілікті әкімдікпен, «Қаз­фос­фат» бас­шылығымен ынтымақ­тасты­ғы­мыз өз жемісін береді деп үміт­тенеміз.

2022 жылдың күзінде «Қаз­фосфат» ЖШС бас директоры Евгений Шибанов мырза біз­дің осы аймақтағы ғылыми зерттеу жұмысы­мыз­бен жеке танысып, қызығушылық танытты. Тараз қаласы маңындағы фосфогипс үйінділеріне техника­лық және биологиялық қалпына кел­тіру жайын ақылдасып, ғалымдардың ұсы­ныстарымен танысты. Фос­фогипстi кәдеге жарату проблемасы әлемдiк кеңiстiкте өзек­тi. Қоршаған ортаны қорғау, Тараз қаласын­да тұрғындардың санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты iс-шаралардың бiрi – фосфогипс үйiндiлерiн қалпына келтiру. Осы жылдан бастап фосфогипс үйінділеріне қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу «Қазфосфат» ЖШС басшылығы тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз.

Туған өлкеміздің табиғатын қорғауға жұды­рықтай жұмылу – парыз. Ақын Өтебай Тұрман­жановтың «Топырақтан өмір иісі шығады, Оны денең тиіп кет­се, ұғады. Еңбегіңді есесімен бере­тін, Жақсылық та топырақтан шы­ғады» дегенін үнемі қаперде ұстайық, ағайын.

 

Гүлжан БЕЙСЕЕВА,

Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты Топырақ экологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы