Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Санкцияға сәйкес РФ арқылы өткен тасымалдарға түбегейлі тыйым салынады.
«Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің басқарушы директоры Мұрат Амриннің айтуынша қазіргі уақытта Польша мен Беларусь арасындағы жүк тасымалына арналған шекара бекеттері жабық тұр.
«Ақпанның соңғы күндеріндегі ақпарат бойынша қазақстандық транспорт компанияларының 407 көлігі Польша территориясында қалып қойды. Қазақстан мен Литваның транспортқа қатысты өкілетті органдары арасындағы келісім аясында жүк көліктері ЕО аумағынан Литва арқылы шығарылатын болады. Қазір 100-ге жуық транспорт құралы Польша аумағынан шығып үлгерді және Қазақстанға қарай аттанып кетті. Литвадағы өткізу бекеттерінде кезек ауқымы өте үлкен болғандықтан 300-ден астам көлігіміз әлі Польша және Литва аумағында қалып отыр. Қазір Польшадағы Қазақстан елшілігі аталған учаске арқылы Беларусь территориясына кіруге байланысты қазақстандық тасымалдаушылардан шектеулерді алып тастау үшін өкілетті органдармен келіссөз жүргізуде. Ол учаске тікелей құрлық жолы және Еуропаға кіру және Еуропадан тауар тасымалдау үшін ыңғайлы. Қазақстан мен Еуропа елдері арасында 43 млрд доллар көлемінде тауар айналымы бар. Біз 35 млрд доллардың өнімін экспорттаймыз және 8 млрд доллардың тауарын импорттаймыз», дейді.
Сарапшының айтуынша, тасымал жасайтын басқа да маршруттар жоқ емес, бар. Бұл ретте Литва және Балтық елдерін, сондай-ақ Транскаспий бағытын (Ақтау портынан Бакуге дейін жеткізіп, одан әрі Еуропаға тасымалдау – ред.) айтуға болады. Бірақ бұл бағыттар тасымал уақыты мен тасымал құнын арттырады. Қара теңіз бен Каспий теңізіндегі ауа райы тәуекелі де тасымалды күрделендіре түспек. Нақтылап айтар болсақ, балама маршруттар Еуропаға жететін қашықтықты 1,5 есе ұзартып жібереді, тиісінше тасымалдау құны шамамен 2, 3 есе көтеріледі.
Енді «Атамекен» палатасы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету мәселесін қарап жатыр.
«Қазір Польша мен Беларусь арасындағы шекараның жабық тұруына байланысты сыртқы сауда палатасымен бірлесіп форс-мажор туралы куәлік беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Өйткені шекара белгісіз мерзімге жабылды және соның салдарынан бизнес шығынға батты. Соның ішінде тауарды жеткізіп беру бойынша келісімшарт міндеттемелерінің де орындалмай қалғанын айта кету керек. Мұндай жағдайда серіктестер тарапынан реніш туындайтыны да белгілі. Осыған байланысты аталған оқиғаны форс-мажор деп тану мәселесін ойластырып жатырмыз», дейді Мұрат Амрин.
«Атамекен» ҰКП өкілінің сөзінше, ондай куәлік берілген жағдайда бизнес субъектісінен шартты уақытында орындамағаны үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар алынып тасталады. Сондай-ақ аталған сертификат көмегімен сенімсіз жеткізуші немесе тасымалдаушы ретінде «қара тізімге» салуы ықтимал санкция шараларының да күшін жоюға мүмкіндік тумақ.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандық тасымалдаушылар қауымдастығымен бірлесіп, жүк көліктерінің тізімін жасаған.
«Бұл отандық жүк тасымалдаушылардың жол жүрісін қамтамасыз ету үшін қолға алынған шара. Сондай-ақ Варшава мен Вильнюстегі еліміздің елшіліктерімен жұмылып, аталған көліктердің шығып кетуіне рұқсат алу үшін польшалық және литвалық уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізілді», деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, бұған дейін жүк тасымалдаушылар ЕО елдерінен тауарды Беларуське, одан кейін Ресей арқылы Қазақстанға жеткізіп отырды. Тура бір жыл бұрын «KAZLOGISTICS» одағының бас директоры Ерлан Әбсатов тасымал штатты режімде жүріп жатыр деп хабарлаған еді.
«Автомобильді транспорт бойынша транзит кедергісіз жүріп жатыр. Әрине, кешеуілдеу бар, бірақ олар айтарлықтай емес. Сондықтан Еуропа елдерінен келе жатқан қазақстандық автокөлік компанияларының транзитінде төтенше ахуал байқалмайды», деген еді.
ATI.SU халықаралық жүк тасымалы биржасы Қазақстан өкілдігінің директоры Рената Зобованың айтуынша, тек Ресей, Беларусь, Қазақстан жүк көліктерімен қатар, қиындыққа Түркия, Кавказ, Орталық Азия елдерінің де тасымалдаушылары душар болып отыр. Сарапшы, сондай-ақ балама маршруттар туралы сауалымызға да жауап берді.
«Батыс бағытта Латвия шекарасындағы шекаралық өткелдер бар. Сонымен қатар Финляндия және әрі қарай теңіз жолымен тасымалдау мүмкіндігі сақталады. Ресейлік тасымалдаушылар Түркия арқылы маршрутты игеріп алған, ол жолмен қазақстандық тасымалдаушылар да жүре алады. Сонымен қоса альтернативті бағыттар белсенді дамып жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Транскаспий дәлізі (Қазақстаннан Каспий теңізімен Әзербайжан және Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға) арқылы жүк тасымалы 2,5 есе өсіп, 1,5 млн тоннаны құрады. «Атамекен» дерегі бойынша Транскаспий арқылы Қазақстаннан ЕО-ға тасымал жасау Ресей арқылы тасымал жасау құнынан 2-3 есе қымбатқа шығады. Сондықтан бұл бағыттың өтімділік қабілетін арттыру, порт инфрақұрылымының сапасын жақсарту, шекара процедураларын жеңілдету және цифрландыру өте маңызды. Заманауи цифрлық сервистерді пайдалану жүк жіберушілер мен тасымалдаушыларға жүктерді тасымалдау кезіндегі өскен шығындарды өтей отырып, өз шығындарын азайтуға мүмкіндік береді», дейді Рената Зобова.
Айта кетейік, жақында ғана Еуроодақ Ресейге қарсы кезекті санкция пакетін жариялады. Оған 121 адам мен ұйым енген. Санкцияларды айналып өтуді болдырмау үшін ЕО-дан Ресей арқылы экспортталатын қос мақсаттағы тауарлар мен технологиялардың да транзитіне тыйым салынды. Польшадағы транзиттің жабылуы осы пакетпен тікелей байланысты. Сондықтан РФ-ға қарсы жарияланған санкцияның салқыны бізге де сезіле бастады деуге толық негіз бар.