Ұйымдастырылған іс-шараның діттеген мұраты биік. Құрамында 130 бишісі бар «Салтанат» – түрлі ұлт пен ұлыс өкілін бір ұжымға біріктірген еліміздегі ірі мәдениет ошақтарының бірі. Мемлекеттік ансамбльдің репертуарында 150-ден астам би бар. Қазақтың ұлттық биімен қатар, махаббат пен мейірімді, достықты, бейбітшілікті дәріптеген әлем халықтарының биі де шығармашылықтың үлкен бір шоғырын құрайды. Өзге этностардың бірегей мәдениеті мен болмысынан хабар беретін, тіршілігі мен тұрмыс ерекшелігін айшықтайтын би қойылымдары ұлттық өнеріміздің кең арнасы болып қалыптасқан. «Би – халықтың жаны» деп бекер айтылмаған. Қазақ биін басқа бір елдің биімен шатастыру мүмкін емес. Өзегіне қазақтың өз мінезі секілді кеңдік, ұяңдық пен жайсаңдық ұялаған ұлттық биіміз көшпелі өмірден бастап бүгінгі тіршілікті нақты қимыл-буын тілімен айна-қатесіз баяндап келеді. Ерекше кештің шымылдығы қазақ биін халық қазынасына айналдыру үшін ұлт дәстүрі мен ою-өрнегін рухани айналымға енгізген белгілі балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, «Салтанат» би ансамблінің негізін қалаған Зәуірбек Райбаевтың «Қазақ өрнектері» атты би қойылымымен ашылды.
Даралардың салған сара жолын насихаттап, өшпес мұрасын, өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлегеннің бастамасымен қазақтың би өнерінде есімі алтын әріппен жазылған Қазақстанның халық әртісі, тұңғыш кәсіби балетмейстер, биыл туғанына 100 жыл толған талантты биші Дәурен Әбіровтің, халық әртісі, профессор Зәуірбек Райбаевтың, балетмейстер Елдос Усиннің байырғы билерін ансамбль жаңа деммен қайта сахналады. Бұл біріншіден, ұлттық би өнерінің бастауында тұрған хореография шеберлеріне құрмет болса, екіншіден, олардың еңбегін, туындысын өлмес мұраға айналдыру. Мысалы, Д.Әбіров қойған қазақ жігіттерінің сахналық биі «Балбырауын» ұлттық рухты оятатын бірегей би ретінде сахнадан түскен емес. Сондай-ақ композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйіне қойылған «Асатаяқ» биі алғаш рет 1979 жылы «Гүлдер» эстрадалық ансамблінде, кейінірек Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде қойылған. Мәскеуде өткен съезде З.Райбаевтың дәл осы қойылымы Қазақстанның атынан Кремль сарайында өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ал Алғыс айту күніндегі концертке арнайы қонақ болып қатысып, кештің шырайын аша түскен Халықаралық конкурстардың лауреаты, кішкентай балдырғандардың «Сармат» би ансамблі миллиондаған жүректі рухани рахатқа бөлеген кәсіби «Салтанаттың» заңды ізбасары екеніне шабытты өнерімен сендірді. Концерттен кейін күрделі би трюктерімен, мың бұралған биімен көрерменді еліктірген бишілермен жүздесіп, атаулы күнге орай лебізін естідік.
Денис ВИТЧЕНКО, «Мәдениет саласының үздігі», мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің балет әртісі:
– Қазақ елі – қасиетті қоныс. Бірталай ұлт өкілдері елімізде жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені – басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінде балет әртістері түрлі ұлттың биін билеп, сол елдің мәдениетін көрсетіп, дәстүрінен сыр шертеміз. Би – қуаныш пен шаттықтың, ізгілік пен жақсылықтың жаршысы. Еліміздің дамуы мен өнердің өркендеуіне өз үлесімді қосуды азаматтық парызым деп санаймын. Барша көрерменге саф өнерді бірге насихаттап, бірге өркендетейік деген тілегімді жеткізгім келеді.
Шероз МУРАТОВ, «Мәдениет саласының үздігі», балет әртісі:
– Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетін сақтап, халықтың рухани байлығын дамытып, өскелең ұрпаққа ғажайып би өнері арқылы эстетикалық тәрбие беріп, жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді. Ұжымның қазіргі басты мақсатының бірі – қазақ халқының биін әлемге таныту. Аты аңызға айналған, жетпіс жылға жуық тарихы бар ансамбль репертуарында әлем халықтарының да биі бар. Әр елдің дүниетанымынан туған болмысымен, мінезімен үйлесім табатын қимыл өрнектері арқылы өзге ұлттардың өнерін танытып, тіршілігін көз алдымызға әкеледі. Біз өнерде де, өмірде де түрлі ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп келеміз. Бұл еліміздің кең пейілінің, дұрыс жүргізілген мемлекет саясатының жемісі деп білемін. Бүгін біз үшін ерекше күн. Төккен теріміз, ұйқысыз түндеріміздің өтеуі ақталып жатыр. Халықтың қошеметін, риясыз қуанышын көріп, көздеріндегі нұрды, жүрек жалынын, бізге деген құрметін киелі сахнада тұрып сезініп, шабыттандық, шаршағанымызды ұмытып кеттік. Барша ұжымды, «Салтанаттың» бишілерін құрметтеп келген патша көңілді көрерменге алғысымды білдіремін.
АЛМАТЫ