Масаншы ауылында тұратын дүнген ұлтының өкілдерінің біразы қазақ тілін бір кісідей меңгерген. Жергілікті халықпен мемлекеттік тілде еркін тілдеседі. Солардың бірі – «Ботақан» балабақшасында дүнген балаларына қазақ тілін үйретіп жүрген Мұхамед Суларов. Ол өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуі жергілікті халыққа құрметі әрі алғысы деп түсінеді. Сондықтан өзі де бұл істен шет қалмаған.
– Тараздағы бұрынғы Тараз инновациялық гуманитарлық университетін бітіргеннен кейін бірден Қордайыма тартып кеттім. Осы аудандағы Өтеген ауылында дүниеге келгенмін. Жалпы алғанда 16 жылдың бедерінде дүнген балаларына қазақ тілінен сабақ беріп жүрмін. Мұны өзімнің азаматтық парыз санаймын. Әуелде Бәйтерек ауылындағы балалардың мемлекеттік тілді меңгеруіне үлес қостым. Одан кейін Бұлан батыр, Масаншы ауылдарындағы мектептерде еңбек еттім. Кейінгі жылдары Масаншы ауылындағы бөбекжайда балдырғандардың қазақ тілін меңгеруіне күш салып жүрмін. Балалармен жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Олар қағылез. Айтқаныңды тез қағып алады. Жалпы алғанда жұмысыма көңілім толады. Кейде мені өзім туған Өтеген ауылындағы қазақ азаматтары «Ауылға қайт, сен қазақсың», деп ниеттерін білдіріп жатады. Әрине, ол кісілердің сөзі мені қанаттандырады. Тілектес болып жүргендері үшін алғысым шексіз, – дейді Мұхамед Суларов.
Бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отырған Мұхамед Суларов отбасында да, тыста жүргенде де айналасындағыларға қолдан келгенше мемлекеттік тілді меңгеру керектігін айтып жүреді. Айтуынша, жергілікті халықтың дәстүрі мен танымын, менталитетін жақсы білу үшін сол ұлттың тілін білуді кез келген азамат өзінің міндеті санауы керек.
– Маған ауылды жерде еңбек еткен ұнайды. Мұндағы адамдардың бойынан мейірім мен шынайылықты айқын аңғарамын. Ауыл азаматтары қай кезде де қолдан келген көмекті аямайды. Бірлік пен татулықты ешқашан жадынан шығармайды. Қазақ азаматтары ешқашан бізді көкіректен итерген емес.
Өткен шаққа көз жүгіртсек, алағай да бұлағай кезеңді бастан өткерген түрлі ұлт өкілдері арқардай ауып қазақ даласына келгені мәлім. Сол кезде қазақ ұлтының азаматтары оларды құшақ жая қарсы алып, маңдайынан сипағанын тарихтан білеміз. Оны қаперден шығаруға қақымыз жоқ. Сол үшін де Алғыс айту мерекесінен бөлек уақытта да біз қазақ халқына дән ризамыз. Ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін алғысымыз шексіз. Бірлігі бекем елді жау да, дау да алмайды. Осыны естен шығармасақ болғаны, – дейді М.Суларов.
Бірер жыл бұрын Қордай ауданындағы Масаншы, Бұлан батыр ауылдарына арнайы барғанымызда қазақ мамандарының дүнген ұлтының балаларына мемлекеттік тілден сабақ беріп жатқанын көріп, марқайып қалған едік. Сол кезде балдырғандардың қазақ тілін үйренуге деген талпынысын да көзбен көрген едік. Арада аз ғана уақыт өткенде дүнген жігіттерінің бұл іске белсене кіріскенін көріп, тағы қуандық.
Қордайда Мұхамед Суларов секілді өзге де дүнген азаматтарының мемлекеттік тілге, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен танымына деген құрметін көзбен көріп, көңілмен сезініп жүрміз. Осындайда «басқа да ұлт өкілдері бұл іске жұмылған жұдырықтай кірісе түссе, шіркін» деген ой көкейде атойлап тұратыны анық.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы