Саясат • 01 Наурыз, 2023

Қазақстан мұнай экспорттаушы 10 елдің қатарына енді

616 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мұнай экспорттаушы 10 елдің қатарына енді

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі үш жарым еседен астамға, яғни жылына 25 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өсті.

ОПЕК деректері бойынша, Қазақстан бүгінде мұнайды ТОП-10 экспорттаушының қатарына кіреді.

Геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін Жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілді. 2023 жылы инвестиция көлемі $6 млрд болатын осындай алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен $2 млрд құрайтын тағы бір келісімшартқа қол қою пысықталуда.

Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. Биыл кен орындарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады.

Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға қайта бағдарлау шеңберінде белсенді дамып келеді.

Атап айтқанда, өткен жылдың соңында қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қосылды. Ол республиканың ішкі қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. 

Қосымша $12 млрд инвестиция сомасына полиэтилен, бутадиен және  полиэтилентерефталат өндіру бойынша тағы төрт ірі жоба іске асырылып отыр.

Премьер-министр мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол қосымша инвестициялар тарту үшін Жақсартылған модельдік келісімшартты қолдануды жеделдету және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.

«Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талаптарды қысқарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылдануда. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын», деді Премьер-министр.