Денсаулық • 01 Наурыз, 2023

Қызылшаның алдын алу маңызды

888 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Бұл дерт көбінесе балаларда кездеседі. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылшаның алдын алу маңызды

Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен ауа тамшылары арқылы сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы  болып саналады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Дерттен сауыққан адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені оның бойында анасынан берілген вирустан қорғайтын ауруға қарсы денелер уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина егілмеген адамда кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері:

  • әлсіздік;
  • дене қызуының көтерілуі;
  • қабақтың ісінуі;
  • бас ауруы;
  • ұйқысыздық;
  • жалпы мазасыздық;
  • тамаққа тәбеті болмау;
  • шырышты секрециясы бар күшті ринит;
  • құрғақ жөтел;
  • конъюктивит;
  • 3-8 күн ішінде дененің бөртуі.

Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы ықтимал. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдарың бәрін 21 күн бойы тексереді.

Вакцина алмаған 5 жасқа дейінгі балалар мен 20 жастан асқандар жиі ауырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2022 жылы әлемде 155 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Биыл бұл дерт Қырғызстан, Ресей, Украина елдерінде жиі тіркеле бастады. Қазақстанда соңғы жылдары қызылшамен ауыратындар саны азайды, тіпті, кей жылдары ешқандай жұқтыру дерегі тіркелмеді. Алайда таяуда ғана Түркиядан Ақтөбеге ұшып келген алты жасар баладан қызылша вирусы анықталды. Сондықтан эпидемологтар бұл вирустық инфекцияның қауіпті екенін ескертеді. Кардиохирург Мыңжылқы Бердіқожа болса вакцина -  қызылшадан сақтанудың жалғыз амалы дейді.