Өнер • 01 Наурыз, 2023

Күй аңызы: Қазанғаптың күйі «Құс қайтару» қалай туды?

935 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса, шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: Қазанғаптың күйі «Құс қайтару» қалай туды?

Қазанғаптың Үсен төренің аулында қонақ болып жатқан кезі. Үсеннің мәпелеп баптап отырған ителгісі бар екен.

- Жалығып жатқанша бой жазып, ителгіні аңға салын, сынап қайтайық. Ителгі деп біреу сыйға тартқан еді, бірақ бөктергіге еш атыс болмаса қайтсін, - дейді де Қазанғапты ертіп, құс салуға барады.

Айтқандай-ақ, Үсен төренің ителгі деп асырағаны бөктергі тектес құс болып шығады. Еркіндікке шыққан бөктергі аспанда біраз қалықтаған соң тоғайға сіңіп, қарасын көрсетпей кетеді. Үсен төре құсты әрі қуады, бері қуады. «Қиту-қиту, қайт-қайт» деп шақырса да, құс иесіне қайтып оралмайды. Бөктергіні қуа-қуа шаршап шалдығып, астындағы аты болдырып, Үсен төре үйіне келеді.

- Бөктергіні асырап опа таппайды екенсің, еңбегің еш болады екен. Опасыз неме мені қонақтың көзінше жерге қаратып кетті-ау, - деп тамақ татпай, көңілінің қошы болмай Үсен төре жатып қалады.

Үсеннің көңілін сергітейін деген оймен Қазанғап: - Төре, жақсылықты білмеген ит пен құсқа соншама қапаланып қайтесің. Ондайлар адамда да кездеспей ме? Сондайдың бәрін теріп жүру төре басыңызға лайық болама?, - деп басу айтып, күй тартады.

Бұл көңілді күйді тыңдағаннан кебін ашуы тарқап, сабасына түскен Үсен төре: - Қарағым-ай, зейілімді бір аштың-ау, ит пен құсы құрысын, - деп Қазанғапқа риза болған екен.


Аңызды айтушы – Бақыт Басығараев