Саясат • 01 Наурыз, 2023

ЖЭК ірі жобасын іске асыруға қол қойылды

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сатқалиевпен бірге Эр-Рияд қаласына (Сауд Арабиясы корольдігі) жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЖЭК ірі жобасын іске асыруға қол қойылды

Қазақстандық делегация Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі ханзада Abdulaziz bin Salman Al-Saud және «Saudi Aramco», «SABIC» және «ACWA Power» сияқты ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау шеңберінде ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «ACWA Power» арасында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша жобаны іске асыру қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.

Қол қойылған келісім Жетісу (Жоңғар қақпасы) облысында жалпы қуаты 1 ГВт жел электр станциясын дамытуға, қаржыландыруға, салуға және пайдалануға бағытталған, құрылысты 2025 жылы бастау жоспарлануда.

Жобаны іске асыру Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасымен бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосымша инвестициялар тартуға, сондай-ақ елде «жасыл» электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Сондай-ақ кездесу шеңберінде мұнай-газ және мұнай-газ-химиясы жобаларын іске асыру және дамыту, оның ішінде ЖЭК-ті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бірлескен перспективалық бағыттарды айқындай отырып, ведомствоаралық келісімге қол қою мүмкіндігін қарауға уағдаласты.