Кәсіпкер • 01 Наурыз, 2023

Жеке кәсіпкерге арналған бірыңғай төлем

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Жаңашылдық «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес қабылданып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс берушілерге жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп, қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді. Жеке кәсіпкерлер бірыңғай төлемді есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей төлеуге тиіс.

Жеке кәсіпкерге арналған бірыңғай төлем

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бірыңғай төлем бұрын қолда­ныс­та болған 34%-дан еңбекақы төлеу қорына жиынтық жүктемені төмендету және төлеушілердің тек өзі­нің жалдамалы жұмыскерлері үшін жеке табыс салығын және белгіленген мөлшерлемелерден төмен жұмыскерлердің табысынан есептелетін міндетті әлеуметтік төлем­­дерді төлеуі мақсатында енгі­зілген. Мөлшерлеме жыл сайын ұлғая береді:

  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 20 %;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 21,5 %;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 23,8 %;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 24,8 %;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 25,8 %;
  • 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 26,3 %.

Бірыңғай төлем мөлшерлемесінің жыл сайынғы ұлғаюы 2024 жылғы 1  қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының енгізілуіне байланысты, мөлшерлеменің 2028 жылғы 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғаюы, сондай-ақ бірыңғай төлем төлеушілер үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің 3,2%-дан 4,5%-ға дейін өзгеруіне байланысты.

Бірыңғай төлем жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарнасын, МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдарды, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдарды қамтиды.

Бірыңғай төлемді төлеуші есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы банк шотына бірыңғай аударылатын айды көрсете отырып, қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлейді.