Баға • 02 Наурыз, 2023

Баға бақылаудан шығып бара ма?

246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық банк кезекті рет базалық пайыздық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Инфляциялық күтулер 2022 жылғы желтоқсанда шарықтау шегіне жетіп, кейін төмендеді, бұл алдыңғы болжамның алғышарттарына сәйкес келеді. Алайда инфляциялық күтулер әлі де жоғары және олардың төмендеуінің айқын тренді әлі қалыптаспаған. Бұл инфляцияның жылдам баяулауына кедергі келтіріп отыр.

Баға бақылаудан шығып бара ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Нарықтық экономиканың принциптерін ұстанатын болсақ, тек ты­йым салудың соңы әкімдердің базар, дүкен аралап, бағаны қадағалауымен ғана есте қалады. Инфляция – әлемдік үрдіс, онымен Қазақстан жалғыз күресе алмайды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының жауапты хатшысы, бас­қар­ма мүшесі Нұрлан Сақуов өткен аптада журналистермен кездескен кезде елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің дәрежесін бағалайтын критерийлер әзірленбегенін, мемлекет азық-түлік қауіпсіздігіне қа­тысты нақты көрсеткіштерді белгіле­мей­тінін атап айтты. Бізде бұл көр­сет­кіш­тердің беталысын айқындап беретін, нарықта қандай өнім түрлерінің бәсі басым екенін анықтайтын бағдарлама да, тұжырымдама да жоқ көрінеді. Үкімет нарыққа қандай өнімдер қажет екенін алдын ала сараптап отырмаса, бөлінген қаржы ұсыныстағы тауар түрлерінің баға­сы­на сәйкес келмейді екен.

Сарапшының пайымдауынша, әлеу­мет­тік санаттағы азық-түлік түрлері – кү­ріш, қарақұмық, картоп, жұмыртқа, ұн­мен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Ал құс еті немесе қант мәселесіне келгенде проблема бар. Өткен жылғы қант тап­шылығынан кейін қант зауыттары салынатыны айтылды. Бірақ сол зауыттарды қант шикізатымен қамтамасыз ете аламыз ба деген мәселенің шешімі жоқ. Нарықтың осы сегментінде жүрген ойыншылар бізге қант қамысын өзімізде өсіргеннен Ресейден импорттаған тиімді екенін айтады. Құс етіне қатысты түйт­кіл де көп. ДСҰ заңы бойынша біз өз нарығымызға импорттың бір бөлігін кір­гі­зуге міндеттіміз. 2021 жылы елге 170 мың тонна импорт тауық еті кірді, бұл ішкі қажеттіліктің 39 пайызын құрайды.

Н.Сақуовтың айтуынша өнімдерді экспорттауға мерзімді түрде тыйым салуды айналадағы жағдаймен үйлестіріп отырып жүргізу керек. Мысалы, бізде биыл сәбіз жақсы өнім берді. Көрші елде сәбіз бағасы қымбаттап кетсе, құзырлы орындар сыртқа кетіп қалмасын деп экс­портты шектеп тастайды. Соңында сәбіз­дің сатылмай қалған бөлігі шіруге айналған соң шектеуді алып тастайды. Сарапшының айтуынша, Үкімет биыл күнбағыс тұқымының бағасын рет­теуді ойластырып жатыр. Себебі өсім­дік майын дайындайтын сегмент шикізат тапшылығы дегенді көптен айтып жүр. Бірақ сарапшылар біржақты шектеу күнбағыс өсіруге маманданған фермерлердің қатарын азайтып жіберуі мүмкін деген қауіптің шетін шығара бастады. Мемлекет қолдау шаралары ретінде облыс бюджеті есебінен суб­сидия­лау тетігін ұсынып отыр. Ал облыс әкім­дігі ақша жоқ дейді.

Сарапшылардың пайымында мұндай шектеулер тиындарын санап, жобаларын жоспарлап, агроөнеркәсіптік кешеннің белгілі бір саласына инвестиция салуға дайын отырған бизнеске ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер етеді. Азық-түлік бағасын көтеруге тыйым салу ар­қы­лы бағаны тұрақтандыру саясаты өзін-өзі ақтамады. Үкімет ендігі жерде халықтың қалтасын қақпайтын және бизнеске зиян келтірмейтін аралық жолды айқындап алу керек.

Н.Сақуов айтып өткендей, соңғы екі жылда Қазақстанда жеміс-жидек пен көкөністің 15 түріне баға реттелді. Бұл фактор ауыл шаруашылығы сегмен­ті­нің дамуына кері әсер етіп отыр. Қым­бат­­шылыққа себеп болып отырған фак­тор­лардың әртараптандырылған үлгісін көріп те, сезіп те жүрміз. 2022 жылдың басында логистикалық тізбекте проблемалар туындауы инфляцияның екпінін күшейтіп, жылдамдатып жіберді. Ал біздің халықтың қыстан қысылмай шы­ғуына жол ашатын мүмкіндіктерді уыстан шығарып алғанымыз белгілі болды. Тек Алматы мен Астанада ғана емес, орталықтан шалғай аймақтарда да логистикалық қоймалардың жетіспей­тіні тағы да кежегені кейін тартты. Эко­но­мистер ауыл шаруашылығы сек­то­рының технологиямен қамтамасыз етілуі мәз емес деп отыр. Себебі – баға қым­бат. Лизинг жүйесімен техника алуға екі­нің бірінің шамасы келмейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше өз күшімізбен азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігіміз – 70-75 пайыз.

Сарапшы Жәнібек Айғазиннің ай­туын­ша, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсе­ке­ге қабілеттілігі сын көтермейді, алда­ғы онжылдықтарда суармалы су мәселесі туындауы мүмкін. Біздің айна­лымдағы жер көлемін Ресей мен Украи­на­ның қа­ра топырақты аймағымен салыстыра ал­майсың.

Экономист Қазақстанда өсімдік шаруа­шы­лығын дамытуға жағдай айтарлық­тай қиын екенін мойындады. Бұл табиғи-климаттық жағдайларға тікелей тәуелді экономикадағы ең сезімтал сектор. Сон­дық­тан отандық тауар өндірушілерге қайтарымы төмен болғанымен, жеңіл­де­тіл­ген мөлшерлемемен түрлі несиелер беріледі: Ауыл шаруашылығы өнім­де­рі өзіндік құнының шамамен 80 пайы­зы мемлекеттің демеу қаржысының үле­сін­де. Демек таза табыс – 20-25 пайыз ғана.

Дүниежүзілік сауда ұйымына қабыл­дан­ғанымызға биыл 8 жыл. Ауыл шаруа­шы­лығын субсидиялаудың ара­лық кезе­ңі аяқталған жоқ. ДСҰ шарттары бо­йынша біз әлі баяғыдай, барын­ша жұм­сақ, жайлы шарттармен жұ­мыс істеп жатырмыз. Ж.Айғазиннің айтуынша біз мұндай кезеңде ауыл шаруа­шылығы сегментін өз күшімен өмір сүруге мүмкіндік беріп, бәсекеге қа­бі­лет­тілік деңгейіне жеткізуіміз керек еді. Сарапшының айтуынша әлеу­меттік маңызы бар тауарлардың баға­сын мемлекеттік бақылау аса тиімді шешім емес. Нарықтық экономиканың принциптерін ұстанатын болсақ, тек ты­йым салудың соңы әкімдердің базар, дүкен аралап, бағаны қадағалауымен ғана есте қалады. Инфляция – әлемдік үрдіс, онымен Қазақстан жалғыз күресе алмайды.

Ж.Айғазиннің айтуынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру арқылы несие құнын арттырса, онда инф­ляция төмендеп, теңгенің құны көтеріледі. Себебі инфляция тұтыну бағасының индексімен (ТБИ) өлшенеді. Оның пікірінше, көкөністердің инфляция деңгейін көтеріп жіберуге ықпалы аз. 2021 жылғы тұтыну бағасының ин­дек­сі­мен салмақтау схемасы келесідей болды: азық-түлік тауарлары – 39,06 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – 29,62 пайыз. Ақылы қызметтер – 31,32 пайыз.

Қаржы сарапшысы Андрей Чебо­та­ревтың пікірінше, императивті тыйым­дар­дың соңы тапшылық пен қара базарға – көлеңкелі экономикаға жол ашады.

Сарапшы осы ретте статистика күн­көріс себетіндегі азық-түлік ба­­ға­сы­­­ның қанша пайызға өскенін, инфля­ция­лық деңгей қандай межеде бол­ғанын ғана есептеп шығарады. Ал сол себетке кіретін азық-түлік құрамына жұмсалатын қосымша шығындардың нарықтық құны туралы толыққанды зерттелмейді. Баға барометрінің карти­на­сын білу үшін бұл фактор өте ма­ңыз­­­ды.

 

АЛМАТЫ