Іс-шараны ашқан кітапхана директоры Бақытжан Темірболат еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап-ақ адамдардың ұлттық және діни сезімдеріне құрметпен қарауын насихаттаған «Бірлігіміз – әралуандылықта» қағидатын берік ұстанғанын атап өтті.
– Қазақстанда тұратын барлық этностың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға мол мүмкіндік жасалған. Олардың саны 130-дан асады. Біз елдегі конфессияаралық татулықты да қамтамасыз еттік. Елімізде 40-тан астам түрлі конфессияның өкілдері іргелес тұрып, оқып, жұмыс істеп, балаларын тәрбиелеп жатыр. Бірақ біздің әртүрлілігіміз тек этностық және діни айырмашылықтармен шектелмейді. Біздің қоғамымыз алуан түрлі. Дегенмен айырмашылықтарды құрметтей отырып, шын мәнінде, бірегей мәдениетімізді қалыптастыратын ортақ құндылықтарды ұмытпағанымыз жөн. Кең және ашық пікірталас негізінде әртүрлі, кейде полярлық пікірлерді ортақ түйінге жеткізуге мүмкіндік беретін институционалдық тетіктер мен арналардың тиімді жұмыс істеуі де өте маңызды. Оның үстіне, консенсус негізінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыру қажет. Бүгінгі таңда Әділетті Қазақстан бой көтеріп жатқанда мұндай тетіктер ерекше өзекті болып отыр, – деді Б.Темірболат.
Басқосуда Сенат депутаты Геннадий Шиповских ұлтаралық келісім – біздің ортақ құндылығымыз екенін және жаһандық қауіп-қатер жағдайында ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудың ел үшін маңызы зор екенін атап өтті. Осы мақсатта құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс істеп келеді, ал оның жанынан жасақталған ҚХА жастар қанаты белсенді ұйымға айналды.
Ассамблеяның топтастырушы рөліне жан-жақты тоқталған АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин: «Бұл бірегей ұйым этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз етеді, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттерін, тілдері мен дәстүрлерін жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға көмектеседі. Бұл ұлтына қарамастан еліміздің барлық азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал етеді. ҚХА «заман көшіне ілесуге» тырысады және өз қызметін үнемі жетілдіріп отырады. Өткен жылдың күзінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың барлық өзекті мәселесін қамтитын Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы қабылданды», деп атап өтті.
Сөз тізгінін алған «Қоғамдық келiсiм» РМУ директоры Элина Паули қоғамды біріктіруші рөлге ие қазақ халқы туралы айта келе, ел аумағында тұратын түрлі этностардың мәдениет элементтерiнiң бiр-бiрiне қалай енiп жатқаны, нәтижесінде, бұдан да көбірек жақындасуға және өзара байытуға жол ашылатыны жөнінде өз ойымен бөлісті.
Кездесу барысында ғылыми-сараптамалық қоғамдастық, ҚХА, «Қоғамдық келісім» РМУ, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері бірлік ұғымдарын қалыптастыру мен насихаттаудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, этносаралық қатынастардың қазіргі заманғы үдерістеріне өз көзқарастарын білдірді.