Спорт • 02 Наурыз, 2023

Нью-Дели: бұрымдылар бәсекесі

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әйелдер боксы жер-жаһанның әр қиырында қарыштап дамып келеді. Оған дәлел – былтыр Ыстанбұлда өткен дүниежүзілік додада 73 мемлекеттің өкілдері күш сынас­ты. Қатысушылардың жалпы саны 310 бұрымдыға дейін жетті. Сондай-ақ әр Олимпиада сайын қыздардың салмақ дәрежелері артып келеді. Ол аз десеңіз, олардың Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) тарапынан алатын сыйақы мөлшері ерлермен теңесті. Қазіргі кезде бұл сома 2,4 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Сол себепті де жанкүйерлер наурыз айының бел ортасында Үндістанның бас шаһары – Нью-Делиде шымылдығы түрілетін әлем чемпионатын тамашаласақ деп айрықша қызығушылық танытып отыр.

Нью-Дели: бұрымдылар бәсекесі

Нью-Делидегі дода қарса­ңында біз әлем чемпионатының тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көрдік. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы барлығы 23 жүлде жеңіп алды. Оның 5-еуі алтын, 5-еуі күміс және 13-і қола. Бес алтынның екеуі На­зым Қызайбайға тиесілі. Аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген Алматы облысы Іле ауда­ны Жетіген ауылының тумасы алғаш рет 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында ұйымдастырылған дүбірлі до­дада дараланды. Финалда ол үндістандық Сарджубала Девиден айласын асырды. 2016 жылы Астанада Назым өзің сол нәтижесін тағы да қайталады. Жарыс барысында небір мықты спортшыларды жолынан ығыс­тырған қазақ қызы ақтық сында қытайлық Вань Юаньді қапы қалдырды. Осылайша, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмір­­зақовтың төл шәкіртіне әлемнің екі дүркін чемпионы атану бақыты бұйырды.

Дәл сол Астанада өткен жарыста тағы үш бұрымдымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар – ақмолалық Дина Жоламан (54 кило), ас­таналық Валентина Хальзова (69 кило) және түркістандық Ләззат Күнгейбаева (+81 кило). Елорда төрінде өткен жарыстың финалында Дина Еуропа чемпионы Стойка Петрованы ұтты. Арада тура бес жыл өткеннен соң, дәл сол болгариялық боксшы Токио­да алауы тұтанған Олимпия ойын­дарының жеңімпазы атанды. Валентина шешуші тұста Гу Хунды ұтты. Қытай қызы То­кио Олимпиадасында күміс медаль­ды иеленді. Ақтық айқас­та Ләззат америкалық Шедей­ша Грэнді жеңді. Міне, Қазақстанның бұрымдылары жеңіп алған бес алтынның «тарихы» осындай.

Күмістің де саны бесеу. Оның иегерлері – Марина Воль­нова (81 кило), Жұлдыз Ма­матқұлова (+81 кило), Ләззат Күнгейбаева (+81 кило), Жайна Шекербекова (51 кило) және Алуа Балқыбекова (48 кило). Олардың барлығы да түрлі чемпионатта тамаша өнер көрсетіп, тек финалда ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Мәселен, Марина 2010 жылы Барбадостың Бриджтаун қаласында бразилиялық Розели Фойтелаға есе жіберді. Қазақша ағылып тұрған Сыр бойының сұлуы арада екі жыл өткеннен соң Лондон Олимпиадасының қола медалін қоржынға салды. Жұлдыз 2012 жылы Қытайдың Циньхуандауа шаһарында өзін жақсы қырынан көрсетті. Жамбыл облысының тумасы жергілікті боксшы Ли Юньфэйге жол берді. Ләззат 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласындағы доданың ақтық сынында Зенфира Ма­гомедалиевадан жеңілді. Ресей­дің туы астында өнер көрсететін дағыстандық спортшы кейіннен тағы бір рет әлем чемпионы, екі мәрте Еуропа чемпионы және Олимпия ойындарының қола жүлдегері деген мәртебелі атақ­тарға қол жеткізді. 2018 жылы Нью-Делиде шымкенттік Жайна Шекербекова Солтүстік Кореяның өкілі Пан Чхоль Миді ұта алмады. Былтыр Түркия­ның Ыстанбұлындағы додада жамбылдық Алуа Балқыбекова сол елдің тумасы Айша Чаги­рырдан ұтылды.

Ал Назгүл Боранбаева (2006 және 2010 жылдары), Еле­на Кольцова (2008 жыл), Назым Қы­зайбай (2012), Жайна Шекер­бекова мен Айжан Қожабекова (2016 жыл), Карина Ибрагимова (2018 жыл), Милана Сафронова мен Дина Исламбекова (2019), Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова (2022 жыл) сынды былғары қолғап шеберлері сол бәсекелерді қола медальмен қорытындылады.

Жалпы, әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері аталған жарыстың жалауы 12 мәрте жел­біреді. Соның алғашқы үшеуіне Қазақстан құрамасы қатысқан жоқ. Қалған тоғызында жерлестерімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Біздің бұрымдылар ең үздік нәтижеге 2016 жылы қол жеткізді. Ас­танада жалауы желбіреген жарыста 4 алтын және 2 қоланы олжалап, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастадық. Ал өзге чемпионаттардағы көр­сеткіштеріміз мынадай: 2006 жыл – 17 орын (1 қола), 2008 жыл – 16 орын (1 қола), 2010 жыл – 12 орын (1 күміс, 1 қола), 2012 жыл – 10 орын (1 күміс, 1 қола), 2014 жыл – 4 орын (1 алтын, 1 күміс), 2018 жыл – 9 орын (1 күміс, 1 қола), 2019 жыл (2 қола) және 2022 жыл – 8 орын (1 күміс, 4 қола).