«Ерсінді алғаш сумо күресінің аңызы, 68-екозуна (чемпион) Асашёрю көріп, болар балуанды жазбай таниды. Әйгілі Асашёрюдің көмегімен Ерсін 18 жасында Жапонияға келіп, университетке оқуға түсті. Ол сумо күресінен Жапонияның жастар арасында өткен чемпионатында жарқ етіп көзге түсіп, атойлап алға шықты. Бес башода жеткен жеңістерінен кейін сумо күресінің қазылары бірауыздан келісіп, жоғары дивизион – макушитаға (табысы мол) өткізді», деп жазды Жапония басылымдары.
Е.Балтағұл Рюо Кокугикан сарайында өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сауалдарына жауап берді.
– Мен әуелі Қазақстан атынан шығып, ең жоғары дивизионда күресетін дәрежелі сумошы болғаныма өте қуаныштымын. Негізі, бұл межеге алғашқы бір-екі турнирде-ақ көтерілуіме мүмкіндік болған еді. Ендігі мақсатым – алда болатын белдесулерде 50 пайыздық жетістікке жетіп, анама сыйлық жасау және жарақат алмау. Жуырда анам сырқаттанып қалғандықтан, еліме барып қайттым. Анам маған «мықты бол» деп батасын берді. Қазақстанда сумо күресін жұрт жақсы біле бермейді, сондықтан мені әлі көбі танымайды. Өйткені елде сумо күресі теледидардан көрсетілмейді, тек сумоны білетіндер интернет арқылы көреді. Біздің еліміз әлемге көбінесе дзюдо мен бокс арқылы танымал. Қазір Қазақстанда Жапонияға келіп, сумо күресімен айналысқысы келетін жастардың қатары көбейіп келеді, – деді ол.
Ерсін қазір 25 жаста, бойы 192 см, салмағы 174 кило. Ол бұған дейін елімізде дзюдо күресімен айналысқан.
«Бұл жігіт біз күткен белестен биік шықты. Ол алғаш сумо күресіне қадам басқан кезде Кумамото жеріндегі Кинбозан тауын қатты ұнатты. Сондықтан оған Кинбозан деп лақап ат қойдық. Оның айқастардағы ұмтылысы мықты, жеңіске жету мүмкіндігі – қашанда 90 пайыз. Енді чемпион атанғанша өзінің қарсыластарымен белдесе береді. Сумо жауынгерлік күрес болғандықтан, жасымас жігер мен қайтпас қайрат қажет. Кинбозан өз Отанының рухын көтеріп, мақтанышына айналуы керек», дейді отандасымыздың бапкері Кисе.