БҰЛ – ҚАЖЕТТІ ҚҰРЫЛЫМ
дейді Қостанай облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Балбөпе ЕРТАЕВА
Өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы тығырыққа тіреліп, экономика әлсіреген 90-шы жылдары кәсіподақтың маңызы кемігендей болған. Бірақ нарықтық қатынастардың орнығуы мен одан кейінгі экономиканың көтерілу жылдары кәсіподақтар жұмысы жаңа мазмұнға ие болды. Себебі, экономикаға мемлекеттік меншікпен қатар, жеке меншік келді. Жаңа қоғамда да еңбекшілер мүддесін кәсіподақтың қорғауы қажеттілікке айналды. Республика Кәсіподақтары федерациясы Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің алдына қадау-қадау мәселелер қойып және оған биліктің көзін жеткізіп, бірлесе нәтиже шығарып келеді. Басқасын айтпағанда, жақында ғана бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің айлық жалақысы 25 пайызға өсті.
–Айлық жалақысы көтерілген негізінен мұғалімдер ғой. Олар, міне, жаз айларында каникулға шығады, демалыс күндері денсаулықтарын түзейді. Отбасындағы жоспарлаған жұмыстарын бітіреді. Осының барлығына қаржы керек емес пе? Президентіміздің мұғалімдер жалақысын өсіруді сәуір айына жылжытқаны қандай тиімді болды,–дейді облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Балбөпе Ертаева.
Балбөпе Ғалымжанқызы көп жылдардан бері осы салада қызмет істеп келе жатқандықтан, кәсіподақ жұмысының қыр-сырын да, оның еңбек адамы үшін маңызын да жақсы біледі. Сондықтан қиын жылдардың өзінде кәсіпорындарда ұжымдық шарттың жасалуын облыс кәсіподақтары жіті қадағалады.
–Алдымен жұмысы ауыр әрі жұмысшылары көп ірі кәсіпорындарда ұжымдық шарттың жасалуын көздедік. Бұл жұмысшыларға әлеуметтік кепілдіктер беретін болғандықтан, оны еңбек адамдарының өздеріне де түсіндіру артық болмады. Осы орайда асбест өндіретін “Қостанай минералдары”, атақты “Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі” акционерлік қоғамдарында игі істі бірден бастап кетті. Бұл кен орындарында мыңдаған адамдар еңбек етеді,–дейді Балбөпе Ғалымжанқызы.
Қазір облыстағы 15 салалақ кәсіподақта 1342 ұйым жұмыс істейді. Олардың 125 мыңнан аса мүшесі бар. Облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде осы кезге дейін 1724 ұжымдық шарт қабылданса, соның 1502-сі кәсіподақтар ықпалымен жүзеге асты.
2008 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы кәсіпкерлермен кездесіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтқан болатын. Осы кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы әр кәсіпорын мен шаруашылықтарда ұжымдық шарт жасалсын дегенді де қадап айтты.
– Ел тәуелсіздігін алған 20 жылдың ішінде кәсіподақтардың қол жеткізген жетістігі аз емес. 2007 жылы Еңбек кодексі қабылданды. Осы заңдағы баптардың 80 пайызы кәсіпорындар мен мекемелерде кәсіподақтармен санасуды талап етеді, – дейді Б.Ертаева.
Кәсіподақтар қазір тек өндіріс кәсіпорындарында ғана емес, мемлекеттік бюджеттік мекемелерде де өте ықпалды болып отыр. Мысалы, оған мектептер мен ауруханалар ұжымдарындағы қол жеткен жеңілдіктер жарқын мысал бола алады.
–Кәсіподақтардың 22 съезін еліміздегі барлық еңбек ұжымдары күтіп отыр. Себебі, онда еңбекақыны көтеру мен бағаны төмендету мәселесі міндетті түрде көтеріледі. Ал бұл – тұрмыс билеген адамдар өміріндегі өзекті мәселе. Кәсіподақтың бүгінгі қоғамдағы қажеттілік екені де сондықтан,–дейді Балбөпе Ғалымжанқызы.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.
КҮШТІ КӘСІПОДАҚ – ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ТІРЕГІ
Кәсіподақтар әлеуметтік шаралардың жүзеге асырылуына өзінің бақылаушы рөлінде емес, азаматтық қоғамның маңызды институттарының бірі ретінде, бір кісідей атсалысып, өз үлестерін қосып келеді, дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов.
Елімізде, оның ішінде біздің Оңтүстік Қазақстан облысында да кәсіподақтардың белсенді атсалысуымен атқарылып жатқан игі істер аз емес. Елбасының былтырғы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауы мен Үкімет бекіткен “100 мектеп, 100 аурухана” және “Жол картасы” бағдарламалары бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс жүргізіліп, 25,7 млрд. теңге игерілді, 750 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыты бойынша – 324, әлеуметтік салада 285 нысан жөндеуден өткізілген.
Осыған үлес қосып отырған біздің кәсіподақ мүшелері, кәсіподақ ұйымдары, ал осы өткен кезеңде біздің кәсіподақтардың ұйымдық жағынан нығайып, қоғамдағы алып отырған орны биіктей түсті. Қазіргі таңда облыс кәсіподақтары республикадағы ірі кәсіподақ ұйымы болып саналады. Оңтүстік Қазақстан кәсіподақтары облыстық кеңесінде 178 мың кәсіподақ мүшесі бар. 1955 бастауыш кәсіподақ ұйымынан, 199 цехтық, 1059 кәсіподақ топтарынан тұратын 13 салалық кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп, олардың жұмысын үйлестіреді.
Д.Шерімқұлов келесі кезекте 2005 жылғы сәуірде кәсіподақтардың облыстық одақаралық XXІV конференциясында облыстық кеңес жұмысының 2005-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары бекітілгенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, сол бойынша жұмыстарын жүйелеп келеді екен. Облыстық кәсіподақтар кеңесі әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия жұмысына белсенді түрде катысуда. Комиссия отырыстарында, жұмыс жоспарына сәйкес мәселелер зерделеніп, талқылауға енгізіліп, облыстық келісімнің жүзеге асырылуына, үш жақты комиссия қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылауға үлес қосып келеді.
Үш жақты комиссияның отырыстарында “Кедейшілік пен жұмыссыздықты төмендету”; “Әлеуметтік әріптестікті дамыту”; “Ұжымдық шарттар туралы”; аудандардағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігі мен салауатты еңбек жағдайын қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер қаралып келеді. “Ұжымдық шарт түзіңіздер!” жалпыреспубликалық акция өткізу барысында салалық кәсіподақ ұйымдарының алдына жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру жөнінде мүмкіндікті мейлінше молынан пайдалану мақсаты қойылған болатын. Мұның өзі оңды нәтижесін берді. Акция барысында 78 бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Облыс әкімдігі мен жұмыс берушілер және жұмыскерлер бірлестіктері арасында дағдарыс кезеңіңде жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерінің сақталуы жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Бұл жұмыс орындарының сақталуына және жаппай жұмыстан шығарудың алдын алуға мүмкіндік береді. Облыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде 2008 жылы 254 меморандум жасалып, өткен жылы әлемдік дағдарысқа байланысты 408 меморандумға қол қойылды. Онда, негізінен, азаматтардың құқығын қорғау, халықты тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмек бағаларын тұрақтандыру, студенттерді әлеуметтік қорғау жөнінде келісілді.
Д.Шерімқұловтың айтуынша, облыстық кәсіподақ ұйымдары халықтың жұмыспен қамтылуын, жұмыстан босатылғандардың және мәжбүрлі демалысқа жіберілген еңбеккерлердің санын, жалақының берілмеуін немесе кешіктірілуін анықтау мақсатында мониторингтер жүргізе бастапты. Бұл жақсы нәтижесін берді. Соңғы бес жылда Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы және оның құрамдас бөлігі Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтары егемен елімізде жаңа демократиялық, азаматтық қоғам құрудың белсенді қатысушысы бола білді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
ШЫМКЕНТ.