Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазір елімізде ерекше қамқорлыққа зәру жандарды қолдау үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан игі шаралар баршылық. Алайда мемлекетке ғана қол жайып қарап отыра беру жағдайды жақсартып жібермесі анық. Осы ретте әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Жапония, Германия және ТМД елдерінің біразында ірі компаниялардың демеуімен консультациялық қолдау орталықтары жұмыс істейтінін көреміз. Енді міне, осындай орталықтар біздің елімізде де ашыла бастады.
Qoldau консультациялық орталығы – қамқоршыларға, кәсіби күтім жасайтын мамандарға, әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілерге арналған оқыту бағдарламаларын ұсынатын алғашқы мекемелердің бірі. Онда қимыл-қозғалысы күрделі адамдар мен олардың жеке көмекшілерін жан-жақты қолдау үшін барлық жағдай жасалған. Ауыр науқастарға, қарттарға және мүгедектерге дұрыс күтім жасау үшін тек құрал-жабдықтар ғана емес, тәжірибені де қажет етеді. Мұнда кез келген адам қарт туыстарымен мүгедек адамдарды күту және оңалту бойынша кеңес ала алады. Оған қоса әлеуметтік қызметтер порталында (ӘҚП) мемлекеттік көмек алуға қалай өтініш беру керектігін де түсіндіріп, тегін көмек көрсетеді.
– Мұндай орталықтар өркениетті қоғам үшін өте қажет. Бұл – халықтың қажетті және маңызды тетіктерін инвестициялауға, дамытуға дайын жеке орталық. Көмекке мұқтаж адамдарға қандай құралдарды қолдану қажет екені кәсіби түрде үйретілсе, бұл әрқашан сұранысқа ие болды, – дейді Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұл жобаның ашылғанын ең бірінші болып Астана медицина университеті қолдапты. Өйткені қазір мұнда жеке көмекшілер ғана емес, медицина мамандары да дәріс алады. Осы ретте Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров: «Университет орталықты сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, мамандардың біліктілігін жетілдіру курстарын өткізуге, сондай-ақ жұмысқа ерікті студенттерді тартуға дайын», дейді.
Астанадағы Qoldau консультациялық орталығының жетекші маманы Назира Берікқызы қазір орталыққа медициналық жоғарғы оқу орындарының студентері көптеп келетінін айтады.
– Азаматтар жеке көмекші болу үшін немесе бұл жөніндегі қажетті ақпараттарды алу үшін Qoldau консультациялық орталығының ресми порталына тіркелгеннен кейін кез келген адам толықтай ақысыз негізде күтім жасаудың практикалық дағдыларын үйрене ала алады. Оқудан өткендердің барлығына сертификат беріледі – дейді ол.
Бұл орталық қоғамдық ұйым болғанымен, мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста. Атап айтқанда, Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және әлеуметтік мекемелер (мысалы, қарттар үйі), Белсенді және ұзақ өмір сүру орталықтарымен, қоғамдық мүгедектер бірлестіктерімен бірлесе жұмыс істейді.
– Мүгедектігі бар адамдарға, төсек тартып жатқан ауыр науқастарға және қарт кісілерге күтім жасайтын қамқоршыларға түрлі семинар өткізумен қатар, басқа да орталықтың беретін кеңестері бар. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға мемлекет тарапынан берілетін игіліктерді дұрыс игеру, яғни ақпараттық қолдау және тиісті құжаттарды тиімді рәсімдеуге кеңес беріледі. Мысалы, мемлекеттен кепілдік берілген техникалық оңалту құралдарын және ӘҚП жұмысы арқылы өтінішті дұрыс ресімдеу секілді жұмыстарға да қолдау көрсетеміз, – дейді Н.Берікқызы.
Орталықтың күтушілерге үйрететін үлгісі көп. Әсіресе төсек тартып жатып қалған науқастың жанбасы ойылып кетуі немесе несебін тоқтата алмай қалу секілді жағдайларда қандай шара қолдануға болатынын кәсіби түрде үйретеді. Мамандар мұндай қажетті тәжірибені жасырып қалмай, қуана-қуана үйретуге дайын. Бұл науқас адамдардың күтімін жасайтын күтушілер үшін үлкен демеу екені сөзсіз.
– Төсек-орын жабдығын үнемі ауыстырып тұру және ұнтақпен жуу керек. Кір төсек жаймалары тек дененің ойылуына ғана емес, басқа да дерматологиялық ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені науқас төсегі зиянды микроорганизмдердің ұясы деуге де болады. Ал науқас адам кіші және үлкен дәретін тоқтата алмаудан зардап шексе, бір реттік төсеніш немесе ересектерге арналған памперс сияқты гигиена құралдарын пайдаланудың да өзіндік тәртіптері барын ескертеміз, дейді мамандар.
Қазір бұл орталықтан тәжірибе алып жатқандардың айтар алғысы мол. Оның бірі әлеуметтік қызметкер Лаура Ақжанқызы Qoldau кәсіби жұмысына оң бағасын беріп отыр. Сонымен бірге мүгедектігі бар адамдардың жеке күтушілері де осы орталықтан көп тәжірибе жинауға болатынын айтады.
– Менің анам онкологиялық дертпен ауырады. Қазір сол қарт кісінің күтімін жасап отырмын. Qoldau консультациялық орталығының 3 сағаттық семинарына қатысып, біз біле бермейтін көптеген жайттың барына көзім жетті. Бұл – біз үшін таптырмайтын мүмкіндік. Орталықтағы мамандарға алғысымыз зор, – дейді жеке күтуші З.Мұқашова.
Қазақстан аумағындағы Qoldau консультациялық орталықтарының басшысы Анатолий Журавлев мұндай қамқорлық орталықтары TZMO SA компаниясының қолдауымен құрылғанын айтты.
– Қамқорлық пен күтім – ауыр және өте жауапты жұмыс. Qoldau орталығы жақындарында мүгедектігі бар адамдардың күтімін жасауда мол септігін тигізетін дәрістер ұсынады. Науқас адамның күтімін жасау – отырғызып-тұрғызып, тамақтандырып, дәрілерін берумен ғана шектелмейді. Үй жағдайында жасалатын түрлі ем-шаралары бар. Ол сауатты әрі кәсіби жасалмаса болмайды. Сондықтан мұндай адамдарға кәсіби қолдау қажет. Барлық тілек білдірушілерді және мұндай қолдауды қажет ететін азаматтарды біздің орталықтарда тегін тіркеліп, сапалы семинарлардан өтуге шақырамыз, – дейді А.Журавлев.