Аймақтар • 06 Наурыз, 2023

Шекарадағы ауданның шаңырағы қашан көтеріледі?

674 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­дауынан кейін Шығыс Қазақ­стан облысынан Абай облысы енші алып, жеке аймақ болып құрылды. Жаңа облыстың құрылу жоспарына сәйкес, бұған дейінгі Тарбағатай ауда­нының құрамында бол­ған және орталығы болып келген Ақсуат аумағы өз ал­ды­на жеке аудан атанды. Ал Абай облысының аума­ғында қалған Көкпекті ауда­нынан Самар ауданы бөлі­ніп, Шығыс Қазақстан облы­сының құрамына өтті.

Шекарадағы ауданның шаңырағы қашан көтеріледі?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірақ аймақтағы аудандар ара­сын­дағы бөлініс әлі аяқталмаған сияқты. Қазір өңірдегі ірі аумақтың бірі саналатын Үржар ауданын екіге бөлу туралы әңгіме шығып жатыр. Яғни кезінде жеке аудан болған Мақаншы өңірінің әкім­шілік аумағын қалпына келтіру қолға алынатын сияқты. Дегенмен болуы ықтимал бұл шешімнің қабыл­дануынан Мақаншы өңірі не ұтады, ал Үржар ауданы не жоғалтады деген сұрақ туады?

1998 жылы жүргізілген оңтай­лан­­дыру кезінде таратылып, Үржарға қар­а­тылған Мақаншы өңірінің биыл жеке аудан болып, қайтадан құры­луы қазір үкіметтік деңгейдегі комиссияда қаралып жатқанын Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев БАҚ өкілдерімен кездесуде де айт­қан болатын. Со­нымен қатар облыс орталығы – Се­мей қаласының аума­ғына кіре­тін ауылдардың негізінде бұ­рын­ғы Жаңасемей ауданы қай­тадан құрылатындығынан хабар­дар еткен еді. Бұл өз алдына бө­лек тақырып. Жалпы, Абай об­лы­сындағы ірі аудан саналатын, құрамына 27 ауылдық округ енетін Үржар ауданының қазір­гі уақыттағы экономикалық әлеуетін жоғары деуге әбден болады. Мәселен, аудандағы ха­лық­тың жалпы саны 70 мың бол­ғанымен, оның 40 мыңға жуығы Мақаншы өңірінде тұрады екен. Нақтысы, 27 ауылдық округтің 11-і осы аймақ­тың еншісінде.

Оның үстіне Мақаншының туристік әлеуеті жоғары. Қытай­мен арадағы шекара шебінде орна­ласқан суы шипалы Алакөлдің облыс туризмін дамытудағы маңызы айрықша. Нақты дерекпен айтар болсақ, Алакөл жазғы демалыс аймағында 423 кәсіпкерлік нысан орналасқан. 2022 жылы Алакөл жағалауында жеке кәсіпкерлік нысандарынан Үржар ауданының экономикасына 2 млрд 174,2 млн теңге көлемінде инвестиция құйылғанын ескерсек, Мақаншы алдағы уақытта жеке аудан болған жағдайда еңсе тіктеп кетуіне жол ашық деген сөз.

Сондай-ақ еліміздің Қытаймен сауда-экономикалық байланысын нығайтуда «Бақты» шекаралық кеден бекетінің де өзіндік үлесі бар. Биыл республикалық бюджет қа­ражаты есебінен 5,7 млрд теңгеге «Бақты» шекаралық өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жабдық­тау жұмыстарының 1-ке­­­­зеңі баста­ла­ды. Өткізу бекеті зама­науи қондыр­ғылармен оның ішінде сканерлеу аппараты, өлшеу құрылғысы, бейнебақылау камераларымен жабдықталады. Ал 2024 жылы өткізу жолдарын 6 жолаққа дейін кеңейту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, кеденнің жүк өткізу қабілеті ұлғайып, кезекке жұмсалатын уақыт 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқармақшы.

Бұдан бөлек, 2024 жылдан бас­тап «Бақты-Аягөз» темір жол құры­лысы қолға алынады. Бұл аумақ тұрғындары үшін қосым­ша 2 600 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бер­­мек. Темір жолдың жобалау, құ­ры­­лыс жұмыстарына жалпы 321 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл жо­ба «Абай облысының 2023-2027 жыл­дарға арналған кешенді даму жос­па­ры­на» енгізілген. Ұзын­ды­ғы 270 шақы­­рымға созылатын темір жол құры­лысының техника-эконо­мика­лық сипаттамасы әзірлену үстінде екен.

Осы жерде «Мақаншы ауданы құрылған соң, жер көлемі ықшам­далып, халық саны да едәуір азая­тын Үржар ауданының ендігі жағдайы, экономикалық дамуы қалай болмақ?» деген заңды сұрақ туады. Қуаныштысы, аудан әкімі Н.Тоқсейітов «Мақаншы еншісін алып «бөлек шықса» да, Үржардың ахуалы бұрынғысынан да жақсара береді» деген пікірде.

«Мақаншы өңіріне қарасты «Бақты» кеден бекеті, Алакөл демалыс айма­ғынан бөлек Үржар ауданының өз аумағында егістік, мал шаруашылығы кәсібі жақсы дамыған. Үржардың жері құнарлы екенін жұрт жақсы біледі. Шолпан, Қарақол ауылдары қауын-қарбыз егіп, өнімін алып, игілігін көріп отыр. Аудандағы жалпы егін шаруашылығының 67 пайызы Үржар аумағының үлесінде. Сүт өнімдерін қабылдайтын, егістік алқабынан түсетін пайдамен тіршілігін дөңгелетіп отырған ірі шаруашылықтар бар. Егістік алқаптарын жаңбырлатып суару тенологиясы да қарқынды енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Urdzhar Agro Company» ЖШС 2024 жылға дейін 2 200 га жерді суару үшін 24 жаңбырлатқыш қондырғысын орнатуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 3 млрд 538 млн теңге. Бүгінгі күнге 1,5 млрд теңгеге 9 қондырғы орнатып үлгерді. Сол сияқты «Muhit Agro» ЖШС 960 га жерді 12 жаңбырлатқыш қондырғы арқылы суаруға кіріспек. Бұл жобаның құны – 1 млрд 423 млн теңге. Осындай игі істер өз жүйесімен жалғасса, аудан экономикасының даму динамикасы төмендемейтіні анық. Мақаншы өңірінің халқы да еңбекқор. Жалпы, біз үшін елдің тұрмыс-тіршілігін бірге нығайту міндеті тұр», дейді Үржар ауданының әкімі Н.Тоқсейтіов.

 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

журналист

 

Абай облысы