Қоғам • 06 Наурыз, 2023

Әлеуметтік салаға қолдау

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірге жұмыс сапарымен келген Алтай Көлгінов әлеуметтік саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде іске асырылу барысымен танысты.

Әлеуметтік салаға қолдау

Премьер-министрдің орын­басары алдымен облыс­тық ауруханаға барып, дәрі­гер­лермен кездесті. Қос­танай­да көпсалалы заманауи ауру­­хана салу жоспарланып отыр. Қазір ғимараттың ор­нын анық­тау жұмыстары жүріп жатыр. Мұның сыртында, об­лыс орталығында жаңа перина­тал­дық орталық бой көтермек.

Алтай Көлгінов бұл мә­се­­лені Денсаулық сақтау ми­нистрлігімен кеңесе отырып шешуді тапсырды.

– Өңірлерде 12 жаңа пери­наталдық орталық салу жос­парда тұр. Орталықтың қай жерде бой көтеретінін жер­­гілікті билік белгілесін. Қо­сым­ша ұсыныстарыңызды Ден­саулық сақтау министр­лігі­мен бірлесе отырып ше­шейік. Біз тиісті қаражатты бөлеміз, ол жағынан қам жемеңіздер, деді Алтай Көлгінов.

Үкімет басшысының орынбасары одан кейін «Береке» шағын ауданында 2021 жылдан бері салынып жатқан үш қабатты мектептің құры­лысымен танысты. Мұн­дағы құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында аяқталуы тиіс. Осы мақсатта Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан тағы 1,3 млрд теңге қаржы бөлінеді.

Одан кейін А.Көлгінов Қостанай ауданына қарас­ты Жуков ауылының тұр­ғын­­­дарымен кездесті. Мұн­да­ғы мектеп ғимараты талапқа сай емес. Оның үстіне, ауыл хал­қы­ның біразы орыстілді бол­ғанымен, соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мек­теп ашылғанын қалайтын тұр­ғындар көбейіп келеді. Олар­­дың айтуынша, мектеп ғи­мараты ескі. Оны күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі, жаңадан салған дұрыс.

А.Көлгінов аудан басшыларына бұл ауылда мектеп салу үшін алдымен оның жобалық-сметалық құжатын дайындауды тапсырып, мектептің жобасын әзірлегенде, 100 орыннан кем болмауын ескертті. Өйткені оқушы саны 100-ден кем болса, заң жүзінде мұндай шағын мектептер мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.

– Құжат дайын болған соң, біз бірден қаржы бөлеміз. Қостанай өңіріне жұмыс сапарым барысында облыс орталығынан қайтып кет­пей, ауылға да ат басын бұ­рып отыр­мын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяу­да ауылдарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойғанын білесіздер. Ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарының табысы жоғары жұмысы болуы керек. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасын қабылдадық. Бағдарлама аясында өздеріңіз сияқты ауыл тұрғындары жеке кәсіп ашып, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады, деді Алтай Көлгінов.

Премьер-министрдің орын­­­басары өңірге жұмыс са­па­рының соңында Ыбырай Алтынсарин кесенесіне барып, ұлы ағартушының рухына тағзым етті.

 

Қостанай облысы