Саясат • 09 Наурыз, 2023

Мәулен Әшімбаев: «Орталық органдардағы шешімдер өңірлердің мүддесіне негізделіп қабылдануы керек»

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік органдарда өңірлер мен орталық арасындағы кадрлық ротацияны қамтамасыз ету керектігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: «Орталық органдардағы шешімдер өңірлердің мүддесіне негізделіп қабылдануы керек»

«Қазіргі таңда орталық органдардағы мемлекеттік қызметшілердің көбінде өңірлерде жұмыс істеген тәжірибесі жоқ. Сондықтан олар аймақтардағы мәселелерді жақсы біледі деп айта алмаймыз. Жалпы, Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы шешімдер өңірлердің мүддесіне негізделіп қабылдануы керек. Бүгін қарап жатқан заң жобасы осы мәселені оң шешуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері өңірлердің арасындағы ротация мәселесіне де назар аударды.

«Бұл ретте өңірлердің арасындағы кадрлық ротацияны қамтамасыз етудің де маңызы зор. Мысалы, батыстағы азаматтар шығысқа, солтүстіктегілер оңтүстікке барып жұмыс істейтіндей мүмкіндіктер болуы қажет. Сондықтан азаматтарымыздың әр өңірде жұмыс істеуіне жол ашып беруіміз керек. Бұл елімізді біртұтас мемлекет ретінде дамытуға өз үлесін қосатын маңызды қадам екені сөзсіз», деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Мәулен Әшімбаев заң қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін онда көрсетілген нормалар қағаз жүзінде қалмай, тиісті мемлекеттік орган ротация механизмдерін дәйекті түрде іске асыруы керектігін атап өтті.