Президент өңір белсенділерімен пікір алмасты. Ол бүгін аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып жүргенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанды еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ деп атап өтті.
«Облыстың әлеуеті зор. Елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе – бейбітшілік, өзара түсіністік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмайды. Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кездесуге қатысқан ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағанын атап өтті.