Төтенше жағдай • 10 Наурыз, 2023

Дария деңгейі: Үрейден гөрі үміт басым

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылордалықтар «дария тасыпты» дегенді естімегелі 4-5 жылдың жүзі болды-ау. Осыдан да бар тіршілігі Сырдарияға байланған аграрлы аймақта су тапшылығы байқалып, несібесін жерден терген егінші елдің көңілі пәс болатын. Бұрынғыдай мол су түспегесін Кіші Аралдың да ауқымы кішірейіп, жұрт көкейінде «алып айдынның ертеңі қалай болады?» деген күдіктің қоюлана бастағаны да байқалатын еді. Бірақ биыл жоғарыдағы Шардара су қоймасы толып, арнаға жіберілетін су күрт молайды.

Дария деңгейі: Үрейден гөрі үміт басым

Жыл басындағы 2 айда кіші Аралға 800 млн текше метр су жиналыпты, бұл былтыр жыл бойы кіші теңізге құй­ған көлеммен пара-пар көрсеткіш. Осылайша, теңіз деңгейі 2022 жылдың қазан айымен салыстырғанда 48 сантиметрге артты.

Сырдағы күн райы да өзге өңірлер климатына ұқсай бермейді. Қыстың көктемге ұласар мезгілінде оңтүстік аудан саналатын Жаңақорған мен Шиеліде сең жүріп, бой жіпсітер жаймашуақ орнаса, солтүстік бөлігінде, әсіресе, Қармақшы, Қазалы мен Арал ауданында мұз көбесі сөгіл­местен сіресіп жатады.

Биыл наурыздың басында-ақ Қызылорда қаласының тұсынан сең өтті. Арал-Сыр­дария бассейндік инспекциясы, «Қазсушар» РМК, төтен­ше жағдай саласы мен жер­гілікті әкімдіктер қазір осы мол суды шығынсыз өткізіп жіберудің қамында жүр. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылау күшейіп, мұздың кідіріссіз жүруі тұрақты қада­ғаланып тұр. Жағдайды күн­делікті саралап отырған ма­мандар болжамынша 25 нау­рызға дейін мұз толық өтеді. Бүгінде су басу қаупі бар 29 аймаққа 136 мекеме бекітілді. Жалпы 1083 адам мен 368 арнайы техника осы жұмысқа жұмылдырылып отыр. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор қалыптастырылды.

Айтқан жерден аулақ, де­­генмен дария арнасынан асып, елді мекендерге қауіп төнетіндей жағдай туса ха­лық­ты көшіру пункттері дайын тұр. «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары мамандары өзен арнасындағы 10 бекет пен 4 су торабындағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жасап отыр.

Сең Жалағаш ауданы тұ­сына жеткенде М.Шә­ме­нов, Таң, Қаракеткен, Далда­бай елді мекендерінің маңында мұздың кептелісі байқалып. «Шөмен қайыры» учаскесінде мұз жару жұмыстары жүр­гізілді.

Дегенмен Қармақшы ауданы Қызылтам елді мекені тұсындағы дария суы арнадан асып, «Жалағаш-Жосалы» бағытындағы жол уақытша жабылды. Бірақ бұдан елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. Телегей су жайылымдық алқаптарға жіберілді. Осы кү­ні Қызылтам елді мекені маңындағы су деңгейі 1 метрге, Жалағаш ауданымен шекаралас аумақта 30 сан­тиметрге, Жаңажол мен Иіркөл ауылдық округтерінің аралығындағы бөлікте 14 сантиметрге түскен.

Қазір арнамен жылжыған қоймалжың мұз Қармақшы ауданына жетті. Осыған байланысты барлық қорғаныс бөгеттері бақылауға алынған. Кешегі мерекеде Жосалы кен­ті мен Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері кезекшілікке шығып, дария бойын тәулік бойы қадағалап жүр­ді. Ау­дан әкімі Жандос Еркін­бек су басу қаупі төнген аймақ­тардағы қорғаныс бекетте­рінің жағдайымен танысып, кент,ауылдық округ әкім­дері мен тиісті сала басшы­ларының қатысуымен өткен мәжілісте кезекшілік кестесін бекітті.

– Бүгінде «Шардара» су қоймасынан арнаға таста­лар су көлемі 829 текше метрге жетті. Бұл су облыс шекарасына алты, ал қазір сең жүріп жатқан Қармақшы ау­да­ны аумағына 10-11 күн­де жетеді. Оған дейін мұз то­лық кетеді. Дәл қазір сең аудандағы Қорқыт ата кеше­ні маңайында тұр. Біз сонда мұздың қауіпсіз өтуін қада­ғалап жүрміз. Биылғы мол суды кіші Арал теңізіне жеткізіп алсақ, соңғы жыл­дар­дағы тапшылықтан 8 млрд текше метрдей су жоғалт­қан айдынның ауқымы біраз кеңейіп қалар еді, дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Зейнулла Қазтоғанов.

Осы күні облыс аумағы­на секундына 778 текше метр су жетіп тұр. Арнада мұз ұстасқалы бері артық су қаң­сып тұрған көлдер жүйе­сіне, жайылым­дық алқаптарға жіберіліп жатыр. Дариядағы мол судан үрейленіп отырған ел жоқ, есесіне «ертеңгі екке­німіз еселенер» деген үміт басым.

 

Қызылорда