Саясат • 10 Наурыз, 2023

Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр – Ермұхамед Ертісбаев

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамед Ертісбаев барша қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр – Ермұхамед Ертісбаев

«Біздің партиямыздың идеясы – социализм. «Қайдағы социализм?» деп сұрауларыңыз мүмкін. Мысалы, скандинавиялық социализм бар. Норвегия осыдан жарты ғасыр бұрын ғана Солтүстік теңізден мұнай мен газдың орасан зор қорын тапқан. Ал қазір әрбір норвегиялықтың арнайы шотында орта есеппен 238 мың еуро жатыр. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бізде идея бар, сол идеяға қадам басып келеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, егер 19 наурызда миллиондаған адам Халық партиясының бағдарламасын қолдаса, бұл идея материалдық күшке айналады. Біз бұл іске ізгі ниетпен қараймыз», деді Ермұхамед Ертісбаев КТК телеарнасында өткен жатқан телевизиялық пікірсайыста.

Сондай-ақ ол пікірсайысқа қатысушыларды елдің орта және ұзақмерзімді даму келешегі туралы пайымын паш етуге үндеді.

«Түсінесіздер ме, біз қазір цифрлар мен фактілерге, алуан түрлі уәделерге еріп кетуіміз мүмкін. Ал пікірсайыс деген - пікір алмасып, идея бөлісетін алаң», деді Е. Ертісбаев.

Оның айтуынша, халық нақты өзгерістерді қалайды.

«19 наурызда кімге дауыс берсеңіздер де, өзіңіз білесіз. Тек азаматтық, конституциялық парызыңызды орындасаңыз болды, ең бастысы – сайлауға келіңіздер!», деді партия төрағасы.