Құқық • 13 Наурыз, 2023

Жалақыны өсіруді талап етті

291 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыртықты жамауға жетпейтін жалақы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының тазалығына жауапты жұмысшылардың жүйке­сіне ши жүгіртті. Күл-қоқыстан бөлек, өлген ит пен құсқа дейін тазалайтын қарапайым азаматтар жауапты серіктестік басшылары жала­қы­мызды көтеруге келгенде жауапсыздық танытып отыр деп бас көтерді.

Жалақыны өсіруді талап етті

Жалпы, жұрт автобан атап кеткен автожолдың бойында тынбай жұ­мыс істейтін қызметкерлер шай­лық­қа жетпейтін айлық мәселе­сін көтеріп, тіпті бірнеше күн жұмысқа шығу­дан да бас тарт­қан. Олардың сөзіне сенсек, зейнет­ақы қоры мен меди­ци­налық сақтандыру шотына тиісті қаражат аударылмаған көрінеді. Кейінгі бірнеше айдың бедерінде арнайы киім киген қызметкерлердің бас көтеруі өңірде тұрақты жағдайға айнала бастаған секілді. Олардың барлығы да жалақының мардымсыз екенін алға тартып, жанайқайын жеткізіп жатады. Жағдайы жақсы болса, қарапайым азаматтар бас көтеріп қайтсін? Әлеуметтік тең­сіздіктен әбден қажығаннан кейін азаматтар амалсыз айлық мәселе­сін алға тартып жүр ғой. Әулие­аталықтардың ашынған даусын еститін адам бар ма?

«Қоқыстан бөлек, өлген ит пен құсты да тазалап жатамыз. Жол бойындағы белгілерді қалыпқа келтіреміз. Қыстың көзі қырауда жолдағы қарды тазалаймыз. Күннің суығына да қарамаймыз. Айлығымыз соған сай болса деген тіле­гіміз бар», дейді жұмысшылардың бірі Данияр Сұлтанқұлов жағдайды түсіндіріп.

Расында да, күре жолдың бойындағы қоқысты қысы-жазы тазалап жүрген азаматтардың еңбегі адал екені ақи­қат. Қай кезде де қызметін лайық­ты атқаратын қарапайым халықтың мақ­саты айқын. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан шақта жалақының көтерілгенін қалайды. Оларда басқа ой да, арман да жоқ. Сол үшін де шырылдап бас көте­ріп жүр. Тіпті, кейде бұл әрекеттері бас­шыларға жақпай қалады.

Жауапты серіктестіктің жетек­ші­­лері жұмысшылар айтқан арызды жоқ­қа шығара алмай отыр. Жұ­мыстың қалыпты ырғақпен жүруіне жағдай жасай алмаған маманды жазалаған да екен. Алайда мәселе мұнымен шешіле салса мейлі ғой...

«Біз өзімізге тиесілі көлемді тен­дер арқылы ұтып алған едік. Бас­шы­лар мен заңгер бар, есепші бар, барлығы отырып қаржылық жағ­дайды талқылайды. Өйткені көрсе­тілген мерзімге, яғни екі жыл­ға жет­кізу керек. Ал қазір жұмыс­шылар сұрап отырғандай жала­қ­ыны 30 пайыз­ға арттырсақ, алған көлемімізді жыл аяғына дейін жеткізе алмаймыз. Осыны ескерген жөн шығар», дейді «ШымкентСпецСтрой» ЖШС директорының орынбасары Руслан Бектұрсынов.

Жағдайды мұқият зерделеген «Қа­завтожол» компаниясының өкіл­дері тараптардың дауына түбегейлі араласа алмайды. Өйтке­ні мердігерге келісім­шарт негізіндегі қаржыны уақ­ты­лы ауда­рып отырады. Ал қалған мәселені серік­тестік басшылары өздері шешеді. Қыс­қасы, жұмысшылар мен серіктестік бас­шылары өзара келісімге келмесе, жағ­дайдың жедел реттеле қоюы екіталай секілді.

Автобандағы айқайға нүкте қоя алатын адам бар-жоғын кім біл­сін? Қалай алып қарасақ та, мер­дігер компания көрші өңірде тір­келген. Олардың басшыларына біз­дің жергілікті атқарушы би­лік­тің пәрмені өте ме, өтпей ме, ол жа­ғын білмедік. Алайда жергі­лік­ті тұ­рғындардың талабы билік басын­дағылардың назарынан тыс қалмаса дейсің.

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз осындайда ойға орала беретіні рас. Жағдайы жақсы болса, Жамбылдың жайсаң халқы да бас көтермес еді ғой. Ай­лық­тың аздығы оларды осындай қадамға баруға итермелеп отыр­ғаны сөзсіз. Серіктестік басшылары жұмысшылармен келісімге келіп, жағдайды реттеуге күш салса деген тілек бар. Өйткені қара жұ­мысқа жегілген жұрттың адал еңбегі лайықты бағалануға тиіс.

 

Жамбыл облысы