Сайлау • 13 Наурыз, 2023

Сайлау: Өңірлер дайындығы жоғары

218 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі және жер­гілікті мәслихаттарға сайлауды әзірлеу мен өткізу шең­берінде инспекциялық сапарын Қызылорда, Түркістан облыс­тары мен Шымкент қаласында жалғастырды.

Сайлау: Өңірлер дайындығы жоғары

Іссапарға Орталық сайлау комис­сиясының хатшысы Мұхтар Ерман және ОСК аппаратының жауапты қыз­меткерлері де қатысты.

Қызылорда облысында ОСК басшысы аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өткізді. Іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, салалық басқарма және департамент басшылары, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабының өкілдері, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді миссиясының өкілдері Вероника Куралт (Словения) және Роман Дэвид Магри (Швейцария), сондай-ақ БАҚ өкілдері шақырылды.

Нұрлан Әбдіров биылғы сайлау науқанының маңыздылығын атап өтіп, сайлау заңнамасының жаңалықтарына және бір мандатты аумақтық сайлау округтері мен саяси партиялардан кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдері­нің негізгі қорытындыларына жан-жақ­ты тоқталды. Ал облыстық әкімдіктің басшылығы, прокуратура, поли­ция, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының өкілдері және аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Комиссия мүшелері дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі мінез-құлық ережелерін міндетті түрде білу керек. Сайлау үдерісінің барлық қатысу­шы­сы, соның ішінде байқау­шылар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары және БАҚ дауыс беруге арналған үй-жайға келген сәттен бастап осы ережелердің мазмұнымен міндетті түрде танысуға тиіс», деді Н.Әбдіров.

Кеңес барысында облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов өңірде 486 002 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілгенін атап өтті.

«Облыста мүгедектігі бар 20 324 сайлаушы бар. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, 373 сайлау учаскесінің 368-і республикалық интерактивті қолжетімді картасына енгізілген. Өңірде кандидаттардың үгіт материалдарын орналастырған билбордтар үшін 466 орын, баспа материалдары үшін 268 үй-жай және сайлаушылармен кездесу үшін 169 орын бөлінді. Консультативтік көмек көрсету және сайлаушыларды ақпараттандыру бо­йынша да жұмыстар жүргізілуде», деді Ш.Байманов.

Аймақта Egov порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру бойынша онлайн-сервисті орнату үшін дауыс беру күні 169 сайлау учаскесі анықталды. Бұдан басқа азаматтардың сайлау құқығын тіркеусіз іске асыру мақсатында Қызылорда қаласында 5 сайлау учаскесінде азаматтар учаскенің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуді ресімдеу арқылы да­уыс бере алады. Бұл учаскелерде ХҚКО қызметкерлері жұмыс істейді, сондай-ақ интерактивті тақта қолжетімді болады, оның көмегімен сайлаушылар қызметтерді өз бетінше ала алады.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы Ғабит Жаңабаевтың мәлімдеуінше, сайлау күні мүгедектігі бар адамдарға 34 инватакси және 42 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді.

Кеңесте облыс прокурорының орын­басары Нұрболат Дүйсенбаев және облыстық полиция департаменті басты­ғының бірінші орынбасары Шамшидин Әмітов сайлау науқаны барысында заң­дылықтың сақталуын қадағалау, құ­қық­тық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сөз сөйледі.

Отырыс соңында ОСК төрағасы өңір­дегі сайлау үдерісінің барлық қаты­су­шысын алдағы сайлауды заң талап­тарына қатаң сәйкестікте өткізуге шақырды.

Семинар-кеңестің екінші бөлімінде «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны ұйымдастырылып, сайлау күні сайлау комиссияларының жұмыс алгоритмі модельденді. Іскерлік ойынға Қорқыт ата атындағы университеттің студенттері қа­тысты. Сайлау комиссияларының мү­ше­лері сайлау үдерісінің ерекше­лік­терін және дауыс беру тәртібін көрсетті.

Бұдан әрі ОСК төрағасы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесіп, Қызылорда қаласында ор­наласқан №207 сайлау учаскесінің жұмы­сымен танысты. Мұнда «Өзіңді сайлау­шылар тізімінен тексер» сер­висі таныстырылып, saylau.orda.gov.kz плат­формасының мүмкіндіктері көрсетілді.

Түркістан облысына сапары барысында Нұрлан Әбдіров сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді. Кеңеске аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік органдардың қыз­меткерлері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді миссиясының өкілдері Юстина Рудминайте (Литва), Валерий Амисулашвили (Грузия) және «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ қатысты.

Облыста 1 млн 176 мың 658 сайлау­шы бар. Облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Тәжібаевтың мәлімдеуінше, саяси дода күні 941 сайлау учаскесі, «109» бірыңғай call-орталығы және қалалар мен аудандар әкімдіктерінде 17 call-орталық жұмыс істейді.

«Халықтың сайлау белсенділігін арттыру мақсатында өңірде 1575 баннер орналастырылды. Сондай-ақ халық көп шоғырланған жерлерде ақпараттық бейнероликтер үнемі көрсетіліп тұрады. Кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 646 орын және кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 330 үй-жай анықталды. Сондай-ақ облыста 97 600 мүгедектігі бар азамат тұрады. Осыған орай бүгінгі таңда облыстың барлық сай­лау учаскесі мүгедектігі бар адам­дар­ды қабылдауға бейімделген. Сайлау күні облыста 43 инватакси және 50 әлеуметтік такси жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ым тілінің 114 маманының қыз­мет­терін ұйымдастыру жоспарла­нып, барлық сайлау учаскесі бір тұрақ­ты және 2 жылжымалы сайлау жәшік­терімен қамтамасыз етілді», деді облыс әкімінің орынбасары.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету өте маңызды мәселе. Олар үшін сайлау учаскелері қосымша жарықтандыру, арнайы жабдықтар және техникалық мүм­кіндіктермен жарақтандырылған арнайы бұрыштар, сондай-ақ арнайы кабиналар, тактильді көрсеткіштер мен пандустар орнатылуға тиіс», деді Нұрлан Әбдіров.

Кеңес барысында облыс проку­роры­ның міндетін атқарушы Саян Келдібеков пен полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев сайлау науқаны кезінде заңдылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Семинардың екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны түріндегі тренинг ұйымдастырылды. Кейіннен ОСК төрағасы кейбір сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді. №25 аудандық сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, Түркістан қаласының №900 сайлау учаскесіне арнайы ат басын бұрған Ортсайлауком басшысы дауыс беруге арналған үй-жайларда комиссия мүшелерінің үстелдері мен қоғамдық бірлес­тіктердің байқаушылары үшін орын­дардың орналасуының ыңғайлы­лығына ерекше назар аударды. Кей учас­кеде бірқатар ескерту жасап, комиссия мүшелеріне ұлттық және халықаралық байқаушылардың, БАҚ өкілдеріне да­уыс беру кезінде және дауыстарды санау рәсімінде қажетті шолуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берді.

Шымкент қаласында Нұрлан Әбдіров әкімдік қызметкерлері, қала­лық, аудандық, аумақтық сайлау коми­с­сияларының мүшелері, қала­ның округтік және учаскелік сайлау комис­сияларының төрағалары, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді миссия, саяси партиялар, қалалық прокуратура, полиция департаменті, ішкі саясат басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен кеңес өткізді.

Қала әкімі аппаратының басшы­сы Ғабит Мәуленқұловтың мәлімдеуін­ше, мегаполисте сайлаушылар саны – 639 663. Олар үшін 330 сайлау учас­кесі ашылған.

«Азаматтар өздерін сайлаушылар тізімінен іздеуі үшін i-shymkent.kz ар­найы сервисі жұмыс істейді және Telegram-Bot іске қосылды. Сондай-ақ GIS 2-қосымшасында «Сайлау учаскесін іздеу» қызметі қарастырылған, онда сайлаушы өзінің сайлау учаскесін және оған ең қысқа жолды таба алады. Сондай-ақ сайлау күні Шымкентте қоғамдық көлікте тегін жол жүру ұйымдастырылады», деді Ғ.Мәуленқұлов.

Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова хабарлады. Ол қалада дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 6254 мүгедектігі бар сайлаушы бар екенін хабарлады. Оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 1 263 азамат, көру қабілетінен айырылған – 3 572, есту және сөйлеу қабілетінен айырылған 1419 азамат бар.

Нұрлан Әбдіров 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол осындай сайлаушымен кездесуге немесе қоңырау шалуға және сайлауға шақыруға, қажет болған жағдайда шақыруларды атаулы түрде тапсыруға кеңес берді. ОСК басшысы сайлау күні «Инватакси» қызметі мен сурдоаудармашылардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті.

Кеңес барысында қала прокуроры Ғабит Мұқанов заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы сөз сөйледі.

«Қаланың қадағалау органы бас­шысының назарын азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге аударғым келеді. Сайлауға дейін санаулы күндер қалды. Сондықтан сайлау науқанына қатысты халықтың шағымдарына жедел ден қою және олар бойынша қажетті шараларды жедел қабылдау маңызды», деді ОСК төрағасы.

Өз кезегінде қалалық полиция депар­таментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жиналысқа қатысушыларды сайлау күні құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы хабардар етті.

ОСК төрағасы дауыс беру күні учас­келерде полиция қызметкерлерінің болуына жол берілмейтінін атап өтті, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиналыстан кейін Нұрлан Әбдіров және ОСК аппаратының қызметкерлері №106 сайлау учаскесінде сайлау комис­сияларының мүшелері үшін іскерлік ойын форматында оқыту тренингін өткізді. Тренинг барысында барлық өңірлердегідей сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмысты ұйымдастыру бойынша тәжірибелік білім алды.

Содан кейін Ортсайлауком басшысы бірнеше сайлау учаскесіне барып, комиссия мүшелерімен кездесіп, алдағы сайлауға дайындық барысын тексеріп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Нұрлан Мәжитұлы барлық деңгей­дегі комиссия мүшелерінің назарын құжаттарды (отырыстардың хат­тама­лары, шешімдер, дауыс беру қоры­тындылары туралы хаттамалар, акті­лер, тізілімдер және т.б.) сауатты құрас­тыруға аударды.

Ол сондай-ақ сайлаушыларға бюллетеньдер беру кезінде ерекше назар аудару, соның ішінде сайлаушылар тізімі журналында және олардың жеке куәліктерінде қойылған азаматтардың қолтаңбаларының сәйкестігін тексеру маңызды екенін атап өтті. Кездесу соңында ОСК төрағасы сайлау ко­мис­сияларының мүшелеріне сайлау комиссияларының тиімді жұмы­сын ұйымдастыруға, сондай-ақ сай­лау үдерісінің барлық қатысушысына қажетті жағдайлар жасауға көбірек көңіл бөлуді ұсынды.

«Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алдағы сайлауы заңнама талаптарына сәйкес қатаң және ашық өтуге тиіс», деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.