Қоғам • 13 Наурыз, 2023

Көршісін баласымен бірге өртеп жіберген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл бұрын Қостанай облысының Рудный қаласында келеңсіз оқиға болды. Қала тұрғыны өзінің көршісі мен оның баласын өртеп жіберген. Мамандардың айтуынша, осындай ауыр қылмысқа барған ер адамның ақыл-есінде кемістігі бар, деп хабарлайды  Egemen.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме  жасап.

Көршісін баласымен бірге өртеп жіберген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді

Жантүршегерлік оқиға өткен жылдың 16 наурызында болған.

Сол күні 44 жастағы ер адам көршісіне келіп, оның есігін қаққан. Есікті ашқан сәтте ол 32 жастағы әйел мен оның 4 жасар баласының үстіне керосин құйып, өртеп жіберген.

Полиция қызметкерлірнің айтуынша, бұл әрекетке көршілер арасында туындаған келіспеушілік себеп болған.

Әйелдің қолын күйік шалған, ал бала 40%-дық күйікпен жансақтау бөліміне түсті. Оған 10-нан астам ота жасалған.

Ал бүгін Қостанайда осы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты.

Бұл қылмысты 1979 жылы туған Геннадий Миллер жасағаны анықталды.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 520, 521-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Геннадий Миллерді Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы, 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 3-бөлігінде көзделген заңмен тыйым салынған қылмыстық іс-әрекетті ақыл-есінің кемістігінен жасады деп таныды. Әлеуметтік қауіпті әрекетті жасау кезінде Геннадий Миллердің ақыл-есінің дұрыс болмауына байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған жіті бақыланатын психиатриялық стационарда емдеу түріндегі медициналық мәжбүрлеу шаралары тағайындалсын», деп судья үкім шығарды.

Оған қоса қылмыскер жәбірленуші тарапқа моральдық зиян келтіргені үшін 2,5 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.