Қоғам • 14 Наурыз, 2023

Суға толған жертөлелер

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүйсенбіге қараған түн Орал қаласының Зашаған кенті тұрғындары үшін үрейлі болды. Сарытау шағын ауданында жиналған қар суы арыққа сыймай ағып, Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты үйлердің жертөлесіне құйылған.

Суға толған жертөлелер

«Жұмыстан үйге кешкі 20.00-дер шамасында келген едім. Үйге жақындағаннан-ақ қар­балас қимыл, жиылған жұртты байқадым. Бү­кіл ауламыз айдын көлге айналған. Біздің жа­нымыздағы үйдің жертөлесіне су құйылып кетіпті. Көп кешікпей біздің үйдің де асты суға толды. Қа­уіпсіздік үшін үйді электр желісінен ажы­раттық. Мен өзім құжаттарымды әзірлеп, түнгі сағат 03.00.-ге дейін ұйықтамадым», дейді Мұ­рат Мөңкеұлы көшесіндегі №105/1 үйде тұра­тын Айгүл Оразбекова. Мөңкеұлы көшесінен көп­қабатты 8 үйдің жертөлесіне су кіріп, электр же­лісінен ажыратылғаны белгілі болды. Міне, бір тәу­лікке жақындады, ол үйлер жарықсыз отыр.

«2023 жылғы 12 наурызда сағат 15.00-ден бастап температураның +12 градусқа дейін күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі нәти­жесінде Сарытау және «Свистун» тау­ларынан (биіктігі 300 м.) қалаға еңіс жерлермен Зашаған кентінің Саратов трассасы бойындағы жұмыс істеп тұрған арналар бойымен судың көп мөлшері келіп, еріген су көлемі жобалық өткізу қабілеттілігінен асып түсті. Нәтижесінде, Сарытау шағын ауданы бойын­ша су жайыл­ды», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Мөңкеұлы көшесіндегі тұрғындарды құт­қару үшін жергілікті атқарушы органдар, тө­теншеліктер, Ұлттық ұлан сарбаздары тізе қо­сып жұмылып, 250-дей адам, 200-ге тарта тех­ника кенттегі тұрғын үйлерді одан әрі су ба­суға жібермей алып қалды. Көпқабатты 2 үй­дің жертөлесінен су сорылып, тазартылған.

Орал қаласы бойынша 27 құрама-эвакуа­циялық пункт бекітілген. Су басу қаупі төнген жағ­дайда ха­лықты орналастыру үшін қосымша 10 мектеп, 1 мә­дениет үйі және 1 спорт кешені әзір тұр. Бұған қоса қажет жағдайда халықты кө­шіруге 30 автобус, Орал қаласынан 2 қонақ­үй дайын­далған.

Аудандардан да алаңдаушылық білдіріп жатқандар бар. Қаратөбе ауданында Қалды­ғайты өзені Аққозы ауылының тұсында өткелді бұзғанын, Қаратөбе – Жымпиты аралығында автожол үстінен қарғын су өткенін, Бөрлі ауданында да қауіпті ахуал қалыптасқанын халық­тың өзі хабарлап жатыр.

Бәйтерек ауданында ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары далада қалған 20 бас қойды құтқарып, судың арғы бетінен моторлы қайықпен алып шыққан.

 

Батыс Қазақстан облысы