Сайлау • 14 Наурыз, 2023

Байқаушыларды аккредиттеу аяқталды

228 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауын 34 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымның 300-ден астам байқаушысы бақылайды. Ал бүгіннен бастап сауалнама нәтижелері туралы ақпаратты жариялауға, сондай-ақ қайта басып шығаруға тыйым салынады. Бұл жөнінде Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында хабарланды.

Байқаушыларды аккредиттеу аяқталды

Отырыс барысында халықаралық және ұлттық байқаушыларды аккредиттеу мәсе­ле­лері, шет мемлекеттер мен халық­ара­лық ұйымдардың байқау­шы­ла­рын аккредиттеу қорытындылары, сон­дай-ақ сайлау күні санитарлық-профи­лак­тикалық шараларды қамтамасыз ету мәсе­лелері қаралды.

Облыстар мен үш мегаполистің аумақ­тық сайлау комиссиялары онлайн режімде қатысқан жиынға саяси партиялар, БАҚ өкілдері, Бас прокуратура, сыртқы істер, әділет, ішкі істер, қаржы, ақпарат және қо­ғамдық даму, денсаулық сақтау минис­тр­ліктерінің жауапты адамдары да шақы­рыл­ды.

Дәстүрлі түрде отырысқа ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссия­сының және ТМД байқаушылар миссия­сының өкілдері қатысты. «Пар­ла­мент Мәжілісі мен республика мәс­лихат­тарына сайлауды әзірлеу мен өткізу шеңберінде Орталық сайлау комис­сия­сы­ның мүшелері 21 ақпаннан бастап сайлау комиссияларына әдістемелік және прак­тикалық көмек көрсету үшін өңір­лерге инспекциялық сапар жасады. Сапарлар барысында Ортсайлауком мүшелері аумақтық және округтік сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дайындығына көз жеткізді. Сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша мемлекеттік органдар­дың өңірлік құрылымдары басшыларының қа­тысуымен кеңестер өткізді», деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Дауыс беру күніне учаскелерді да­йын­дау және азаматтарға, оның ішін­де мүгедектігі бар және ерекше қажет­ті­лік­тері бар адамдарға қажетті жағдай жа­сауға ерекше назар аударылып отыр. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін даярлау бо­йынша оқыту тренингі де өткізілді.

«Сайлау туралы» Конституциялық заң­­ның нормаларына сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жергілікті уақыт бойынша дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 13 наурызда сағат 18.00-де аяқталады», деді ОСК төрағасы.

Комиссия хатшысы Мұхтар Ерманның мәлімдеуінше, халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 34 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымнан 322 байқаушы аккредиттелген.

Аккредиттеуге 17 шет мемлекет пен ­­9 ­­халықаралық ұйымнан 473 байқаушының кандидатурасы ұсынылды. Атап айтқанда, Аустрия, Моңғолия, Ресей, Солтүстік Ма­ке­дония және Оңтүстік Африка Респуб­лика­сынан – 1, Әзербайжан, Индонезия, Мажарстан, Румыния және Франциядан – 2, Филиппин, Финляндия және Жапониядан – 3, Германия мен Түркиядан – 4, Өзбекстаннан – 5, АҚШ-тан – 19, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан – 284, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 79, ТМД байқаушылар миссиясынан – 8, ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан – 22, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 1, ШЫҰ-дан – 16, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан – 3, Түркі мемлекеттері ұйымы және Жерорта теңізі Парламенттік Ассам­блея­­сынан 2 кандидатура тіркелген.

«ОСК-ға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының құрамында қысқа мерзімді байқаушылар ретінде бұрын аккредиттелген Канаданың 2 өкілін аккредиттеуді кері қайтару туралы нота және Түркі мемлекеттері ұйы­мы миссиясының 2 мүшесін байқауға қатыса алмайтыны және осы миссияның құрамына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы нота алу туралы СІМ ұсынымы келіп түсті. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы қабылдады», деп мәлімдеді М.Ерман.

ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, сайлау науқаны жаңалық­та­рының бірі – сайлауды байқау үшін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу.

«Жарғыларында сайлауды байқау жөніндегі қызмет көзделген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуге жатады. Саяси партиялардың байқауды жүзеге асыру үшін аккредиттеу талап етілмейді. Ак­кредиттеу белгілі бір сайлау науқанына байланысты емес. Аккредиттеуді алу үшін тиісті сайлау комиссиясына нысан бойынша өтініш және сайлауды байқауды жүзеге асыру құқығын растайтын жарғыдан үзінді ұсыну қажет.

Аккредиттеу туралы куәлік бір жылға беріледі және республикалық ҚБ мен КЕҰ-ға республика аумағындағы барлық сайлауға, өңірлік және ҚБ және КЕҰ-ға олардың құрылымдық бөлімшелері бар облыстар шегіндегі сайлауға қатысу құқығын береді, ал жергілікті ҚБ мен КЕҰ бір облыс шегіндегі барлық сайлауға қатысу құқығын алады», деді ол.

А.Щегорцованың мәлімдеуінше, бүгінгі күні 10 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымның (КЕҰ) аккредиттелген. Олар елдің барлық аймағында байқауды жүзеге асыра алады. Аумақтық сайлау комиссиялары 201 ұйымға аккредиттеу туралы куәлік берді.

ОСК хатшысы Мұхтар Ерман баяндамасында Халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Ортсайлауком 11 қаулы қабылдағанын хабарлады. Бүгін, сағат 18.00-де аккредиттеу аяқталды. Барлығы 41 шет мемлекет пен 12 халықаралық ұйымдардан 793 байқаушы аккредиттелген.

Осы мәселе бойынша Нұрлан Әбдіров сайлау­ға халықаралық байқаушылардың қатыс­уы науқанның ашықтығы мен жариялы­лығына, мемлекеттің халықара­лық міндеттемелерді сақтауына ықпал ете­тінін атап өтті. «Халықаралық бай­қаудың болуы біздің халықаралық мін­дет­те­мелерге деген адалдығымызды растау және халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыру болып саналады», деді ол.

Отырыс барысында ОСК төрағасы бүгінгі күні Конституциялық заңға сәйкес 11 заңды тұлға комиссияға қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу туралы мә­лім­дегенін атап өтті. Олар туралы ақпа­рат ресми интернет-ресурста орна­лас­тырылған.

«Конституциялық заңның нормаларына сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға, дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және да­уыс беру күні ішінде интернет желісінде кандидаттарға қарсы немесе оларға қарсы дауыс беруге жол берілмейді. Осылайша, 13 наурыз – сауалнама нәтижелерін жариялаудың соңғы күні. Ертеңнен бастап сауалнама нәтижелері туралы ақпарат­ты жариялауға, сондай-ақ қайта басып шығаруға тыйым салынады», деді ОСК төрағасы.

Отырыста денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрі­гер Айжан Есмағамбетова респуб­ли­кадағы эпидемиологиялық жағдай және дауыс беру күні коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Вице-министрдің мәлімдеуінше, елімізде коро­навирустық инфекция бойынша эпиде­мио­ло­гиялық жағдай тұрақты.

«Тәулігіне 100-ге дейін COVID-19 жағдайы тіркеледі. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңірлер жасыл аймақта орналасқан. ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуі жалғасып келеді. Эпидемиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 3,8 млн және тұмаудың 3 ­234 жағдайы тіркелді. Апта сайын орташа есеппен ЖРВИ-дің 160 мың жағдайы тіркелуде.

Қазіргі уақытта тұмау, ЖРВИ және коро­на­вирустық инфекциясынан басқа қызылша ауруы бойынша эпидемиоло­гия­лық жағдайдың күрделенуі байқалып отыр. Елімізде қызылшаға күдікті 56 жағдайы тіркелді, оның 20-сы зерт­ха­налық расталды», деп мәлімдеді А.Есмағамбетова.

«Сайлау форматы сайлау комиссиялары мүшелері, байқаушылар мен сенім білдірілген адамдардың бір мезгілде болуын­ көздейді. Осыған орай, республикадағы эпидемиологиялық маусымның ағымын ескере отырып, министрлік сайлау үдерісіне қатысушылардың көп жиналуына жол бермей ағымын реттеу, үй-жайларда ауа­ны желдету жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, үй-жайларды желдету және дауыс беру басталар алдында және күні бойы дезинфекциялау құралдарын қолдану арқылы жүзеге асыруды ұсынады», деп атап өтті ол.

Отырыстан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізілді. Брифинг барысында комиссия мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.