Мәдениет • 14 Наурыз, 2023

Амал деген айыңыз...

631 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Амал мерекесі құтты болсын! Амал келгенде ағайын-туыс қыстан аман шықтық деп көріседі. Абай Құнанбайұлы айтқандай, қырдағы ел ойдағы елмен араласатын шақ. Түркі халқының жаңа жылы көктемде басталады. Жер бусанып тіршіліктің жаңаратын кезі осы.

Амал деген айыңыз...

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда - бұлбұл,
Тастағы үнін косар байғыз, көкек.

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.

                                                                                          Абай Құнанбайұлы