02 Маусым, 2010

“ЕЛДЕ БОЛСА ЕРІНГЕ ТИЕДІ”

665 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде “Астана” алаңында Алматы қаласы мен облысы тауар өндірушілерінің кең ауқымды ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Үлкен ассортименттегі ет пен көкөніс өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен сатылып, тұтынушылар көңілінен шыққан жәрмеңкені Алматы қаласы мен облысының басшылары А.Есімов пен С.Үмбетов және Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев аралап көрді. Ал арнайы өткен кеңесте шаһар басшысы “ҚазАгро” ұлттық холдингін өткір сынға алды. Оңтүстік астанада сауда көрігін қыздырған жәрмеңкеге ұйымдасты­рушылардың тиянақты дайындал­ғаны бірден-ақ көзге ұрып тұрды. Әр ауданның аты жазылып, бірың­ғай тігілген шатырлар, түрлі-түсті шарлармен көмкерілген сөрелердің сатушыларға да, сатып алушыларға ыңғайлылығы өз алдына, өнімдер­дің бағасына да жұртшылық дән риза. Мәселен, еттің килосы – 600-700, қазы-қарта – 1100, картоп – 70, балық – 400, тауық 360 теңге ара­лығында. Қаладан шал­ғай­лы­ғына қарамастан Райымбек ауданының бір ғана ауылы 150 мың теңгенің тауарын әкелген еңбегін де ескеруіміз керек сияқты. Журналистік қызығушылықпен екі қолындағы сөмкесі лық толған ағайды сөзге тарттық. Өзін Алматы темір жол академиясының доценті Қазбек Тұрғазинов деп таныстыр­ған ол қаланың орталығында тұра­тындықтан мұндай жәрмеңкелерді жібермейтінін, әрі мұнда келген сайын, тек арзан бағаға сауда жасап қана емес, концерт тыңдап дема­лып қайтатынын айта келе, мал да, көкөніс те өздігінен өспейді, ауыл адамдарының еңбегін де адал бағалау керектігін ескерте кетті. Біз де тұтынушы ретінде өз қа­же­тімізді сатып ала жүріп, қазақ­тың ұмытылып кеткен әуес тамағы үйітілген қой етінің сатылып жат­қанын көріп, сол араға тоқтадық. Сөйтсек, мұндай етті Жамбыл ауданының жігіттері әкелген екен. – Бүгінгі жәрмеңкеге 6 млн. теңге көлемінде ауыл шаруашы­лығы өнімдерін ұсынып отырмыз, – деді бізге Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев. – Мәселен, аудандағы жылыжайларда өсетін көкөністің барлық түрі, жылқы, сиыр, түйе, тіпті үйітілген қой еті, сүт, ірімшік, құрт, әйтеуір ауылда қандай өнім өндіріледі, солардың бәрі бар. Әкелінген бар­лық тауарлар арнаулы тексеруден өтіп, сертификатталған. Мұнда да ешқандай мекемелердің кедергісін­сіз сатамыз. Орын мәселесі шеші­ліп, барлық жағдай жасалған. Бәрі тегін. Егер өндірушілер осы затта­рын базарға апарып сататын болса, таңғы бестен тұрып, орын алып, оған ақша төлеп әуреге түсер еді. Біздер Әуезов ауданына бекітіл­ген­діктен, сенбі, жексенбі күндері бар­лық өнімімізді алып, сол ауданға да апарамыз. Меніңше, мұндай жәрмеңкелер қалаға да, шаруа қожалықтарына да өте тиімді. Іле аудандық ауыл шаруашы­лығы басқармасының бастығы Асқар Юсупов та жәрмеңкеге жалпы сомасы 5 млн. аса теңгенің өнімін әкелгенін, әсіресе, ауданда­ғы “Райымбек­Агросүт” “Меркури”, шұбат өндіретін “Бекет-Дәулет”, “Первомайский деликатес”, “Са­ры­бұлақ” фирма­ларының өнімдері үлкен сұранысқа ие болғанын жеткізді. Жәрмеңкеде жедел сұхбат бер­ген қала басшысы алматылықтарға жылына 2,5 млрд. доллардың таға­мы қажет болса, соның 1,5 мил­лиардын Алматы облысынан ала­ты­нын, бұл өте үлкен көлем екенін, бірақ, әлі де оны көбейтуге, ұлғайтуға мүмкіндік бар­лығын жет­кізсе, Алматы облысының басшы­сы ұйымдастырылып отырған шараға облыстың тауар өндіруші­лері 45 азық-түлік өнімдері бойын­ша 105 млн. теңгенің тауарын әке­ліп отырғанын, бұл үрдіс ағымдағы жылы да жалғасын табатын жеткізді. Бұл мәселе одан әрі Алматы әкімдігінде Алматы қаласы мен облыс аудандарының әкімдері, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі департамент­терінің басшылары, ірі кәсіпорын жетекшілері бас қосқан кеңейтілген кеңесте жалғасты. Онда Ауыл шаруа­шылығы минис­трі, Алматы қаласы мен облыс басшыларының қатысуы­мен “2010-2014 жылдары Алматы қаласы төңірегіндегі азық-түлік белдеуі бағдарламасының дамуы” жобасы талқыланып, кеңінен сөз болды. Жиынды ашқан Ахметжан Сма­ғұлұлы жалпы Алматы облысының қаладағы өткізіп келе жатқан жәрмеңкелері азық-түлік бағасын көтермей ұстап тұрудың үлкен тетігі екендігін көрсетіп отырғанын, биылғы жылдың өзінде тауар айналымы жарты млрд. теңгеге жуық қаржыны құраған 28 жәрмең­ке өткізілгенін, бұл сөз жоқ, қала тұрғындарына қыс пен көктемгі мезгілде үлкен демеу болғанын атап өтсе, облыс әкімі Серік Әбікенұлы бүгінде Елбасының тапсырмасымен және қолдауымен Алматы қаласы­ның айналасында толымды азық-түлік белдеуін құру мәселесі жүзеге асырылып жатқанына, бұл оңтүстік астананың рыногына жұмыс істей­тіне және оның негізгі азық-түлік тауарларына деген қажет­тілігін толық қамтамасыз ететініне, осы заманға лайық өндірістік инфра­құрылымдардың қалыптасуына ықпал жасайтынына тоқтала келіп, облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2008 жылмен салыс­тыр­ғанда 13,9 пайызға артып, 219,8 млрд. теңгені құрағанынан хабардар етті. – Біз былтыр қазақтың ежелгі ұлттық сусыны шұбат пен қымызға субсидия беру туралы мәселе көтергенбіз. Биыл шұбатқа 45 млн., қымызға 12 млн. теңге бөлініп отыр, ол үшін министрлікке рахмет. Ал­дағы уақытта Алматы облысының өндірушілері қалада да қымызхана ашулары керек деп ойлаймын. Оған біздің қаланы да, даланы да қамтамасыз ететін жағдайымыз бар, – дей келе, облыс басшысы өз ойын жәрмеңкенің негізі – нарық­тағы бағадан 15-20 пайыз төмен болуы керек, егер жоғары болса, одан келіп-кетер пайда жоқ, өйт­кені, базарлардан көтерме бағамен сатып алып, өз бағасын қойып отыратын делдалдардан сақтану үшін бақылауды дұрыс ұйымдас­тыру қажет деп қорытты. Өз кезегінде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты құрал елдің ірі қалаларының, атап айт­қанда, Алматының және Астана­ның төңірегінде орнықты жұмыс істейтін өндірістік белдеуді дамыту екендігіне екпін түсірді. – Елбасының биылғы Жол­дауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ірі ауқымды міндеттері белгіленді, – дей келе министр, бұл міндеттер Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған 2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркә­сіптік кешенді дамыту бағдарла­масының негізіне алынғанын, оны жүзеге асыруда, біріншіден, ішкі, сондай-ақ, сыртқы рыноктар қа­жетсінетін өнімдер өндірісін, екін­шіден, заманауи технологияларды өндіріске енгізу үрдісін ынталан­дыру үшін қолдаудың ықтимал шара­ларын барынша пайдалану, үшіншіден, жүзеге асырылатын шараларды айқын нақтылай түсу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдық сегіз шебер­лік-жоспарын жасау керектігіне тоқталды. Жиын соңында тараптар қыр­күйек айында Талдықорғанда тағы да бас қосатын болып уағдаласты. Онда Алматы қаласының алдағы бесжыл­дықта өсу деңгейін есептеп, соған лайықталған азық-түлік бағдарламасы талқыланбақ. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қала аудандарында қарашаның алғашқы сенбісіне дейін апта сайын өтіп тұрмақ. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.