Елорда • 14 Наурыз, 2023

Астанада 15 құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада аудандық әкімдіктер мен табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгу фактісін анықтау бойынша мониторингтік іс-шаралар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап. 

Астанада 15 құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды

Түрлі кәсіпорындар (оның ішінде құрылыс компаниялары) мен тұрғындардың өздері де құрылыс қалдығын қала шетіне шығарып, көрсетілмеген орындарға төгеді. Бұл қала экологиясының нашарлауына әсер етіп қана қоймай, тұрғындардның өмір сүруіне қолайсыз жағдай туғызады.

Биыл жалпы пайдалану орындарын ластағаны (434-2-бап) және абаттандыру ережесін (505-бап) бұзғаны үшін заң бұзушыларға 50 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Оның ішінде 15 құрылыс компаниясы бар.

Өткен жылы 300-ге жуық табиғи қоқыс орны жойылды. 35 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Мәселен Есіл ауданында – 312 орын, Алматы ауданында – 105 орын, Байқоңыр ауданында – 90 орын, Сарыарқа ауданында – 44 орын.

Әкімдік табиғатты қорғау полициясымен, Астана қаласының Экология департаментімен, «іKomek 109» бірыңғай байланыс орталығымен бірлесе отырып, қалалық «Сергек» бейнебақылау камералары арқылы қоқысты шығару мен пайдаға жарату ісін бақылауды күшейтті.

Құрылыс қалдықтарын басқару инфрақұрылымын құру және стихиялық полигондардың пайда болу көлемін азайту мақсатында әкімдік құрылыс қалдықтарын төгу және қайта өңдеу үшін арнайы «Северная гряда» алаңын салып, іске қосты. Алаңда құрылыс қалдықтарын (асфальт, кірпіш, бетон және т.б.) өңдеуге арналған қуаты жылына 196 000 м3 ұсақтау кешені орнатылған.