АСТАНА. 27 маусым. Қазір, маусымның 26-сынан 27-не қараған түні әлем чемпионатындағы топтық ойындардың толық ойналып бітуімен бірге, 1/8 финалдық кезеңге жолдама алғандардың аттары белгілі болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алдымен өзіміз соңғы рет хабарлаған Камерун – Бразилия кездесуінен кейін ойналған матчтардың нәтижелерін бір еске салып өтейік: 24 маусым. Хорватия – Мексика 1:3, Италия – Уругвай 0:1, Коста-Рика – Англия 0:0. 25 маусым. Жапония – Колумбия 1:4, Грекия – Кот-д`Ивуар 2:1, Нигерия – Аргентина 2:3, Босния – Иран 3:1. 26 маусым. Гондурас – Швейцария 0:3, Эквадор – Франция 0:0.
Ал 26 маусым күні түнде алаңға АҚШ – Германия, Португалия – Гана футболшылары шықты. Бұл кездесулерде немістар қарсыластарын 1:0 етіп ұтса, португалдар 2:1 етіп түзе бүктірді. Осының нәтижесінде бундестим бірінші орнын сақтап қалды. Екінші орынға АҚШ командасы орналасты. Онымен бірдей 4 ұпай жинаған Португалия құрамасы доп айырымы жағынан үшінші орында қалып қойды.
Бұдан әрі 27 маусым басталған таңның алдында Корея – Бельгия, Алжир – Ресей командалары күш сынасты. Бельгиялықтар корейлерді 1:0 етіп ұтса, келесі екі құрама арасындағы мықты анықталмады – 1:1. Ақырында Алжир мықты болып танылды. Ұпай санын 4-ке толтырған ол Бельгиядан кейінгі екінші орынды алып, келесі кезеңге жолдама алды.
Енді плей-офф ойындары 28 маусым күні кешке ойналады. Демек, бүгін – демалыс.
Сегізден бір финалда мына командалар кездеседі: 28 маусым. 20-00 сағат. Бразилия – Чили. 29 маусым. 00-00 сағат. Колумбия – Уругвай. 20-00 сағат. Голландия – Мексика. 30 маусым. 00-00 сағат. Коста-Рика – Грекия. 20-00 сағат. Франция – Нигерия. 1 шілде. 00-00 сағат. Германия – Алжир. 20-00 сағат. Аргентина – Швейцария. 2 шілде. 00-00 сағат. Бельгия – АҚШ.
Осы шайқаста жеңген құрамалар 4-7 шілде күндері ойналатын 1/4 финалға жолдама алады.
Осылайша чемпионаттың келесі кезеңіне Еуропаның – 6, Оңтүстік Американың – 5, Орталық және Солтүстік Американың – 3, Африканың 2 командасы шықты. Ал Азиядан бірде-бір команда жоқ.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: sportbox.ru.