Үміт • 14 Наурыз, 2023

Алатаудан тараған арай

273 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын жариялағалы бір жыл өтті. Маңызды құжатта «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты» деген Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында аса маңызға ие Семей аймағынан Абай, бұрынғы Жезқазған облысының аумағынан Ұлытау облысын құруды, сондай-ақ Алматы облысының екіге бөлініп, Жетісу облысының құрылуына қолдау білдірді.

Алатаудан тараған арай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының ерекше мәні бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұрт­шы­лық Қап­ша­ғайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қо­сыламын. Мен мұның бәрін аза­мат­тар­дың ұсыныс-пікірлеріне сүйе­ніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын», деп тапсырманы пысықтаған еді.

Іргесі қаланғанына жарты ғасырдан асқан Қап­ша­ғай қаласына Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру қажеттігі де халықтың көке­йін­де жүрген мәселе болғандықтан, бірауыздан қолдау тапты. Содан бері облыс орталығы болған Қонаев қаласының әлеу­меттік-экономикалық даму барысында тола­йым істер атқарылуда. Қала көріктеніп, көркейіп келеді. Облыс орта­лы­ғы мәртебесіне ие қаланың инфра­құ­рылымын дамытып, сән-салта­на­ты келіскен әсем қалаға айналдыру бойынша қарқынды қадамдар жасалып, жүйелі жоспарлар әзір­лен­ді.

Бұл орайда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әлемге таны­мал сурет­шілер мен кәсіби шебер архи­тек­торлармен кездесіп, ұсыныс-пікір­ле­рі­не құлақ асуда. Ақпан айында Қонаев қа­ла­сына арнайы ат басын бұрған «Urban Living» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тес­тік өкілі Рикардо Марини өзі қыз­мет ететін компания Түркістан қала­сын дамыту жобасын жасағанын, урба­нистік және қала құрылысы жобаларын әзірлеуге маманданған консалтингтік компанияның басты бағыты – «плейс-мейкинг», яғни адамдардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалған, көрнекі нысандардың сызбасын жасау арқылы қала құрылысына атсалысып, туризмді дамыту екендігін айрықша атады. Сондай-ақ кәсіби архитекторлар Қапшағай су қоймасының жағалауында ірі нысандар тұрғызбас үшін алдымен топотүсірілім ке­рек­тігін, жағажай мен ғимараттар ара­лы­ғының әр адымы пайдалы болуын ескеру керектігіне кеңес берген.

Алматы облысының орталығы Қонаев қала­сының алпыс екі тамырына қан жүгіріп, жедел даму жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр. Бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық беталысы мен Қонаев қаласының өркен­де­уі­нің өзектілігін бас­ты назарға алған министрлер де ат ізін жиілетті. Осыдан ай бұрын арна­йы іс­сапармен келген Ұлттық эко­номика ми­нистрі Әлібек Қуантыров облыстың тыныс-тіршілігімен танысқан еді. Өңірдегі отандық өнім өндіруші зауыттарды аралап, олардың еселі еңбектеріне оң баға берді. Олардың көшбасынан көрінетін «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытының өнім шығарудағы жылдық қуаты 85 мың тонна болса, балық шаруашылығымен айналысатын «Оспанова Девелопмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жы­лына 10 мың тоннаға дейін балықтың ерекше түрін өсіріп, өндіруді жолға қойған. Мақсаты айқын серіктестіктердің кем-кетігін бүтіндеуде Ұлттық қордан қаржы бөлініп, қолдау көрсетілсе, өнім көлемі бұдан да еселене түсетіндігі тілге тиек болды.

Бүгінде Алматы облысында даму­дың жаңа бағдары белгіленген. Облыс орталығы Қонаев қаласы үшін инфра­құ­рылымның кең ауқымды моделі дайындалып, соған сәйкес заманауи сапа стандарттарына сай жаңа ғимараттардың, тұрғын үйлердің, әлеуметтік және мәдени-демалыс нысандарының құрылысын бастау көзделген. Осы күні қаланың бас жоспары дайын болғанымен, құрылыс құрылымдарын қаржыландырудың бағ­дар­­ламалық құжаттары әзірленіп жатыр. Іссапар барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың на­зарына әкімдік қызметкерлері арнайы әзірленген слайд арқылы Қонаев қала­сы­ның толық картасын көрсетіп, тіпті бас жоспар макетін де таныстырған. Кешенді жоспардың тыңғылықты дайын­ды­ғына министр тарапынан оң баға бе­рілген.

Қонаев қаласына мемлекеттік орган­­дар­дың көшірілуіне байланысты әкім­ші­лік ғимараттары мен тұрғын үй­лер­ді салу өңірдің өзекті мәселе­сі­не ай­налған. Бұл мақсатта ірі мегаполис Алматы мен Қонаев қалалары ара­лы­­ғында бой көтеретін «G 4 City» қа­ла­­­шығының болашағы зор болмақ. Облыс жұртшылығын тұрақты жұ­мыс­­пен қамтуда, индустриялық ай­мақ құ­руда да басымдық бар. Ерекше ма­ңыз­ға ие индустриялық аймақты облыс орталығында құру жоспарланған. Оның аумағында ілеспе объектілері бар академиялық қалашық орналасады. Ха­лық­аралық университеттерді академ­қа­лашық аумағына тарту мақса­тында импорттық жабдықты сатып алу үшін оларды қосымша құн салығын төлеуден босату қажеттігі ұсынылып отыр. Сонда инвес­тор­лардың қызығушылығы арта түспек.

Жақында Қонаев қаласына іссапармен келген Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек те түрлі сала қыз­меткерлерімен өткізген алқалы жиын­ның күн тәртібінде академиялық қала­шық құру жайын талқылаған еді. Аймақта академиялық қалашық құру­дағы басты мақсат – облыс аума­ғын­да орналасқан кәсіпорындар мен шаруашылықтарға қажетті білікті ма­ман­дарды шет мемлекеттерден алдырмай, өз елімізде, жерімізде даярлау. Осы мақсатта академқалашықта 1200 орынды политехникалық колледж салу ұсынылып, бұл бастама Премьер-министр Әлихан Смайыловтан қолдау тапқан.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласынан академиялық қалашық салу жоспарланған. Ол үшін облыс әкімдігімен келісе отырып, 100 гектар жер бөлінген. Біз келешекте шетелдің дамыған университеттерімен келіссөз жүргізу арқылы осы маңда жоғары оқу орындарын ашуды көздеудеміз. Жос­пар бойынша «G 4 City»-де ірі индус­триялық, өнеркәсіптік кластер орна­лас­пақ. Жаңадан қалыптасып жатқан өнді­ріс­­­тік аймаққа қажетті мамандардың тізі­мін жасақтап, кадрлық тапшылықты айқындау керек, – деген еді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Өңірде өткен жылдың қорытындысы бо­йынша 790,1 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілген. Бұл жыл­­дық жоспардың 105,7 па­йызын құ­­­райды. Жалпы алғанда 2118 отбасы тұр­­­ғын үймен қамтамасыз етіліп, 2021 жыл­мен салыстырғанда тұрғын үйді іске қосу жоспары 104 пайызға орын­дал­ған. Инженерлік-комму­ни­ка­ция­лық инфрақұрылым нысандарын салуға 8,8 млрд теңге бөлінген. 47 жоба­ның 15-і аяқталғаны туралы аймаққа ат басын бұрған Индустрия және инфра­құ­ры­­лым­дық даму министрі Марат Қара­баев­­­тың қатысуымен өткен жиында да айтылды.

Білім беру саласы бойынша былтырғы жылы 20 нысан салуға 35,9 млрд теңге бө­лініп, қаржы 99 пайызға игерілген. Осы 4 нысан пайдалануға беріліп, биылғы жылға 16 нысан қалдырылған. Ден­сау­лық сақтау саласы бойынша да 8 ны­сан­ның құрылысы жүргізіліп, 4-еуі қол­данысқа берілген.

Десе де, әлеуметтік-экономикалық әле­уеті зор Алматы облысында атқарылар қыр­уар жос­парлы жұмыс бар. Атап айт­қанда аймақта бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, өңірлерге инвесторлар тарту, кәсіпкерлікті, туризмді дамыту, жұмыссыздықты түбегейлі жою, ауыл шаруашылығы саласын жандандыру, сапалы өнім көлемін арттыру сынды халықтың хал-ахуалын жақсартып, тұрмыс-тіршілігін түрлендіруге бағыт­талған іс-шаралар жібін үзбей жал­ға­са бермек.

 

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы