Сайлау • 15 Наурыз, 2023

Сайлау: ашықтық пен демократиялық ұстаным

276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы елімізде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері үшін алдағы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауына арналған бірлескен брифинг өткізді.

Сайлау: ашықтық пен демократиялық ұстаным

Дәстүрлі брифингті алғысөзімен ашқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сай­лау еліміздің қазіргі тарихындағы ең өз­гермелі кезеңдердің бірін белгілейтін ма­ңызды оқиға екенін атап өтті. «Алдағы сай­лау демократия жолында тағы бір қа­дам болатыны сөзсіз. Елімізде өткен жылы болған сайлау мен реформалардың санына сүйене отырып, Қазақстан, шын мәнінде, жаңа мемлекетке айналды», деді ол.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы сын-қатерлерге қарамастан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына адал екендігінің айқын көрінісі болып табылатын реформаларды іске асырып келеді. Осылайша, Президент үздіксіз прогресс пен оң өзгерістерді қамтамасыз етуге ниетті, оған оның өткен жылы басталған реформалардың бүкіл кешені дәлел бола алады», деді дипломат.

Брифингте Орталық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауға да­йын­дық барысына кеңінен тоқталып, не­гіз­гі рә­сімдік аспектілер туралы айтып берді.

«Бұл сайлау науқаны соңғы 10 айда төртінші саяси дода болып саналады. Біз Конституцияға, Қазақстан Президентін, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткіздік. Орталық сайлау комиссиясының барлық күш-жігері елімізде әділ, шынайы және еркін сайлау өткізуге бағытталған», деп атап өтті Ортсайлауком басшысы Нұрлан Әбдіров.

Комиссия төрағасы 19 қаңтарға тағайын­далған Парламент Мәжілісі депу­тат­тарының кезектен тыс сайлауы ресми түрде кезектен тыс болғанымен, Мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған сайлау науқандарының кестесіне сәйкес өткізілетінін атап өтті.

Ол сондай-ақ осы сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша жүргізіліп жатқанын атап, дипкорпусты сайлау заңнамасындағы елеулі өзгерістер туралы хабардар етті. Оның ішінде Пар­ламент Мәжілісі және мәслихаттар депу­тат­тарын сайлау кезінде жаңа про­порционалдық-мажоритарлық модельге көшкенімізді, Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжі­лістегі квотасының жойылғанын, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы кәсіби негізге ауыстырылғанын атап өтті.

«Қазақстан тұрақты сайлау дәуіріне еніп жатыр. Осыған орай аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсібиленуі сияқ­ты жаңашылдықтың маңызы зор еке­ніне ерекше тоқталғым келеді. Сол себеп­ті де сайлау комиссияларының мүше­лерін және сайлау үдерісінің барлық қатысушысын оқыту мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта ОСК өңірлерде оқыту семинарларын ұйымдастырды. Аумақтық, округтік және учаскелік комиссиялардан басқа, саяси партиялардың, БАҚ, ҮЕҰ, жастар, мүгедектігі бар адамдар мен Cаll-орталықтар қызметкерлерінің өкілдері де оқытудан өтеді», деп мәлімдеді Н.Әбдіров.

Ортсайлауком төрағасының хабарлауынша, ОСК 18 ақпанда сағат 18.00-де еліміздегі барлық 7 саяси партияның Парламент Мәжілісіне кандидаттарының партиялық тізімдерін тіркеген. Оған 281 кандидат енгізіліп отыр. Оның ішінде 107-сі әйелдер, жас­тар және мүгедектігі бар адамдар, олар заңнамаға сәйкес кемінде 30 пайызды құрауға тиіс.

Нұрлан Әбдіров бірмандаттық округтер бойынша Парламент Мәжілісіне 13 наурыздағы жағдай бойынша 385 кандидат тіркелгенін хабарлай отырып, кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы дипломаттарды хабардар етті. Ең үлкен бәсекелестік Астана және Алматы сайлау округтерінде байқалды. Бұл аймақтарда бір мандатқа 38 және 40, сондай-ақ 30, 28 және 27 кандидат тіркелген. Тіркеу қорытындысы бойынша ең аз бәсекелестік Түркістан облысының №25 округінде – мұнда бір мандатқа 4 кандидат.

ОСК төрағасы сайлау алдындағы үгіт өт­кізуге де тоқталды. «Сайлау ал­дын­­дағы үгіт 18 наурызда сағат 00.00-ге де­йін жалғасады. Кандидаттар мен саяси партияларға үгіт жүргізу мақсатында БАҚ-қа қол жеткізудің тең шарт­тары және бағдарламалармен сөз сөй­леу­ге қаражат тең бөлінген. 1 және 10 нау­рызда саяси партиялар ұйым­дастыр­ған «Qazaqstan» және КТК телеар­налары­ның тікелей эфирінде сайлау алдын­дағы пікірсайыстар өтті. 16 наурызда Орт­сайлауком ұйымдастырған сайлау алдын­дағы телевизиялық пікірсайыс «Хабар» телеарнасының эфирінде өтеді», деді ол.

Орталық сайлау комиссиясы ашық режімде жұмыс істейді, сайлау тағайын­далған сәттен бастап барлық отырыс­тар жариялылық және қолжетімділік жағдайында өтеді, бұқаралық ақпарат құралдары қатысады, сурдоаудармасы бар интернет-ресурстарда тікелей трансляция­лау арқылы отырысқа қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Барлық отырысқа халықаралық байқаушылар шақырылады. Әрбір отырыстың қорытындысы бо­йынша Орталық сайлау комиссиясының қабылданған шешімдерін түсіндіру мақ­сатында брифингтер өткізіледі. Орта­лық сайлау комиссиясының сайтында телеграмм-арна және сайлау жөніндегі арнайы бөлім жұмыс істейді. Сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы халықаралық институттар, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастық үшін ашық екенін атап өтті.

Ол ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Парламент Мә­жі­лісі де­путат­тарының кезектен тыс сай­лауын байқау бойынша аралық есеп да­йын­­дал­ғанын да хабарлады. Сондай-ақ 11 нау­рыз­да Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тасты­ғынан бай­қаушылар Миссия­сының Қазақ­с­тан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісі депу­тат­­тары­ның кезектен тыс сайлауының да­йын­далуын байқау барысы туралы ара­лық есебі жария­ланды. Ал халықаралық байқау­шыларды аккредиттеу 13 наурызда аяқталды.

Орталық сайлау комиссиясы 793 байқаушыны, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ЕҚЫҰ ПА, ТМД ПА, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Түркі мемлекеттері ұйым­дары, ТүркПА, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ, Жерорта теңізі Парламенттік Ассамб­леясы, сондай-ақ 41 шет мемлекеттен бай­қау­шылар Миссиясының өкілдерін аккредиттеді.

«Екіжақты ынтымақтастық желісі бо­йынша сайлауды байқауға 16 елдің Орталық сайлау комиссияларының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Молдова, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан Орталық сайлау комиссияларының төрағалары келеді», деп хабарлады ОСК төрағасы.

Қазақстан Парламенті Мәжілісіне кезек­тен тыс сайлауды байқауға қатысу ниеті үшін дипкорпусқа алғысын білдірген Нұр­лан Әб­діров: «ОСК сайлау үдерісін өт­кі­зу рә­­сім­дерінің барынша ашықтығы мен демо­­кратиялығын қамтамасыз етеді», деп атап өтті.

Брифинг барысында шетелдік дип­ломатиялық миссиялардың басшылары Орталық сайлау комиссиясының алдағы дауыс беруді ұйымдастыруға және сайлауды байқау үдерісіне қатысты сұрақтарына жауап алды.