«Алтай» ЖШС басшысы Нұрлан Нұрбековтің айтуынша, көктемгі егіс науқаны жақындап қалды, алайда былтырғы пияз әлі түгел сатылмағандықтан тұқым алуға қаржы жоқ. Оның үстіне пияз ұзаққа шыдамайтын өнім – бұзылса, шығынын ешкім өтемейді.
«Қазір біз алыпсатарларға 1 кило пиязды 150 теңгеден жеткізуіміз керек. Ал олар оны 300 теңгеден артық бағамен сатады. Сонда алыпсатарлар, тіпті логистикалық шығынды шегеріп тастағанның өзінде, 1 килодан 120-130 теңгеден пайда көреді. Ал пиязды өсіретіндерге егінге дайындалуға және келесі маусымға тұқым алуға ақша қалмайды», дейді Нұрлан Нұрбеков.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қызметі іс жүзінде ірі бөлшек саудагерлердің мүдделеріне жұмсалады. Ал нарыққа өнім жеткізу мен бағаны ұстап тұрудың ауырлығы тек өндірушіге түседі.
Егер жағдай реттелмейтін болса, онда фермерлер пияз өсіруді тоқтатуы да мүмкін. Пияздың әлеуметтік маңызы зор тауарға жататынын ескерсек, онда жақын келешекте отандық нарыққа қатер төнуі әбден мүмкін.
«Біз онсыз да жыл сайын биліктің «ығына жығылып» тауардың бір бөлігін төмен бағамен сатамыз. Дәл осылай жалғасса, тыйым алынбаса, келесі жылға пияз еге алмаймыз. Қырғызстан тыйымды бізден кейін қойды. Бірақ қазір алып тастады. Пиязды сонша уақыт сақтай алмайтынын, одан диқандар зардап шегетінін түсініп отыр», деп базынасын айтады шаруалар.
«Атамекен» осы мәселеге орай Сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдап қойған. Қазір жауабын күтіп отыр.
Еске салайық, уәкілетті мемлекеттік органдар 2023 жылдың қаңтарында пиязды шетелге шығаруға тыйым салған болатын. Бұған Орталық Азияның кейбір елдеріндегі пияз тапшылығы себеп болды. Ішкі нарықты пиязбен қамти алмай қаламыз деп қауіптенген ел билігі пияз экспортына шектеу енгізуге мәжбүр болған еді.
Экспорттық шектеу, енді одан кейінгі шіріп кету қаупіне қарамастан, пияз бағасы әлі қымбат күйінде қалып тұр. Экспортқа тыйым салынғаннан кейін қаңтар ішінде пияз бағасы 16,7 пайызға, ақпанда 28,5 пайызға өсті.
2022 жылы Қазақстан сырт елдерге 85,6 мың тонна пияз сатып, 6,5 млн доллар табыс түсірді. Ал биыл қаңтарда ЕАЭО-ға кірмейтін елдерге 3,4 млн долларға 54,2 мың тонна пияз экспорттаған.