Үкімет • 15 Наурыз, 2023

Ел экономикасы орнықты өсіп келеді

252 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Ел экономикасы орнықты өсіп келеді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Дамудың оң динамикасы байқалады

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,3%-ды құрады. Оның ішінде, нақты сектор 2,7%-ға, қызмет көрсету саласы 5%-ға өсті. Барлық негізгі салалар құрылыс, ақпарат және байланыс бойынша оң динамика байқалады, сондай-ақ сауда ең үлкен өсімді көрсетті. Негізгі капиталға инвестициялар ағыны 19,2%-ды құрайды.

Биылғы сыртқы сауда айналымы 15,7%-ға өсіп, 10,3 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорт 0,4%-ға ұлғайып, 6,1 млрд долларды құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 21,5%-ға өсіп, яғни 2,1 млрд долларға жетті, тауарлар импорты 4,2 млрд доллар болды.

Ә.Қуантыровтың мәлімдеуінше өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып келеді. Өндіріс көлемі 2,5%-ға өскен. Оның өсуі 16 өңірде тіркеліпті. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Алматы облыстары және Алматы қаласы ең жоғарғы өсуді көрсетті.

Ә.Қуантыровтың баяндауынша, еліміздің шикізат секторы да даму үстінде. Мәселен тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ға жоғарылады. Сала бо­йынша көмір өндіруді қоспағанда, барлық салалары бойынша өсім байқалған. Атап айтқанда, металл кендерін өндіру – 2,1%-ға, газ өндіру – 1,1%-ға, мұнай өндіру – 0,1%-ға, сондай-ақ өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 12,9%-ға өскен. Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,5%-ға жоғарылаған.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша мемлекеттік бюджетке шамамен 3,4 трлн теңге кіріс түсті (жоспар 107,6%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджетке – 2,5 трлн (жоспардың 100,5%-ы), жергілікті бюджеттерге – 882 млрд теңге кіріс кірді, барлық өңірлерде жоспар асыра орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 95,8%-ға, республикалық шығыстар 96,5%-ға, жергілікті шығыстар 96,6%-ға орындалды.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов ел экономикасы жыл басынан бері орнықты өсім көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, нақты секторда оң және тұрақты динамика байқалады.

Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 2,5%-ға, құрылыста – 13%-ға дерлік, ауыл шаруашылығында – 4%-ға, қызмет көрсету саласында – 5%-ға өскен. Оң тенденция машина жасауда – 31,5%, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде – 46,5%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 34% өсумен сипатталды. Фармацевтикада өсім 17%-ға дерлік, химия өнеркәсібінде – 3,5%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 34%-ды құрады.

Бұл ретте, азық-түлік өнімдерін шығару 10%-ға, минералды өнімдер – 8%-ға, дайын металл бұйымдары – 12,5%-ға өсті. Мұнай өңдеу 5,5%-ға артқан. Сон­дай-ақ электр энергиясын өндіру саласында – 4,5% және металл кендерін өндіруде – 2,5% өсім байқалады.

Есепті кезеңде барлық негізгі макро­көрсеткіштер бойынша оң динамика Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстарына тиесілі.

«Сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы айларда эконо­миканың тұрақты өсу қарқынын ұстап тұру өте маңызды. Осыған байланысты министрлер өңір әкімдерімен бірлесіп, экономиканы одан әрі әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беруі қажет», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамуы үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, жоспарланған инвестициялық жобалар пулын жүзеге асыру жұмысын күшейту қажет. Бұл әсіресе, шикізаттық емес салаларға қатысты.

Сонымен қатар өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді одан әрі дамытуды қамтамасыз ету талап етіледі.

«Бизнеспен тұрақты түрде диалог жүргізіп, олар көтерген барлық түйткілді мәсе­ле­лерді шешу қажет. Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру негізгі басымдық» деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе, Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың және бюджеттік бағдарламалар әкімші­лерінің қаржылық тәртіпті күшейту жөніндегі жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

 

Жастарды қолдау жалғаса береді

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі басымдықтарды белгіледі.

Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, атап айтқанда, кәсіпкерлік және біліктілік беру арқылы олардың әлеуетін іске асыру екенін баян­дады. Оның аясында 2029 жылға дейін миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ ауылдардағы жастарды цифрлық сауаттылықты арттыру курс­тарымен және әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарлануда.

«Бүгінде жастардың 43,7%-ы ауылда тұрады. Тұжырымдамада ауыл жас­тарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіп­керлік арқылы олардың әлеуетін іске асыру­ға баса назар аударылады. Сонымен қатар, кәсіби бағдарлау жұмыстары жүр­гізіледі. Жоғарыда аталған шаралар аясын­да 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жас­тарын жұмыспен қамту, 1,5 миллион жас­тың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 мил­лион жасты ресурстық орталықтар арқы­лы әлеуметтік қызметтермен қамту көздел­ген», деді Дархан Қыдырәлі бұл жайында.

Сонымен қатар қалалардағы жұмыс­сыз жастармен (NEET санаты) жұмыс жал­ғасады. Олардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты негізде мониторинг жүргізілетін болады. Жастардың осы санаты үшін жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту, кәсіптік бағдар беру, бизнес-бастамаларды қаржылық тұрғыда қолдау және басқа да шаралар арқылы нәтижелі жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Бұдан басқа биліктің өкілді органдары мен мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесін ұлғайту, сондай-ақ оларды волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту үдерісі жалғасады. Сонымен қатар патриоттық тәрбие беру, саламатты өмір салтын насихаттау, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында креативті кластерлерді дамыту, отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, жастарға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және т.б. салаларда шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр еліміздің жас азаматтарын қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты тұжырымдаманы қабылдау осы бағыттың дамуына жаңа серпін беруге тиіс.

«Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі тәсілі қажет. Тұжырымдамада 2,3 млн-ға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл өте маңызды мәселе, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, жастарға арналған жобалар мен бағдар­ламаларды іске асыруға мемлекеттің бөліп отырған ресурстары қомақты, сол себепті жастардың мұндай бағдарламаларға қатысуын кеңейту NEET санатындағы жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындар санын азайтуға ықпал етеді.

Ә.Смайыловтың сөзінше, елдегі мұндай жастардың үлесі 6%-дан асады. Ұлытау (12,6%), Шығыс Қазақстан (10,8%) және Қарағанды (9,2%) облыстарында NEET көрсеткіштері ең жоғары.

«Тұжырымдамада республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ға дейін төмендету міндеті қойылған. Бірақ бұл үшін «шаблонмен» жұмыс істеуге болмайды. Әр өңірдегі жастармен жұмыс істеу ерекшелігіне барынша икемделу қажет. Сонымен қатар жастарды қолдау шараларын жақсарту үшін үзбей жұмыс істеу керек», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейту және «жастардың әрқайсысына, әсіресе ауылдардағы және NEET санатындағы жастарға» көңіл бөлу қажет екенін айтты.

«Әркім табысқа қол жеткізу, жұмысқа орналасу, кәсіптік деңгейін көтеру мүмкіндігін сезіне білуі керек», деді Үкімет басшысы.

Одан бөлек Премьер-министр жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету және орталықтардың басшыларына нақты міндеттер мен KPI бекіту қажеттігін айтты. Үкімет басшысының айтуынша, орталықтар жастармен жұмыс істеудің аса маңызды буындарының біріне айналуы тиіс – жергілікті жерлердегі жастардың барлық проблемаларын біліп, оларды шешу жолдарын ұсынуы қажет.

Сөз соңында Ә.Смайылов волонтерлер қозғалысын одан әрі қолдаудың, оның ішінде волонтерлерді тарту аясын кеңейту, жаңа жобалар мен акцияларды іске қосудың маңызын атап өтті.

«Жастарды адамгершілік және патриот­тық рухта тәрбиелеуге, спорт пен саламат­ты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аудару қажет», деді Үкімет басшысы.

 

Есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу

Үкімет отырысында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов өткен жылы құқық қорғау және арнайы органдар үш мыңға жуық есірткі қылмысын анықтағанын айтты. Төрт ұйымдасқан есірткі тобының қызметі тұсауланып, 70 жасырын есірткі зертханасы таратылды, 16 тонна есірткі тәркіленді. Сонымен қатар министр биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы тыйым салынған заттарды сатумен байланысты екенін айтты.

Есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін тиісті Кешенді жос­пар әзірленді. Оның негізгі мақсаттары – есірткінің аса қауіпті түрлерінің, оның ішінде синтетикалық есірткі айналымын төмендету, есірткіге тәуелділерді ерте анықтау және есепке алу жүйесін енгізу, уәкілетті органдардың құзыретін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту.

Атап айтқанда, заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдық әлеуметтік желілер мен веб-сайттар арқылы есірткінің таралу фактілерін анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді, ал «Кибербақылау» жүйесі электрондық дүкендерді онлайн-режімде бұғаттайды.

Бұдан басқа арнайы бөлімшелер жету қиын жерлерге әуеден барлау жүргізу және жасырын есірткі зертханаларын табу үшін газ талдағыштары бар дрондармен жарақтандырылды. Сонымен қатар есірткіге тәуелділерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін скрининг жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл ретте наркологиялық көмектің сапасын арттыру үшін наркодиспансерлерді жаңғырту және жөндеу, сондай-ақ нашақорларды оңалту үшін емдеу-еңбек шеберханаларын құру көзделеді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, таяу жылдары өңірлерде медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу, өңірлік және республикалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, тәуелділігі бар адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмыс жалғасады.

Баяндамашыларды тыңдап болған­нан кейін Премьер-министр есірткі­нің таралу проблемасы барған сайын өршіп бара жатқанын айтты. Атап айт­қанда, синтетикалық есірткі жылдан-жылға қолжетімді болып барады. Олар Интернет, пошта арқылы және «жасырын жерлер», анонимді электрондық төлемдер сияқты жаңа тәсілдермен таратылуда. Бұл тәсілдердің бәрінде «есірткіні сатушы мен тұтынушы» арасындағы өзара бетпе-бет байланыс болмайды, сондықтан қазір есірткі сатушылар мен тұтынушыларды құрықтау әлдеқайда қиын.

«Есірткі сайттарын және осыған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау қажет», деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы орган­дар­дың әдістерімен ғана бұл проблема­ны шешу мүмкін емес екенін атап өтті, себебі сұраныс бар жерде сатушы да болады. Осыған байланысты наша­қорлық мәселесін барлық мүдделі мем­лекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құрал­дарын, әлеуметтік желілер мен отбасы институттарын тарта отырып, кешенді түрде шешу керек. Нәтижесінде қоғамда есірткіге «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру қажет.

«Ең алдымен, оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейту керек. Бізге нақты әлеуметтік нәтиже қажет», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, нашақорларды емдеу, оларды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу әдісте­мелерін жетілдіру қажет. Бұл орайда үздік халықаралық тәжірибелерді ескеру маңызды.

«Нашақорлықтан айыққан адамдар­ға қоғамның дұрыс көзқарасын қалып­тастырған жөн. Бұл жерде емдеуге ынталандыру ғана емес, ондай адамдарды одан әрі әлеуметтендіру қажет. Сондықтан Денсаулық сақтау, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрліктері осы бағыттағы күш-жігерін біріктіріп, тиісті шараларды ұсынуы керек», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру қажеттілігіне назар аударды, бұл есірткі қылмыстарын тергеудің сапасы мен жеделдігіне тікелей әсер етеді.

«Ішкі істер министрлігі Кешенді жоспардың жобасын келісу рәсімдерін аяқтауды жеделдетіп, оны іске асыруға кірісуі қажет», деді Әлихан Смайылов.