Музей қызметкерінің айтуынша, бұл орындық мұражай ашылған жылдары әкелінген. Нақты кім тапсырғаны белгісіз. Кейін қайта жаңғыртудан өткен. Қазір музейдегі бағалы жәдігердің бірі.
Сәкеннің ақындығы мен қайраткерлігінен бөлек, сәнді киініп, сұлу-сыпа жүргенін жақсы білеміз. Бұған дәлел ретінде атақты жазушы Сәбит Мұқановтың Сәкен Сейфуллин туралы естелігінен бір үзінді келтіре кетейік: «Мені екі нәрсе қайран қалдырды: бірі – бұл адамның көңілі, екіншісі – кескін-кейпі. Әуелі киімі туралы: басында дөңгелек құндыз бөрік, үстінде құндыз жағалы пальто, аяғында саптама қазақы етік. Бұлар менің ол кездегі ұғымымда, тек буржуйларға ғана тән киім! Бойы ортадан биіктеу, денесі тік, жауырыны кең бұл адамның кескін жобасы қазақ: бірақ әдеттегі қазақтың бірі емес, аса сұлу қазақ; маңдайы кең, мұрны сұлулана біткен дөңес, имек қасы, қалың ұзын кірпіктерінде қырау тұрған сұлу қара көздері үлкен, қайырған қою ұзын мұртына аппақ боп қалың қырау тұрған, өзі дәл солай ма, әлде аяз сүюден бе – сұлу бетінде құлпыра қан ойнайды!»