Тарих • 15 Наурыз, 2023

Есімі елге мәлім Есек батыр

1790 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақ тарихының алтын қорында таңғажайып талай қазына жатыр. Оны түбінен қопарып, тамырына үңіліп, зерттеп, екшеп, жамағаттың назарына ұсыну маңызды. Сондай асыл қазынамыздың бірі – әлі де құпиясы ашыла қоймаған, ел мүддесі үшін ерен еңбек еткен, аты аңызға айналған баһадүр Есек мерген Есенқұлұлының тарихы.

Есімі елге мәлім Есек батыр

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған Есек батыр Есенқұлұлы – тарихта болған адам. Арғы атасы қосай тайпасынан тарайтын бабамыздың ерлік істері туралы тарихи деректер баршылық.

Тарихта «Ақтабан шұбырынды –Алқакөл сұлама» деген (1723-1725 жж.) атпен қалған қасіретті жылдарда Есек мерген жауға қарсы асқан ерлік көрсеткен ержүрек батырлардың бірі. «Есенқұлдың ұлы Есек батыр бастап, Сауран айналды» деген сөз осы тарихқа негізделген.

Зерттеушілердің пікірінше, баһадүр Есек мерген туралы алғаш рет өз еңбегінде әңгіме қозғап, мақала жазған қазақтың көрнекті жазушысы Әнес Сарай. Ол өзінің «Құнанорыс тайпасы» атты мақаласында «Бұл кезде адайлар Қазақ хандығының қарамағына кіріп, Түркістан төңірегінде отырған-ды. 1694 жылдың шілде айларында Түркістандағы Тәуке хан ордасында болып, өз жазбаларын қалдырған Федор Скибин Есек мергеннің 300 жасағымен Түркістан шаһарынан шығып, орыс шекарасына жорыққа аттанғанын атап көрсеткен». («Маңғыстау газеті», 16.10.2008 жыл). («История Казахстана в русских источниках» 16-17 вв. Алматы, 1-том, 418 стр.). Бұл мақалада оның жол көрсетушісі Тобыл губерниясының Вагай ауылының Чекек деген адамы екені айтылады. Шамасы ол орыс шекарасына жорыққа аттанған. «Әлгі жоғарыда атаған Есек мерген мен барда Түркістанға қайта оралған жоқ, қайда кеткендерін мен білмеймін» деп жазады елші Скибин. Осы мазмұндас деректерден зерттеушілер мынадай тұжырым жасайды: «Қосай ұрпағы Есек мергеннің Қазақ хандығына қайтып оралуы  – Тәуке ханның астыртын тапсырмаларын орындайтын қолбасыларының бірі болғандығы».

Аласапыранды сол кезеңде тек адай тайпасы емес, бүкіл Кіші жүз елі Сауран айналған. «Соңғы айналым» деп аталып жүрген 1750 жылы Есек Есенқұлұлы батырдың атының алысқа шырқап, ерлігі айтыла бастаған уақыт.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1723 жылы 12 желтоқсанда Аюке хан ордасына Ресей шекара өкіметі орындары хабар жеткізеді. Онда қазақ, қарақалпақтың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. (В.А.Моисеев, «Джунгарское ханство и казахи» 17-18 вв. А, 1991, 84-85 стр). «Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр, Барақ, Есім сұлтан бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Егер аңызға сенсек, онда Кіші жүздің батырларының ішінде Есек, Есен, Қозыбақ, Табынай, Сабытай, Атақозы, Шотан болды» (Ізбасар Шыртанұлы, «Текті тұлғаның тұнбасы», 32-33 бет).

Ә.Хасенов өзінің «Үш ғасыр иінінде» атты еңбегінде «Бізге жеткендердің аты­жөнін анықтап, оған құрмет көрсетіп, есте қалдыру – бүгінгі ұрпақтың парызы» дей келе, адай елінен Шотан, Назар, Есенғұл, Есек, Сабытайдың есімін атап өтеді. Бұған біздің қосарымыз Атағозы, Бердібек, Бегей, Табынай, Қармыс, Қонай, Шабай, Өмір, Темір, т.б. батырлардың арасы жақын, көбі бірін­-бірі көрген ерлер. Олардың бірқатары елі мен жерінің тағдыры үшін бірге соғысқан болуы да мүмкін. Бұл да зерттей түсуді керек ететін мәселе.

«Маңғыстау тарихында сол кісінің дәуірі еді» делініп, екі кісінің есімі аталады, бірі – осы Есек мерген. Ал ұсынылып отырған құжатта біздің Есек батырымыздың ұлттық дәрежедегі тұлға екендігі жайлы теңдессіз дерек келтірілген». Осыдан кейін мұрағатты киелі емес деп қалай айта аламыз?». (Алқажан Еділханұлы, «Маңғыстау» газеті, 16.06.2016 жыл, №103-104).

Есек батырмен замандас, тіпті жауынгерлік жорықтарда тізе қосып, бірге жүрген деп аталатын Атағозы батырдың ерлік ісі бүкіл Кіші жүзге, тіпті исі қазаққа белгілі. Қазақтың айтулы ақыны Мұрат Мөңкеұлы Жылқышы ақынмен айтысында:

«Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір,

Бірінен бірі өткен ақсұңқардай», десе, әйгілі Аралбай ақын:

«Артық кімдер бар еді,

Ертеде өткен Есектен.

Қасиетін көрсеткен

Атағозы мергеннен,

Ақсүңгісін өңгерген,

Аламанға жел берген,

Азын көпке теңгерген.

Адырнасы ақырған.

Қол оғы нардай бақырған», деп жырлайды.

«XVII ғасырдың аяғында, XVIII ғасырдың басында адайлардың бері дегенде Сырдария бойынан, Арал теңізінің терістік жағынан әлі аспаған шағында нақ осы Есенқұлдың Есегі барлау жасап, Борсық құмдарын, Маныссай-Шағырой, Ақтөбе жақтағы Айрық-Мұғалжар, Шерқала сияқты жерлерді басып өтіп, Жемнің бойына дейін жетіп, одан әрі Үстіртке шейін барып, ернектерін жағалай отырып, Маңғыстауға түспесе де, көзімен көріп қайтқан адам болса керек». (Серікбол Қондыбай, «Маңғыстаунама» кітабы, 222-бет).

«Есенқұлдың Есегі,

Ерліктен бар ма еді есебі?

Жезтырнақ пен Таутайлақ,

Екеуін қоса өлтірген,

Ер Есек емес пе еді кешегі?», деп жыршыларымыз дәріптеген Есенқұлұлы Есек батыр Қосай ата ұрпақтарының ішіндегі бірегейі, батыры, баһадүрі десек, артық айтпағанымыз. Қарттардан жеткен әңгімелерге қарағанда «Есек әкесі Есенқұлға, ағасы зМәмбетқұлға тартқан. Жау десе, жанын сала ұмтылған нағыз ердің өзі ғой» деп баға берген. Есек батыр – өз заманында қазақ елі қалмақтардан үркіп, Сыр бойынан ауғанда елін бастап қайтқан төрт арыстың бірі.

«Алтай мен Тарбағатайды, Ертіс пен Баянауылды жаудан босатып алуға Бөгенбай мен Қабанбай, Олжабай мен Жасыбай не істесе, Жетісу мен Алатауды, қайтарып алуда Наурызбай мен Райымбек, бір жағы Маңғыстау, бір жағы Еділ мен Тобыл аралығындағы ұлан-ғайыр өлкені қайта иеленуде Жәнібек пен Бөкенбай, Есет пен Арал, Есек пен Әжібай соны істеді. Сол жылдардағы күрестердің арасында ғана қазақ елі Атыраудан Алтайға, Тобылдыдан Қордайға дейін созылатын қазіргі мемлекеттік территориясына ие болып отыр. Оны ұмыту – бәрін ұмыту. Оны сыйламау – ештеңені сыйламау». (Әбіш Кекілбаев, «Әйтеке би», «Егемен Қазақстан»).

«...Бұның қоныс еткен жер,

Атыраудың сағасын,

Жәнібек хан салған екен қаласын.

Кіші жүздің баласы,

Мекенсіз болып пырағы,

Сонда адайдың баласы.

Жетпіс үй екен шамасы,

Қонысына өкпелеп,

Қырға қарай салады.

«Егізім адай көшпе», – деп

Ала сақал алаша,

Бай ұлының баласы,

Сонда артынан қуып барады.

Тыңдамады айтқанды,

Оқ-дәрісін текшелеп,

«Бір шығармын шетінен», – деп,

Есболай, Шотан, ер Есек,

Қырға қарай салады.

Маңғыстауда үш түбек –

Бұл Ноғайлардың жері екен.

Қонып алып адайлар,

Құдықтың көзін ашады.

Манағы келген жетпіс үй,

Төрт мың үй болып жасады.

Төрт төрткүлдің басында,

Мекен етіп ел қалады,

Алпыс жыл қадам басады.»

Қазақтың әйгілі жырауы Сүгір Бегендікұлының бұл шығармасынан бүгінгі әңгімеміздің арқауы Есек батырға қатысты бір парағын көргендей болдық.

«Шығысқа қарай жөңкілген қалмақтар Жем мен Іле арасындағы қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылды, кері көшкен 30909 үйдің Жоңғарияға аман жеткені шамалы. Жоңғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 қаңтарда Жайық өзенінен өтіп, Жем бойында Кіші жүз қазақтарының шапқыншылығына ұшырайды. Оған Еділ, Жем бойы қалмақтарының ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болады». (Әбіш Кекілбаев, «Ұйқыдағы арудың оянуы», Алматы, 1979 жыл).

Қазақ тарихын көз майын тауысып зерттеп, небір тамаша шығармаларды жазып кеткен Әбіш Кекілбаевтың бұл келтірген мәліметтері құнды дүние. Олай болса, Есек батырдың туған жерін жоңғарлардан азат етуде табан тіреп шайқасқаны ақиқат.

«Есекжал жері Есек батырдың қарауыл қарап тұрған төбе екен» деседі тарих көздері. Ол Құлсары кентінен шығысқа қарай 40-60 шақырым жерде. Соған қарағанда Есекжал деген шағын төбе не жал сол маңайда болуға тиіс. Тайлан хан өлген жер. Тайлан атты мола Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Дияр ауылынан батыста 35-40 шақырым, Құлсарыдан шығыс-оңтүстік-шығыста 125-130 шақырым шамасында. Тайлан мен Сарықасқаның арасы шамамен 40-50 шақырымдай болса, Есекжал соры мен Тайланның арасы 60 шақырым жер. Міне, осы үш жер атауы орналасқан өңір, яғни Есек батырдың аңыздық-топонимиялық ареалының жалпы аумағы 40-60 шақырым кеңістікті алып жатыр.

Маңғыстау тарихы – бір дастан. Соның бірі бұл қонысқа жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен бізден бұрын ноғай да, шүршіт те, қалмақ пен түрікмен де жайлаған деседі. Алпыс үй адай жайлы қоныс, малына шүйгін өріс іздеп, Арқадан ауа көшіп, Жем өзеніне тақап келген шақта өзеннің күнбатыс беті қарақұрым қалмақ екен. Арып-ашып, шаршап-шалдығып, көп көшіп, көлік жалдап келген ел байырқалап, бой жазып демалайық деп өзеннің күншығыс бетіне аялдапты. «Көршілес, қоңсылас болайық», деп қалмаққа хабар салса, «Аман-есеніңде келген ізіңмен кері қайт», деп жауап қатыпты қалмақ. Қалмақтан қауіптенген Есенқұлұлы Есек батыр бір биікке шығып, қарауыл қарайды екен. Бір күні атын тұсап, өзі қисая жатса, көзі ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағанын кім білсін, ояна келсе, аты жоқ. Ізге түсіп келе жатса, Сарқасқа айғыр бір бұлақтан су ішіп, жусап тұр екен. Сол сапарда Есек батыр қалмақтың Домбауыл деген батырымен шайқасып, оны мерт қылыпты.

Адайдың азулы биі Мәтжан би: «Елде елеусіз өткен екі ер болды», деп айтып кетіпті: Сол екеудің біреуі таутайлақпен алысып, жезтырнақпен жұлысып, мейманасы тасып, ата қонысымызда алшаңдай басқан қалмақтың ханы Тайлан батырды жекпе-жекке шақырып, желкесін қиған Қосай батырдың ұрпағы – осы Есек мерген. Тағы бір тарихи деректерге сүйенсек, Есек батырдың өмір тарихында мынадай жолдар бар: «Қосай-Байбол-Есенқұлұлы Есек мерген би, баһадүр бабамыз 1640-1735 жылдар арасында өмір сүрген».

«1735 жылы 95 жасында қазақтың жері Шу мен Талас маңдарын жоңғар басқыншылығынан қорғауда асқан ерлік көрсеткен Есек батыр ауыр жарала­нып, ақырғы аманат сөзін інісі Қоңыр биге айтыпты. Батырдың аманатын орын­даған інісі баһадүрдің қаны тамған жер­ге тобылғы, қамыс, томардан 9 тұр­пат жасатып, оны 9 түйеге артып, 9 жақ­қа жіберген. «Ағасының сүйегін 16 тәу­лік жүріп, Оғыланды қорымына таяу жат­қан Үш шоңқал жеріне 1735 жылы жерлепті», деседі көнеден жеткен әңгімеде.

«Сүйінші! Руы Қосай Байболұлы Есек атаның жатқан жері табылды. Ата ұрпақтары ұзақ жыл бойы іздеп, зерттеп, осы жылдың жазында Оғыландыдан 33 шақырым жердегі Үш шоңқал деген жерден тауып, басына құлпытас-белгі қойылды» деп дүйім жұртқа жар салған «Қазақстан – Маңғыстау» телеар­насынан 2022 жылдың шілде айында тараған ақпарат көпшіліктің көңілін елең еткізген. Тарихтың тереңінен сыр тартқан батыр бабамыздың өмір тарихы сол күнгі ақпаратта былай өріліп еді: «Есек мерген Кіші жүз тайпаларының Жетісудан Түркістанға, Сауран маңынан батысқа, Маңғыстауға көшін бастап келген батыр. Әбілқайыр ханның кеңесшісі, қолбасшысы болған тұлға».

Сондай-ақ осы мазмұндас ақпарат Маң­ғыстау облыстық «Маңғыстау» газе­тінде 2021 жылғы 29 қараша күнгі санында жарияланды. (Оразбай Қосай, «Есек мергеннің бейіті табылды», «Маңғыстау» газеті, №115. 29.11.2022 жыл).

Есек мергеннің бейіті табылғаны туралы «Қазақстан –Ақтау» телеарнасына берген сұхбатында Кемал Мейірұлы: «Атаның жатқан жеріне барып көріп, бейіттің алдын да, артын да қарадық. Алдында екі тастың астында жазған жазу және артында аяқ жағында бір тастың астында жазған жазуды таптық. Екеуінде де арап әрпімен Есек деп жазу жазылған. Бұрын естігенімде шағатай әрпімен жазылған деп естіп едім, ол бекер сөз екен. Ешқандай қателігі жоқ. Оның атамыз екені рас», дейді.

Ал атақты ақын Светқали Нұржан: «Халық Маңғыстауда Үш шоңқалда Есек мерген жерленген деп айтып жатыр. Мен бұған бірден сол еді деп айта алмаймын. Есек мергеннің Маңғыстауда жатуы әбден мүмкін. Ол кісінің туған құдасы Жаңайұлы Қожаназар, оның серіктері Шотан мен Қонай да, Сисем ата да пантеонда жатыр. Сол маңайда Есек атаның бейіті табылып жатыр десе, мен оны жоққа шығара алмаймын. Ол кісінің Маңғыстауда жерленуі заңды және әбден мүмкін», депті бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Өз дәуірінің дүлдүл ақыны, бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған Сәттіғұл:

«Әріде өтті ер Есек,

Таутайлақты мұны атқан.

Жезтырнақты құлатқан», деген сөздері халықтың жадынан шыға қойған жоқ.

Есек батыр Есенқұлұлының есімі қа­зақтар Сауран айналғанда адайлар­ды Маңғыстауға бастап келуші батыр­лардың бірегейі ретінде аталады. 1928 жылы Санкт-Петербургте Адай уезінің аумағындағы өсімдік-бота­никалық жұмыстары туралы кітап басылып шыққан. Бұл кітапқа енгі­зіл­ген жұмыстардың дені КСРО Ғылым ака­демиясының 1926 жылы жүргізген зерттеуші тобының есебі. Сол естептердің бірінде Маңғыстауға қазақтардың ал­ғаш келіп қоныстануы баяндалады. «Бұдан, яғни 175 жыл бұрын мерген Есен Есенқұлов бастаған Байұлы балалары батыс Түркістанның Сауран деген жерінен шығып, батысқа қоныс іздеуге аттанған». (М.Ищенко, «Особенности сельского хозяйства Адаевского уезда» (М.–JL, 1928. 1006), «Материалы экспедиции Института истории, археологии и этнографии АН Каз ССР в 1957 г. на Мангышлаке»).

Тағы да зерттеушілердің сөзіне жүгін­сек, Есен деп отырғаны шындығында Есек мерген Есенқұлұлы екені дау ту­ғызбайды. Себебі шежіре білетін қарттар «Есек мергеннің азан шақырып қойған аты Есенбет» екен деп те әңгімелейтін.

Орыс саяхатшыларының кітаптарын­дағы деректерде атақты батыр Тама Есет батыр Көкіұлы қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан қорғаған адам (1667-1749 жж.). Батырды орыстар Есет Ай­рахтинский деп атағанын Әбіш аға­мыз айтып кетіпті. Сол сияқты Бейнеу ауда­нының Тоқсанбай бағытына жүрген жердің атауы Тама Есет батырдың тұм­сығы деп аталады. Осы дерекпен салыс­тырып айтсақ, «Есекжал деген төбенің де бір кездері Есек батырдың жүріп өткен жолдары» деген ескіден қалған әңгіменің бір шеті тарихтың шындығымен ұштасып жатуы әбден мүмкін.

«Ел Саураннан қозғалып, қоныс із­деушілер біршама уақыт Арал теңізінің шығысында болған. Кейінірек Аралдың терістік-батыс жағалауымен ілгерілеп, барлау жүргізген. Адай елінде айтылатын аңыздарда олар өздерін «Зәңгінің Алатауынан келгенбіз» дейді екен. Сөйтіп, Маңғыстау топырағына аяғын алғаш басып, барлау жүргізген осы мерген Есек Есенқұлұлы бастаған қоныс іздеушілер болған». («Адай шежіресінің» 1-кітабы).

Тарихи мәліметтерді сөйлетсек, Кіші жүз қазақтары Тәуке хан тұсында мем­лекеттік деңгейдегі міндеттерді атқар­ған. Әскери басшылықтың да тізгінін ұстапты. Тағы бір құнды дерек – біздің елдің сол тұста Сарыарқада жүруі. Орыс патшасының елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин Тәуке ханға жеткенше көп қорлық көріпті. Жергілікті қазақтар бұларды бірнеше жерден шауып, қуып, адамдарын өлтіреді. «Сол қазақтар шиті мылтықтарымызды, қылыштарымызды да түгелдей тартып алды, аттарына мін­гес­тіріп, өз ұлыстары табын, алшынға алып келді» дейді.

Есек батырдың ғұмыры, өмір сүр­ген жылдары, елі үшін жанқиярлық айқастарда көрсеткен ерлік істері туралы тарихи деректердің әлі де табылуы мүмкін. Сондықтан осы бір игілікті мұратты шаруаға арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалып, архивтің түп-төркіні жатқан Санкт-Петербург, Орын­бор, Тобыл, Омбы қалаларының қор­ларын ақтарған жөн. «Сөйтіп, батыр атамыздың тарихи тұлғасын сомдап, оны тәуел­сіз еліміздің мінберінен сөйлету бүгінгі тарихшылардың үлесінде.

Тарихи жырларда «Талауға тағы көне алмай, мал-жанын қиып, бере алмай» деген жыр жолдары осы кездің бір көрінісі болса керек. «Атырау жайлап, Жем көшіп жүрген адайларға жер және су мәселелері өте маңызды болды» деген­ дерек айтылады. Адай тайпасының бір жолғы жер бөлісуі «Есекжал деген жерде­ түрікмен адай тайпасының Байбол тармағынан шыққан білікті, беделді азамат Есек Есенқұлұлының басшылығымен жүзеге асқан» деген әңгіме де ескі дәуірдің бір естелігі.

Маңғыстауға адайдың 60 үйін бас­тап, қоныс іздеп келген Есек батыр малына жайлы қоныс, шұрайлы өріс іздейді. Үстірт үстіндегі бір суы мол құдыққа келіп қоныстанады. Қоныс жайлы болғанымен, малға су тапшы. Дана батыр көп ойланбастан сол жерден төрт құдық қаздырады. «Сол жер Бесшымырау аталған екен» дейді көнекөз қариялар. Бұл құтты қоныс Бейнеуден 105 шақырым, Ақжігіт елді мекенінен 40 шақырым жер. Құдықтар әлі де халық қызметіне жарап отыр. Осы маңында ескі бейіттер де бар.

Бүгінде Есек батырдың рухына ба­ғыш­талып, жасалып жатқан игі ша­ра­лардың саны көптеп саналады. 2007 жылдың 22-23 шілдесінде Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Шибұлақ елді мекенінде, яғни әйгілі Көкмешіт орналасқан жерде мерген, батыр, би Есек батырға ас берілді. Асқа Түрікменстаннан, Қарақалпақстаннан, Қазақстанның Ақтө­бе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Оң­түс­тік Қазақстан облыстарынан ата ұрпақтары келді.

Баһадүр Есек мерген атамыздың атын дәріптеп, насихаттау мақсатында Сарға ауылының ардагерлерінің ұсынысы негізінде баһадүрдің атына көше беріл­ді. Елін сүйген батырға елі құрмет көрсе­тіп, көшеге ескерткіш тақта орнат­ты. «Есек мерген Есенқұлұлы Қазақ елінің тәуел­сіздігі үшін күрес тарихында айырықша орны бар батыр. XVІI ғасырда осы өңір­ді қалмақтардан азат етіп, Кіші жүз қазақтарын түбегейлі орнықтырған ірі тұлға, Қо­сай Есенқұлұлы Есек мерген батыр шамамен 1662-1758 жылдары өмір сүр­ген. Ескерткіш тақта орнатқан Салық­бай Дүйсеновтер әулеті» деп жа­зылған жазу өткен дәуірдегі ұлы көшті бастаған батырдың даңқына көрсетілген құрмет.

1697 жылдары ұлы, кіші бес шымырау Есенқұлдың бес бөрісі аталған Есек, Еміл, Өрезек, Нұрбай, Қоңыр ұрпақтары қаздырған құдықтардың қызығын халық әлі де көріп отыр.

Есек баһадүр сынды тұлғаның есімі та­рих бетінде жазылып, қатталып қалға­ны елге, ұрпаққа қажет. Тек осы игі­ліктің үміт-шырағын өшіріп алмай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білсек, біздің еңбе­гіміздің еш кетпегені.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

профессор, тарих ғылымдарының докторы