Адам өз мамандығын жаны қалап, қалтқысыз берілгенде ғана бір көркем дүние шығады. Кейде сондай кісілерді көргенде, жалпақ жұртқа «Міне, адамдықтың эталоны мынадай!» деп көрсеткің келеді. Қайрат Оғисаұлымен сөйлескенде де осы ой шақша басқа сан келіп, сан кеткені рас-ты.
Дәуірінде атағы аспандап тұрған Қарағанды медицина институтына арман жетектеп әкелген жас жігіттің жолына Жаратқан жар болып, қос қолына қуат берген екен. Қырық жыл бойы дәрігерлік антына адалдық танытты. Әлі де танытып келеді.
Негізі, хирург дипломын алғаннан бергі өмірі жайлы, өзі жайлы айтуға Қайрат Оғисаұлы сараң. Айтары жоқтықтан емес, әрине. Тек аса мақтан мен мадаққа әуес еместіктен. «Мен тек өз міндетімді орындадым», дейді ақырын жымиып.
«Ауылдық жерде дәрігердің тапшылығын көріп өстім. Әкем ауырып, ауруханаға апарғанда көңілімнің түкпірінде адамзаттың жаны мен тәнін емдейтін дәрігер боламын деген арман пайда болды. Бірақ мектеп бітірген соң ауылда еңбек етіп, одан кейін әскер қатарында азаматтық борышымды өткердім. Содан соң барып Қарағанды медицина институтына баруға бел будым. Құдай сәтін салып, жолым болды. Ол кезде Қарағанды медицинасының атағы қандай еді! Даңқты Петр Поспеловтен, Сергей Лохвицкийден және өзге де Қарағанды медицинасының бастауында тұрған ғажап ғалымдардан білім алдық», дейді ол.
Білікті дәрігер атануына осы ұстаздарының еңбегі зор екенін айтады. Олардың сол уақытта студентке ынтасымен барын үйреткенін, білмейтінін түсіндіруге ұмтылыстарын ерекше ықыласпен әңгімелейді. Оқытудың сол уақыттағы әдіс-тәсілі қазіргі ақпараттық технология заманындағы амал-шарғылардан әлдеқайда тиімді әрі өтімді екенін де жасырмайды.
«Бізді науқастармен кездестіріп, олардың дертін көзбен көріп, сезінуге үйрететін. Мысалы, сырқат жүрегінің соғысын біз пластинкамен тыңдайтын едік. Содан соң ауруханаға барып, дәл сондай жүрек ауруы бар емделушінің жүрегін тыңдап, баға беретін едік. Осындай тірі тәсілдер ғана нағыз білікті дәрігерді шығарады», дейді ол.
Кей адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанда талқаны таусылмауына Жаратушы ақжелеңді абзал жандарды себепші қылатындай. Ондай сәттер Қ.Түгелбаевтың басынан сан мәрте өтті. Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында еңбек еткенде жалғыз хирург ретінде түрлі операция жасауға тура келген сәттері көп. Жол үстінде апатқа түскендердің ауыр халден оңалып, от басы – ошақ қасына оралуына талай рет себепкер болғанына мерейленеді.
Қайрат Оғисаұлы: «Оқыс оқиғаларға тап болғандарға операция жасау – өте күрделі іс. Күні бұрын жоспарланған, жан-жақты дайындалған шаруа емес. Ондайда санада жалғыз ой жаңғырып тұрады. «Қайтсем аман алып қаламын?» дегенді ойлайсың. Мен анау ағзаға жасамаймын, мына органды білмеймін дейтін емес. Хирург атанған 40 жылда жасамаған операциям жоқ екен», дейді.
Біраз жыл бұрын көлік апатынан бір аяғы жұлынып қалған, көп қан жоғалтқан адамға аудан орталығында операция жасап, аман алып қалғаны бар. Мұны көрген атақты хирургтер таң-тамаша қалысқан. Себебі мұндай ауыр халдегі науқастың тірі қалуы екіталай жағдай. Қайрат Оғисаұлы ол отаны сәтті өткерген.
Енді бірде көлік қақтығысына тап болып, бауыры езілген, қан жоғалтып, өлім мен өмір арасында жатқан адамды ауруханаға жеткізген. Сол арада басқа жақтан қан әкелгенше науқастың қанын жинап, өзіне қайта құйып, аман сақтап қалу да ерлікпен пара-пар емес пе? «Егер қан жеткізілуін күтсек, ол адамнан айырылып қалар едік», дейді Қайрат Оғисаұлы.
Хирургтің осындай ерен еңбегін көзбен көріп, көңілдеріне жиған шәкірттері аз емес. Емделуге келіп, кейіннен елгезек дәрігермен жора-жолдас болып кеткендер де көп.
«Кейде қонақта, той-томалақта бұрын ем алған адамдар ұшырасып, «Есіңізде ме, маған операция жасадыңыз ғой», деп алғыс айтатыны бар. Халықтың сондай шынайы ықылас, пейілін көргенде мерейіміз тасып қалады. Көптің алғысын алу – үлкен бақыт қой», дейді Қайрат Оғисаұлының қосағы Заря Сарқытбаева.
Қайрат Оғисаұлының енесі 93 жастағы Айтбану әже де: «Осы жасқа жеткенім, бірінші Алла, екінші осы Қайратжанымның арқасы», дейді.
«Баламның қолы жеңіл. Бүгін ота жасаған адамдар ертеңінде тұрып, жүріп кетеді. Өзім ауруханада жатқанда талай адамның Қайратты іздеп келіп, операцияны осы дәрігер жасасын деп есігінің алдында отырып алғанын көзіммен көрдім. Мұның бәрі қандай дәрігер екенінің көрсеткіші емей немене!» дейді қария.
Қайрат Оғисаұлының екі перзенті де өзінің жолын қуған. Ұлы Ислам – эпидемиолог. Қызы Толғанай – офтальмолог. Келіні де болашақ дәрігер. Әулеттері дәрігерлер династиясына ұласып келеді.
Ақжелеңді абзал жан зейнетке Қарағанды облыстық медицина орталығынан шыққанымен, әлі күнге дейін әріптестері білікті дәрігерден қол үзгілері жоқ. Тәжірибелі маман қазір де операция жасап, елге қызмет етіп жүр.