Өнім • 17 Наурыз, 2023

Цифрлық таңбалау талабы

190 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы жылдың 1 сәуірінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне тіркелмеген аяқкиімді сатуға рұқсат етілген кезең аяқталады. Кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуірінен 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған еді. Енді аяқкиіммен айналысатын кәсіпкерлер үшін не өзгереді? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Цифрлық таңбалау талабы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

2021 жылдың 1 қарашасында Үкімет қау­лысымен аяқкиім өнімдерін мін­де­т­ті түрде таңбалау және қадағалау енгі­зіл­ді. Бұл – елге әкелінетін әрбір өнім тура­лы­ ақпаратты тіркейтін және бірегей деректердің матрицалық коды арқылы қа­да­ға­лайтын жүйе. Яғни өндірушіден/им­порт­таушыдан соңғы тұтынушыға дейінгі өнімнің бүкіл жолын көрсетеді. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету. Шын мәнінде, бұл Track & Trace жүйесінің бір түрі. Ол дүние жүзінің прогрессивті аймақтарында тауар бағытын цифрландыру стандарты ретінде пайдаланылады. Оның негізгі әсері – көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

Қазақстанда таңбалау және қадағалау жү­йесі үш өнім тобына қолданылады: т­е­ме­кі (таңбалау коды 2022 жылғы ­­­­1 қаң­­­тар­дан бастап акциздік таңбаның фун­­к­­­­­­­­­циясын ауыстырды), аяқкиім (2021 жыл­­ғы 1 қарашадан бастап) және дә­рі­­­лік­ заттар (2022 жылғы 1 шілдеден бас­­тап кезең-кезеңімен таңбалауды жә­не­­­ қадағалауды енгізу). Міндетті таң­ба­­лауға жататын тауар топтары мына­дай екі негізгі критерий бойынша таңдалады: бірінші – көлеңкелі экономи­ка­­ деңгейінің жоғарылығы, екінші – ха­лық­­тың денсаулығына төнген қауіптің жо­­ғарылығы. Осы тұрғыдан алғанда те­ме­­кі­ өнімдері мен дәрі-дәрмек айналымын­ цифрландыру қажеттілігі баршаға түсінікті. Ал таңбалауға міндетті етіп «аяқкиім» өнім тобы неліктен таңдалды? Осыны түсінбей жатқандар көп. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда аяқкиімнің көлеңкелі айналымының үлесі 48 пайызды құрайды. Яғни әрбір екінші жұп аяқкиім елге заңсыз әкелінеді. Олардың үлкен ағыны Қытайдан келеді. Кедендік статистика да осыны дәлелдеп отыр. 2021 жылы Қытай кеден қызметі таратқан мәліметте Қазақстанға экспорт біздегі деректерден 2 еседен астам сомаға жоғары болып шықты, бұл – шамамен 780 млн доллар. Аталған сандар аяқкиім өнімдерінің айналымындағы көлеңкелі экономиканың көлемін нақты түрде көрсетіп, олардың қадағалануын енгізуге себеп болды.

Кез келген өнім тобының міндетті таңбалануы мен қадағалануы енгізілгенге дейін сынақ кезеңі өткізіледі. Жүйеде жұмыс істеу міндетті заңнамалық нор­ма­ға айналғанда, бұл жүйені түсіну, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді бағалау, бизнес-үдерістерді бейімдеу және жұ­мыс кезінде іске қосуға дайындалу мақ­сатында кәсіпкерлер өз еркімен қа­нат­қақты жобаға қатысады. Сонымен 2019 жылдың 30 маусымы мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында елімізде аяқкиімді таңбалау бойын­ша қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Оған аяқкиім саласынан 19 қатысушы – 5 өндіруші-дистрибьютор, 13 импортер-дистрибьютор және 1 уәкілетті экономикалық оператор, яғни көтерме және бөлшек сауда компаниялары қатыс­ты. Жоба барысында техникалық ас­пек­­­тілер пысықталды: физикалық таң­ба­лау, кодтарды құрастыру және беру, нарық қатысушыларының деректер базасымен жұмысы, сауда нүктелері мен тұтынушылардың таңбаланған аяқкиімді ска­нерлеуі, дерекқордың жұмысын қада­ғалау, тұтынушыларға арналған мобильді қосымшаны әзірлеу, қабылдау әрі тауар­ды беру және айналымнан сатылған бірліктердің кодын шығару.

Қанатқақты жобаның нәтижелері 2021 жылғы 11 мамырдағы қоғам­дық тың­­­дауларда талқыланып, ведомст­во­­­­ара­­лық комиссияның 2021 жылғы ­­7 шіл­­­дедегі шешімімен аяқкиімді таңба­лау­­­­ды енгізуге реттеуші ықпалды тал­­дау­­ нәтижелері бекітілді. Үкіметтің 2021 жыл­­­­ғы 31 тамыздағы қаулысымен аяқкиім­ өнімдері таңбалануға жататын мін­дет­ті тауарлардың тізбесіне енгі­зілген. Осы­лайша, 2021 жылдың 1 қара­ша­сынан бас­тап аяқкиім өнімдерін таңбалау және­ қадағалау ел заңнамасында бе­кі­тілген міндетті талапқа айналды. Алайда шын мәнінде кәсіпкерлер әлі де­ ықылассыздық танытып, жеңілдік сұ­рап­ отыр. Ал қадағалаушы мемлекеттік ор­­гандар бизнестің өтініші бойынша нормативтік-құқықтық актілерге жеңіл­дік­­тердің басым бөлігін қолдап енгізді.

Мысалы, 2022 жылдың 1 сәуірінен 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор қалдықтарды таңбалау жүйесінде тіркелген кәсіпкерлерге тегін таңбалау кодтарын үйлестіріп берді. Сондай-ақ аяқкиімді импорттаушыларға 2023 жылдың 1 қарашасына дейін елдегі өз қоймаларында кедендік ресімдеуден кейін аяқкиімге таңбалауды жүргізуге рұқсат берілді. Бизнестің сұранысы бойын­ша жүйенің функционалдығы бірнеше рет өзгертіліп бейімделді. Сонымен қатар кері байланыс алу және жинау үшін тұрақты негізде оқыту шаралары, жеке консультациялар және кәсіпкерлермен «тікелей» кездесулер өткізілді.

Аяқкиім өнімдерін міндетті түрде таңбалау енгізілген күннен бастап 1,5 жыл ішінде 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, тауар айналымына 2,8 мыңнан аса қатысушы (оның ішінде 115 өндіруші, 774 импорттаушы және 1 602 бөлшек сауда, 341 көтерме сауда өкілдері), өнім каталогында 1 226 725 өнім картасы тіркелген. Осының барлығы бизнестің аяқкиімді таңбалау жобасына қатысуының жоғары динамикасын айғақтайды.

– Біз аяқкиім өнімдерін таңбалауды енгі­зілген сәттен яғни 2021 жылдың қара­ша­сынан бастап тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде жұмыс істейміз. Таңбалау үдерісінің бар­лық кезеңін қарастырдық және бірқалыпты жұ­мыс­ты орнаттық. Осының нәтижесінде 2023 жылдың 1 сәуіріне дайын­быз. Өйткені таңбаланбаған аяқкиімнің барлық қалдығын толығымен таңбалап сатып жатырмыз. Жұмысымыз Ресей Феде­рациясымен өзара танылған код­тардың фун­кциясы арқылы да жетілдірілді. Өйткені уақыт айтарлықтай қысқарды және аяқкиімді әкелу үдерістері жеңіл­де­тілді. Өнімді таңбалау жүйесін оң ба­ға­­­лаймыз әрі аяқкиім нарығындағы бәсе­келестік әділ болады деп үміттенеміз, – деді «Каспий-обувь» ЖШС басшысы Лариса Ситарова.

«Каспий-обувь» ЖШС – «Юничел» сауда белгісімен сатылатын аяқкиім импорттаушысы. Бұл жыл сайын 3 миллион жұп аяқкиім шығаратын ең ірі ресейлік аяқкиім холдингі. Ресейде шығарылатын барлық былғары аяқкиімнің шамамен 10 пайызы осы компанияға тиесілі. Хол­динг Челябі, Златоуст және Орын­бор­ қалаларындағы 3 аяқкиім фабрика­сын және Ресей мен Қазақстанның 250 қаласындағы 600-ден аса дүкенді біріктіреді. Оларда 5 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді.

Бизнес үшін басты жеңілдіктердің бірі 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін таңба­лан­баған аяқкиім қалдықтарын (міндетті аяқкиім таңбалау басталғанға дейін, яғни 2021 жылдың 1 қарашасына дейін әкелінген) сатуға рұқсат беру болды. Бас­тапқыда бұл мерзім 2022 жыл­дың ­­1 сә­­уі­ріне белгіленді, бірақ кәсіп­кер­лердің жаңа ережелерге бейімделуіне көбірек уа­қыт беру туралы өтініші бойын­ша бұл­ мерзім бір жылға ұзар­тылды. Енді осы жылдың 1 сәуірінен бас­тап тауарды таңбалау және қадағалау ере­жесіне сәйкес кәсіпорынның таң­ба­ланбаған аяқкиім қалдықтарын са­ту­­ға құқығы жоқ. Таңбалау және қадағалаудың қалған ережелері өзгерген жоқ.

Айта кету керек, ел заңнамасында аяқкиім өнімдерін таңбалау және қада­ғалау ережелерін бұзғаны үшін айып­пұл­дар қарастырылмаған. Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте таңбаланбаған өнімдер үшін айып­пұлдар қарастырылған. Бірақ олар тек темекі өнімдеріне қатысты. Өйт­кені бұрын таңбалау коды акциздік таң­баның функциясын ауыстырды және оның жоқтығына қатысты айыппұлдар бұрынғысынша қалды.

Цифрлық таңбалауды және қадаға­лау­ды енгізу нәтижесінде ресми аяқкиім импорты 13 миллион жұпқа (30 пайызға) өсті (37,2 миллион жұптан 53,1 миллион жұпқа дейін). 2018-2020 жылдары таңбалау енгізілгенге дейін аяқкиім импорты 35-39 миллион жұпты құ­рады. Сонымен қатар тауарларды таң­балау және қадағалау жүйесінде тір­кел­­ген аяқкиім кәсіпкерлерінен түсе­тін салық түсімдері 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 55 пайызға, ал 2022 жылдың 11 айында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өскен. Елдегі аяқкиім импортының өсу динами­ка­сы және бюджетке түсетін салық түсімдерінің айтарлықтай артуы таңбалау және қадағалау жүйесінің тиімділігін көрсетіп отыр.