Сайлау • 16 Наурыз, 2023

Теледебат: Бос сөзден – батыл іске

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сайлау күні жақындаған сайын кандидаттардың да, халықтың да белсенділігі артты. Үміткерлер үгіт пен үміттің ортасында жүрсе, дауыс берушілер «кімге да­уыс берген жөн?» деген ойдың жетегінде жүр. Саяси дода қызған шақта теледебаттарда сөз таластырған партия өкілдері әр дауыс үшін күресетінін дәлелдеп бақты.

Теледебат: Бос сөзден – батыл іске

Кеше «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде кезекті пікірсайыс ұйым­дас­тырылды. Оған «Amanat» партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демо­кратиялық патриоттық партиясынан Жи­гули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан ха­лық партиясынан Оксана Әубәкірова, Қазақ­­­станның «Байтақ» жасылдар партия­­сы­нан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақ­стан демократиялық партиясынан Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық партиясынан Нұрлан Әуес­баев қатысып, тың ойларын ортаға салды.

Алғашқы кезеңнің алғашқы турында спикерлер партияның мақсатымен таныс­тырды. Алғаш болып сөз алған «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әмір­таев: «Біз айналамызға қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын азаматтарды топтастырдық. Елдегі экологиялық проблемалармен қатар, халықтың табысын арттыру мен әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беріп отырмыз», деді ол.

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров партия басшылары еңбек адамдары екенін, еңбек жолын қарапайым жұмыскер болып бастап, үлкен жетістікке жеткенін, жинақтаған мол тәжірибелерін халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсауға дайын екенін жеткізді.

Қазақстан халық партиясының өкілі Оксана Әубәкірова сенім адамды алға жетелейтін күш екенін айтып, партия өкілдері халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге тырысатынын айтты.

«Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаев «ауылдықтар» жұмыстарын сөзбен емес, іспен дәлелдейтінін, Қазақ­станды қуатты елге айналдыруға күш жұмсайтынын алға тартты.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев уәдені үйіп төкпей, нақты істермен айналысып жатқанын аатап өтті. Осы уақытқа дейін партия өкілдері табандылықпен ұсынып келген бастамалар жүзеге аса бастағанын жеткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Нұрлан Әуесбаев жем­қор­лықпен күресіп, шетелдегі қаражатты елге қайтаруға атсалысып, тұрғындардың тұр­мысын арттыруға күш салатындарын айтты.

«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында барлық салада тың реформаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Алғашқы кезеңнің екінші турында спикерлер бір-біріне сауал жолдап, пікірсайысты қыздыра түсті. Еш­кім тосылып қалған жоқ. Берілген уақытты тиімді пайдаланып, эмоцияға берілмей, жан-жақты жауап беруге тырысты. Сауалдардың дені партиялардың жұмы­сына қатысты қойылды. Атап айтсақ, қорғаныс, кәсіпкерлік, экология сияқты маңызды мәселелер көтеріліп, халық батыл бастамаларды күтіп отыр­ғаны айтылды.

Екінші кезеңнің алғашқы турында спикерлер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныс­тарын ортаға салды. А.Әміртаев жол, жылу, тұрғын үй мәселесін көтеріп, қоршаған ортаны қорғауды назарда ұстау керек екенін айтты. Ж.Дайрабаев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерсе, А.Перуашев салық саласындағы реформаларды жаңғыртуды ұсынды. А.Қожаназаров кәсіпкерлікті дамы­туға көңіл бөлсе, Н.Әуесбаев жемқор­лық­пен күресті күшейту керек екенін айтты. О.Әубәкірова саяси жүйені жаңғыртуды сең қозғалғанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы маңызды еке­нін жеткізді. Е.Қошанов жұмыссыздық мәсе­лесін шешуге, өзге де әлеуметтік мәселені шешуге атсалысатындарына сендірді.

Екінші кезеңнің екінші турында спикерлер тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді. Сайлаушылар көбіне әлеуметтік мәселелерді көтеріп, партия­лар оны шешу үшін қандай нақты жұмыстар атқаратынын сұрады.

Түйін: Осылайша, алдағы саяси науқан аясында Орталық сайлау комиссиясы­ның тапсырысы бойынша үшінші теледе­­бат тартысты өтті деуге негіз бар. Тіке­лей эфирде тосыннан қойылған сұраққа жауап беріп, ойыңды жинақтап сөз сөйлеу оңай емес. Бұл ретте партия өкілдері шама-шарқынша сайлауалды бағдарламаларының басым бағыттарын тілге тиек етіп, сайлаушылардың сенімін ақтауға тырысатындарын дәлелдеп бақты. Ендігі кезек – сайлаушыларда!